ЕЛДІҢ ҚАМЫ БӘРІ ДЕ…

Жергілікті өзін-өзі басқару мекемелері Президент тапсырмасын қалай орындайды?

Бүгінгі Қазақстанның даму бағытын айқындайтын басты тетік – Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының орындалу деңгейі. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған күннен бастап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қойды. Бұл – халық пен биліктің арасындағы байланыстың жаңа форматы, шынайы диалогқа негізделген басқару мәдениеті. Дегенмен, бұл идеяның тағдыры тек орталық билікке емес, тікелей жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің қалай әрекет ететініне байланысты.

Президент әрбір Жолдауында, әрбір ресми мәлімдемесінде халықтың күнделікті өмір сапасын арттыру қажеттігін айтады. Бұл – суы жоқ ауылға су тарту, жарығы жоқ көшеге жарық орнату, жолы жоқ елдімекенге жол салу деген сөз. Яғни тапсырмалар нақты, өмірлік маңызы бар. Алайда бұл тапсырмалар нақты өңірлерге жеткенше, қағазбен шырмалып, формализмнің құрбанына айналып кетіп жатады. Ауыл тұрғындарына берілетін есептер – жаттанды баяндамалар, көп жағдайда тыңдалмайтын уәделер тізбегі.

Жергілікті билік – ел ішінде бірінші болып жауап беретін орган. Ауыл әкімі – халықтың мұң-мұқтажын еститін, шешуге тырысатын адам. Бірақ көп жағдайда ауыл әкімінің де қолы байлаулы. Себебі қаржылық дербестік, кадрлық таңдау мүмкіндігі және бастамашылық бостандығы әлі де шектеулі. Мәслихаттар да шын мәнінде тәуелсіз шешім қабылдаудан гөрі, жоғарыдан келген тапсырманы бекітуші орган ретінде көрінеді.

Мемлекет басшысы әкімдерге есеп беруді, тұрғындармен тұрақты кездесу өткізуді міндеттеді. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру туралы тапсырмалар берілді. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Кейбір өңірлерде әкімдер халықпен ашық диалогқа шығып, нақты мәселелерді көтеріп жүр. Қоғамдық кеңестер бюджетті бекітуге, стратегиялық шешімдерді сараптауға қатыса бастады. Бірақ бұл – бірен-саран ғана мысал. Көптеген жерлерде ашықтық тек есеп беру науқанымен шектеліп, шынайы қоғамдық бақылауға айнала қойған жоқ.

Халықтың әкімге сенбеуінің себебі – бұрынғы тәжірибеден қалған күмән. «Айтылған сөз айтылған жерде қалатыны» саналарға сіңіп қалған. Сол үшін өзгеріс тек жоғарыда емес, төменгі буында да басталуы керек. Әкімдер тыңдаушы ғана емес, орындаушы да болуы тиіс. Қарапайым тұрғындар өз талабын айтқанда, жауапты бір айдан кейін емес, бір аптаның ішінде алуы тиіс. Жергілікті шешімдер бір орталықтан емес, сол жерде тұратын азаматтардың өз қатысуымен қабылдануы керек.

Тағы бір маңызды мәселе – кадр саясаты. Ауылдық округтердің, аудандық бөлімдердің басшылығына көбіне саяси ұстанымы емес, «жақын-таныстық» арқылы тағайындалған мамандар келеді. Бұл – кәсіби әлсіздікке, халық алдындағы жауапкершіліктің төмендеуіне әкеледі. Президент меритократия қағидатын ұстануды талап етіп отыр. Демек, жергілікті басқару құрылымдарына да жаңаша кадр саясаты керек – білімді, бастамашыл, адал мамандармен жасақтау қажет.

Сөз бен істің арасы алшақ болған сайын, халықтың сенімі де жоғалады. Ал сенімсіз мемлекет болмайды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары Президенттің тапсырмасын шын ниетпен орындаса ғана, ел ішінде нағыз өзгеріс басталады. Қағаз жүзіндегі есептер емес, шынайы нәтиже қажет. Жарық жанған көшелер, таза су ішкен ауыл, жұмысқа орналасқан жастар – міне, Президент тапсырмасының өлшемі осы.

