Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты белгілері болып табылады. Олар мемлекетіміздің тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді. Сондықтан мемлекеттік рәміздер әрбір қазақстандық үшін ерекше қастерлі ұғым саналады.
Жыл сайын 4 маусым күні Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Бұл күннің еліміз үшін тарихи маңызы зор. Себебі дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітілді. Кейін бұл күн мемлекеттік мерекелердің қатарына еніп, бүкіл республика көлемінде кеңінен аталып өте бастады.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстан алдында жаңа мемлекеттің рәміздерін жасау міндеті тұрды. Бұл оңай шаруа болған жоқ. Себебі жаңа рәміздер қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, мемлекеттің бүгінгі болмысын және болашаққа деген ұмтылысын қамтуы қажет еді. Осыған байланысты 1992 жылдың басында арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, республикалық байқау жарияланды.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен суретшілер, сәулетшілер, ақындар, композиторлар мен дизайнерлер қатысты. Мемлекеттік Тудың мыңнан астам жобасы, Елтаңбаның жүздеген нұсқасы және Әнұран мәтіндерінің көптеген үлгілері ұсынылды. Ұзақ талқылаулар мен сараптамалардың нәтижесінде ең үздік жобалар таңдалып алынды.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы бекітілді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Ал сол жылдың желтоқсан айында алғашқы мемлекеттік Әнұран қабылданды. Кейін 2006 жылы халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні еліміздің жаңа Мемлекеттік Әнұраны ретінде бекітілді.
Мемлекеттік Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Тудың көгілдір түсі ашық аспанды, бейбітшілік пен бірлікті білдіреді. Оның ортасында алтын түсті күн бейнеленген. Күн өмірдің, молшылықтың және жарқын болашақтың белгісі саналады. Күннің астындағы қыран құс еркіндікті, тәуелсіздікті және биік мақсаттарға ұмтылысты білдіреді. Ал тудың сабы жағындағы ұлттық өрнек қазақ халқының мәдени мұрасын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның дәл ортасында шаңырақ бейнеленген. Қазақ халқы үшін шаңырақ – отбасының, бірліктің және ортақ үйдің белгісі. Шаңырақтан тараған уықтар елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың татулығы мен ынтымағын білдіреді. Елтаңбадағы қанатты пырақтар күш-қуатты, еркіндікті және болашаққа деген сенімді көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны халықтың рухын көтеретін, елге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды рәміз болып табылады. Қазіргі Әнұранның музыкасын Шәмші Қалдаяқов жазған, сөзінің негізін Жұмекен Нәжімеденов жазып, кейін мәтінге толықтырулар енгізілген. Әнұран алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің ұлықтау рәсімінде орындалды.
Мемлекеттік рәміздер еліміздің халықаралық беделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстанның көк байрағы халықаралық ұйымдардың ғимараттарында, дипломатиялық өкілдіктерде және әлемнің көптеген мемлекеттерінде желбіреп тұр. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен спортшыларымыздың құрметіне Әнұран орындалып, көк Туымыз көкке көтеріледі. Бұл әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады.
Қазақстан Туы бірнеше мәрте әлемнің ең биік шыңдарына тігілді. Сонымен қатар Арктика мен Антарктидаға жеткізіліп, ғарыш кеңістігінде де желбіреді. Мұның бәрі еліміздің тәуелсіздігін және халықаралық деңгейдегі беделін көрсетеді.
Мемлекеттік рәміздер халықтың тарихи жадын сақтауға ықпал етеді. Оларда қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, мәдениеті мен дәстүрлері көрініс тапқан. Сондықтан оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі арнайы заңмен реттеледі. 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Аталған заң мемлекеттік нышандарды пайдалану, орналастыру және қорғау тәртібін нақты белгілейді.
ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН БҰЗУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Енді мемлекеттік нышандар туралы Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Мағжан Аймахановтың пікіріне құлақ түрсек.
Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Арнайы комиссиялар мемлекеттік мекемелерді, білім беру ұйымдарын және басқа да нысандарды аралап, заң талаптарының орындалуына мониторинг жұмыстарын жүргізеді.
Бұл жұмыстар мемлекеттік рәміздердің беделін сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
Бұл бағытта Сайрам ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жыл сайын аудан көлемінде ауқымды мониторингтік жұмыстар жүргізіледі. Негізгі мақсат – мемлекеттік рәміздердің қолданыс тәртібін зерделеу, олардың заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын бақылау және мекемелердегі ресми құжаттардың рәсімделу деңгейін анықтау болды.
Биыл мониторинг жұмыстары барысында аудан аумағындағы жалпы саны 94 мекеме қамтылып, 11 ауылдық округтеріндегі мемлекеттік нысандарға арнайы зерделеу жұмыстары ұйымдастырылды. Мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында орналасқан Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның қолданыстағы талаптарға сәйкес орналасуына ерекше назар аударды.
Аудан әкімі аппаратынан бастап, әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекемелерді кезең-кезеңімен аралады. Зерделеу барысында мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі, олардың техникалық жағдайы, сыртқы келбеті, өлшемдерінің сәйкестігі және қолданылу мәдениеті жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар ресми бланкілер, маңдайшалар, ақпараттық тақталар мен іс жүргізу құжаттарының мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәсімделуі тексерілді.
Мониторинг аясында білім беру ұйымдары да назардан тыс қалған жоқ. Білім беру ұйымдарындағы рәміздер бұрыштарының безендірілуі, патриоттық бағыттағы ақпараттық стендтердің жағдайы, сондай-ақ оқушылар мен тәрбиеленушілерге мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары қарастырылды.
