Ауылдық округ әкімі Есбол Дүйсебаевпен сұхбат
Қайнарбұлақ ауылдық округі Түркістан облысының даму үстіндегі ірі елді мекендерінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары ауылда инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Жергілікті билік пен тұрғындардың тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде көптеген мәселелер шешіліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бұл сұхбатта біз округ әкімі Есбол Жаназатұлы Дүйсебаевпен ауылдың өткен жылғы жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелесеміз. Оның айтуынша, жүйелі жұмыс пен халықпен тығыз байланыс ауылдың көркеюі мен дамуына үлкен ықпал етуде.
— Есбол Жаназатұлы, әңгімемізді округтің өткен жылғы жалпы ахуалынан бастасақ. 2024 жыл Қайнарбұлақ үшін қандай жыл болды?
— 2024 жыл – біздің округ үшін ерекше маңызға ие жыл болды. Жыл бойы ауыл өмірін жақсарту бағытында көптеген нақты жұмыстар атқарылды. Аудан әкімі Арман Сәбитовтың қатысуымен халықпен екі рет кездесу өтті. Бұл кездесулерде тұрғындар тарапынан 35 нақты мәселе көтерілді. Соның ішінде 21 мәселе толығымен шешімін тапты, 12-сі қазіргі таңда орындалу сатысында, ал 2 мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халық үніне құлақ асу – басты ұстанымымыз. Сондықтан көтерілген әр мәселені назардан тыс қалдырмай, тиісті іс-шаралар жоспарына енгізіп, жүйелі орындауға тырысамыз.
— Ауыл халқы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – инфрақұрылым екені белгілі. Бұл бағытта қандай нақты істер жүзеге асты?
— Иә, дұрыс айтасыз. Инфрақұрылым – негізгі басымдықтарымыздың бірі. 2024 жылы Қасымбек Датқа ауылындағы Зияев және Дария көшелеріне электр жүйесі орнатылды. Жаңақұрылыс аумағындағы Парасат, Көмешбұлақ, Темірқазық көшелеріне ауыз су тартылды. Сонымен қатар, Шіркін ауылындағы ескі 57 электр бағанасы жаңартылып, қайта пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа ауылында балаларға арналған ойын алаңының құрылысына 37,9 млн теңге бөлінді, ол 2025 жылы пайдалануға беріледі. Құрлық ауылында Beeline байланыс операторының базалық станциясы орнатылды, интернет сапасы айтарлықтай жақсарды. Жаңақұрылыс аумағында 16 көшеге тас төселді, саябаққа апаратын жолға жарық шамдары мен жол кедергілері орнатылды. Шымкент–Шаян облыстық маңызы бар трасса бойына жарық шамдары орнатылып, іске қосылды.
— Бюджет мәселесіне тоқталсақ. Жоспар қалай орындалды?
— Бюджет ашық және нақты есеппен жүргізіледі. 2024 жылы округтің кіріс жоспары 63,5 млн теңге болды, ал нақты түскені – 90,7 млн теңге. Бұл 142,6% орындалу деген сөз. Бұл түсімдер негізінен салықтар, жер телімдерін сату және сыртқы жарнамадан түсті. Шығыстар 168,6 млн теңге болып жоспарланып, 100% игерілді. Ал 2025 жылға 101,4 млн теңге көлемінде бюджет бекітілді. Оның ішінде: әкімшілік аппаратты ұстауға – 75,3 млн, көше жарығына – 10,1 млн, көгалдандыруға – 900 мың, жол төсеу жұмыстарына – 11 млн теңге бөлінді.
— Инвестициялар мен ауыл шаруашылығына қатысты жетістіктер қандай?
— 2024 жылы округке 3,96 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл жоспардың 110% орындалғанын көрсетті. Бұл инвестициялар негізінен тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлердің жеке бастамаларынан түскен. Ауыл шаруашылығы бағытында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. 2516 гектар жерге бидай егіліп, әр гектардан 10-12 центнер өнім жиналды. 2297 гектар арпа егіліп, 13-16 центнер өнім алынды. Сонымен қатар 259 гектар жерге мақсары егіліп, гектарына 7-8 центнер өнім алдық. «Алтын күз» науқанының қорытындысы бойынша біздің округ агроөнеркәсіп көрсеткіштері бойынша аудан көлемінде екінші орынды иеленді.
— Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау салаларында қандай шаралар атқарылды?
— Бұл бағытта да бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асты. 2024 жылы 319 тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атаулы әлеуметтік көмек 75 отбасыға көрсетілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда аз көрсеткіш, яғни халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарғанын көрсетеді. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен баспанасыз жүрген 3 отбасыға тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыл тұрғындарының бірлігін, жанашырлығын көрсететін жарқын үлгі.
— Тазалық жұмыстары мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында не айтасыз?
— 2024 жылы 56 рет сенбілік ұйымдастырылып, 700 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. 4000 түп ағаш отырғызылып, ауыл көркін арттырдық. Әр көшеге жауапты комитет төрағалары тағайындалды. Тазалық – тек әкімдіктің ғана емес, әрбір тұрғынның міндеті. Жақында “Шымкент–Шаян” тас жолы бойында өткен сенбілік шарада арам шөптер шабылып, ағаштар әктелді, “Көмешбұлақ” аумағы тазартылып, тәртіпке келтірілді. Бұл шараға 100-ден астам адам мен 5 арнайы техника жұмылдырылды, нәтижесінде 10 тоннадан астам тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Мұндай акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Басты мақсат – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
— Ал 2025 жылға қандай жоспарлар бар?
— Ең алдымен, әлі де толық шешілмеген инфрақұрылым мәселелерін түбегейлі шешу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қасымбек Датқа, Әсіларық, Шіркін, Таскешу ауылдарындағы жаңақұрылыс аймақтарына газ, су, электр жүйелерін тарту – басты міндет. Сонымен қатар, «Бауарық» және «Әсіл» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жөндеу және жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру жоспарда бар.
— Әңгімемізді қорытындылай келе, ауыл тұрғындарына айтарыңыз?
— Қайнарбұлақ – бәріміздің ортақ үйіміз. Ауылдың өсіп-өркендеуі әр тұрғынның белсенділігіне байланысты. Біз әкімдік ретінде жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз, бірақ нағыз нәтиже – халықпен бірге атқарылған жұмыстың жемісі. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халқымыз. Сол себепті, әрқайсымыз туған ауылымыздың көркеюі үшін жауапкершілікпен қарауымыз керек. Тазалық, тәртіп, ұйымшылдық – ортақ құндылықтарымыз. Туған жерге жанашыр болайық!
Сұхбатты жүргізген:
Н.Нұрғисаұлы, тілші.