Бүгінде бір нәрсе ақиқат: елдің тағдыры – тек орталықтың ғана емес, жергілікті биліктің де қолында. Сондықтан әрбір әкім, әрбір кеңесші, әрбір бөлім басшысы өз әрекетін елдің ертеңімен өлшесін. Сол кезде ғана біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген ұғымды өмір шындығына айналдыра аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының бағыттарына сәйкес ауданда тиісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау бағытында аудан экономикасын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Айжан Кембаева былай дейді

— Сайрам ауданы – экономикалық әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған аудандардың бірі. Аудан экономикасын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
-Сайрам ауданының аумағы 114761 гектарды құрайды,11 ауылдық округ,42 елді мекеннен тұрады.Ауданда 241 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының 11%-ын құрайды.
Бүгінде аудан экономикасы тұрақты дамып, даму динамикасы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
2025 жылдың 4 ай қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 84,5 млрд.теңгеге жетіп, өсім 29%-ды құрады (2024 жылдың 4 айында 65,6 млрд.тг.).
Жалпы өнімнің 34,8%-ы ауыл шаруашылығына, 28,7%-ы өнеркәсіп саласына 33,2%-ы сауда, 3,2%-ы құрылыс саласының үлесінде.
Жыл басынан аудандағы кәсіпорындармен 24,3 млрд.теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда өсім 12,2%-ды құрады. Облыстың өнеркәсіп өнім көлемінде ауданымыз екінші орында немесе үлесі 5%-ды құрайды.