Аталған іс-шаралар мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға, оларды дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастыруға және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталды. Мониторинг барысында анықталған ұсыныстар мен ескертулер мекеме басшыларына жеткізіліп, оларды жою бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік органдардың ғимараттарында, білім беру ұйымдарында және басқа да мекемелерде Мемлекеттік Ту мен Елтаңба міндетті түрде орналастырылуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердің мөрлерінде, ресми құжаттарында және интернет-ресурстарында мемлекеттік рәміздердің бейнелері қолданылады.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты белгілері. Сондықтан олардың талапқа сай қолданылуы мен насихатталуы әрбір мемлекеттік мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлауға немесе заңсыз пайдалануға жол берілмейді. Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін түрде дайындаған немесе пайдаланған тұлғалар заң алдында жауап береді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді міндетті жағдайда пайдаланбағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде азаматтарға Мемлекеттік Туды тұрғын үйлерге, кеңселерге және автокөліктерге орналастыруға рұқсат етілген. Бұл азаматтардың патриоттық сезімін білдірудің бір көрінісі болып табылады. Алайда Мемлекеттік Елтаңбаны тұрғын үйлерге немесе жеке көлік құралдарына орналастыруға заңмен тыйым салынған.
Мемлекеттік Әнұранды орындау кезінде оның ресми мәтіні мен музыкалық редакциясын өзгертуге болмайды. Әнұран мемлекеттік мерекелерде, ресми рәсімдерде, халықаралық жарыстарда және еліміз үшін маңызды оқиғалар кезінде орындалады.
Мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін немесе жарамсыз күйге түскен үлгілері арнайы тәртіппен жойылады. Бұл жұмыстар арнайы комиссиялардың бақылауымен жүргізіледі. Рәміздердің қадір-қасиетін сақтау үшін оларды жою рәсімі де заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады,- дейді М.Аймаханов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 918-бабында мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны әзірлеу немесе пайдалану барысында ұлттық стандарттарды сақтамаған тұлғаларға қатысты жауапкершілік шаралары нақты белгіленген. Аталған талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін бұл мөлшер 2 есеге дейін ұлғаяды. Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты айыппұл көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік Туды мемлекеттік емес ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі ғимараттарға орналастыруға тыйым салынбайды. Дегенмен оны пайдалану кезінде ұлттық стандарттарда көзделген талаптар қатаң сақталуы тиіс. Азаматтар өздерінің отансүйгіштік сезімін білдіру және елге деген құрметін көрсету мақсатында мемлекеттік Туды тұрғын үйінің шатырына, кеңсесіне немесе өзге де нысандарына орналастыра алады. Сондай-ақ мемлекеттік Туды жеке автокөліктерге орнатуға да рұқсат етіледі.
Ал мемлекеттік Елтаңбаға қатысты талаптар өзгеше. Оны қоғамдық бірлестіктердің немесе өзге ұйымдардың геральдикалық белгісі ретінде пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар мемлекеттік Елтаңбаны тұрғын үйлерге, жеке әкімшілік ғимараттарға және автокөліктерге орналастыру заң талаптарына қайшы келеді. Мемлекеттік Гимннің аудиожазбасын әртүрлі клиптер мен бейнероликтерде қолдану да дұрыс саналмайды. Заңның 8-бабында Әнұранды пайдалану тәртібі нақты көрсетіліп, оған белгілі бір шектеулер белгіленген.
МЕМЛЕКЕТТІК НЫШАНДАРДЫ ЖОЮ ТӘРТІБІ
Бұл туралы М.Аймаханов былай деді:
Мемлекеттік Ту белгіленген стандарттарға сәйкес келмеген жағдайда арнайы тәртіппен жойылады. Бұл ретте Ту 2,5 см-ден аспайтындай көлемге дейін ұсақталады. Ал талапқа сай келмейтін Елтаңба бөлшектеліп, кейін өртеледі және атқарылған жұмыстар бойынша арнайы акт рәсімделеді.
Мемлекеттік рәміздерді қолдану талаптарын сақтамаған мекемелерге алдымен ескерту жасалады. Егер анықталған кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаса, әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданады. Сот шешімі негізінде тиісті айыппұлдар салынады.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті болып саналатын жағдайларда оларды қолданбаған лауазымды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын немесе олардың бейнелерін заңсыз пайдаланған жағдайда да 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін рәміздерді пайдаланған жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш, дара кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жаза қолданылады.
Егер құқық бұзушылық әрекеттері қайталанатын болса, онда жеке тұлғаларға 80 айлық есептік көрсеткіш, дара кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпорындарға 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондықтан әрбір мекеме басшысы ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігінде орналасқан мемлекеттік рәміздердің талапқа сай орналастырылуына, олардың сақталуына және дұрыс қолданылуына ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Қорыта айтқанда, Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің айқын көрінісі. Олар халықтың бірлігі мен татулығын нығайтып, елдің халықаралық беделін арттырады. Мемлекеттік нышандарды құрметтеу арқылы біз Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді, тарихымызға деген құрметімізді және болашағымызға деген сенімімізді білдіреміз.
Сондықтан мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, олардың мән-маңызын түсіндіру және келер ұрпаққа насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын байланыстырып тұрған қасиетті құндылықтар.
Әділхан ТӨЛЕГЕНОВ, Ақсукент ауылы.