— Сайрам – ауыл шаруашылығы өркендеген аграрлы аудандардың бірі. Агроөнеркәсіп кешені мал мен егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытында дамуда.
Аудан шаруаларының еңбегі жоғары бағаланып, өткен жылы облыстық «AGRO FEST» іс-шарасында Сайрам ауданы1-орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.
Ауыл шаруашылығында 2025 жылдың 4 айында 29,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 1,9%-ға жеткен.
Оның ішінде мал шаруашылығында 28,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%-ға артқан.Жыл басынан11,9 мың тонна ет, 55,7 мың тонна сүт өндірілді. Ірі қара мал басы көбейген.
Өсімдік шаруашылығында былтыр 52,2 мың гектарға (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың га майлы дақылдар, 11,6 мың га мал азықтық дақылдар, 5,8 мың га көкөніс, 3,9 мың га картоп) ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 51,5 мың тонна дәнді дақылдар,155,7 мың тонна көкөніс, 81,8 мың тонна картоп өнімі алынды. Ағымдағы жылы 52,8 мың га жерге егістік егу жоспарланған.
— Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет етіліп отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет беріп өтсеңіз.
— Сайрам ауданы – өндірілген етпен ауданды ғана емес, республикамыздың басқа да өңірлерін қамтып отыр.
Осыған орай, Арыс ауылдық округінен 587 гектарға бір мезетте 100 мың бас мал бордақылау алаңдары, мал сою және мал өнімдерін қайта өңдеу орындары, тауарлы сүт фермалары мен органикалық биоотын өндіру бағытындағы жобаларды іске асыруға «Сайрам агро» индустриалды аймағы құрылды. Болашақта индустриалды аймақ ет өңдеу кластері мен ауданның экспорттық әлеуетін жоғарылатуға үлкен мүмкіндік беретін болады.
Жалпы биылғы жылдың 4 айында ауыл шаруашылығы саласына 1,9 млрд.теңге инвестиция тартылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет екенін атап өтті. Яғни, Мемлекет басшысы елімізде басым бағытты кәсіпкерлерге беріп отыр.
Ауданда белсенді жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субьектілер саны 23 178 бірлікті құрап, 5,3 пайызға өскен. 2024 жылдың қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің өндірген өнім көлемі 289,2 млрд.теңгені құрап, өсім 29,8%-ға жеткен.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы («Бизнестің жол картасы 2025»/Ұлттық жобаның 2-ші бағыты) кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру бойынша биыл 26 жоба 1 814,2 млн.теңгеге қаржыланды.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау керек» деді. Ауданға жыл басынан 17,0 млрд.теңгеге инвестиция тартылып, былтырғы жылға қарағанда өсім 66,8%-ға жетті. Жалпы тартылған инвестицияның 63%-ы жеке инвестиция.
Яғни, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке инвесторлардың қосып жатқан үлесін де осы тұста атап айтып кеткен жөн.
Мысалы, 2024 жылы құны 15,5 млрд.теңгеге 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 235 жұмыс орны ашылды.
Ал, биылғы жылы жалпы құны 50,4 млрд.теңгені құрайтын18 инвестициялық жобаны іске асыру нәтижесінде 1223 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Инвестициялық жобалардың қатарында мал қалдықтарын өңдейтін цех, сүт өнімдерін өндіру, арнайы жасақталған көліктер мен автобөлшектер шығару сияқты жобалар іске асырылатын болады.
Мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Жыл басынан 3823 адамға әлеуметтік жәрдемақы төленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет заттай көмектен монетизацияланған көмек түріне ауыстырылған. Бұл бастама ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктеріне қарай өз бетінше азық-түлік сатып алуға мүмкіндік береді. Бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі қосымша төлем әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. Осы мақсатта биыл 3 айда аз қамтылған отбасылардағы 1258 балаға 14,3 млн.теңге төленіп отыр.
— Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Қазіргі таңда аудан аумағында 401 спорт нысаны бар. Аудан спортшылары жалпы республикалық, облыстық жарыстарда спорт түрлері бойынша 6 алтын, 8 күміс, 12 қола медаль жеңіп алды.
Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Қарасу спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысан биыл аяқталып, жастарға пайдалануға беріледі.
Жалпы дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану жаппай өрістеп, тұрғындарға барынша қолжетімді болу үшін қажетті жағдайлар жасалынып жатыр.
-Ауданда жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жайында айтып өтсеңіз.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші бағыты инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Жолдауда «Инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.»-делінген. Қазіргі таңда ауданымызда бірінші кезекте инфрақұрылым, ауыз су, электр, газ, жол саласындағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық берілуде. 2024 жылы инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша 16 нысанға 1,1 млрд.теңге бөлініп, 163 гектар жер аумағына инфрақұрылым жүйелері жүргізілген болатын.
Биыл да 245 гектар жер аумағына 11 нысан құрылысына 1,5 млрд.теңге қарастырылып, елді мекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда.
Халықты таза ауыз сумен қамту бағытында былтыр 10 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, тозығы жеткен Жібек жолы ауылының су құбыры желісі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, биыл Қарабұлақ, Қожақорған және Нұржанқорған ауылдарының ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылым саласының тағы бір маңызды тармағы – тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту. 2024 жылы 8 елді мекенге электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 4 елді мекеннің электр жүйелерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар сапалы электр энергиямен қамтылды. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасын тауып отыр.
Табиғи газбен қамту бойынша айтар болсақ, аудандағы 42 елді мекеннің 39 елді мекені табиғи газбен қамтылған, қамту көрсеткіші 92,8 пайыз.
Биыл Құтарыс пен Қызылжар және Көлкент елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Аудан аумағында 1 298 шақырым жол бар.
2024 жылы 2 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді (1 жол-13,3 шқ, 1 көпір), 26,3 шақырым аудандық маңызы бар 5 жолға орта жөндеу, 8 ішкі көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді және «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында 45 көшеге, яғни 55,5 шақырым жолға асфальт төселді, нәтижесінде жақсы жағдайдағы ішкі жолдардың үлесі 74,8 %- ға жетті.
Нұртілек Тұрдымұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *