Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт инфрақұрылымын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Төменде осы бағыттар бойынша нақты тапсырмаларды еске түсірейік:
СПОРТ АЛАҢДАРЫН САЛУ.
Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен білім беру мекемелерінде, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту қолға алынды. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бастауыш сынып оқушыларына арналған ашық спорт алаңдары мен спорт залдарын салу қарастырылған.
АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында Президенттің тапсырмасымен бірқатар қаржылық шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, 2024 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы агроөнеркәсіп субъектілеріне 70 млрд, теңге көлемінде несие берілді. Бұл қаражат 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды.
ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ.
Қазақстанда 1178,9 миллион гектар табиғи жайылымдық жер бар, оның 133,4 миллион гектары шөл және шөлейтті аймақта орналасқан. Мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын дамыту үшін бұл жерлерді тиімді пайдалану қажет.
Осы орайда біз Сайрам ауданында аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталуды құп көрдік. Сонымен…
Сайрам ауданының Қарасу ауылында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 600 шаршы метрден асады. Қазіргі таңда іргетасы, қабырғалары мен шатыры толықтай аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Және де алдағы уақытта мұнда жаттығатын жастар үшін арналған спорттық құрал-жабдықтар орнатылып жатыр.
Аталған нысанға аудан әкімі Арман Сәбитов арнайы барып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Ондағы орын алып жатқан кемшіліктерге тоқталып, мердігер мекемеге оларды уақтылы түзету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, ең бастысы құрылыстың сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аударылды.
Жаңа спорт кешені – тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына және салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасайтын заманауи әлеуметтік нысан болмақ. Ұрпақтың қамы осындай-ақ болар.
* * *
Аудан әкімі Арман Сәбитов агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5000 ірі қараға арналған мал бордақылау кешенінде болды. Ондағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Мұнда ірі қара малға арналған бордақылау алаңынан бөлек, мал сойылатын қасапхана қарастырылған. Алдағы уақытта кәсіпорынында шығарылатын еттен ешқандай қалдық қалмайтын болады. Жобаны жүзеге асырушы кәсіпкерлердің айтуынша, малдың басынан бастап, ішек-қарын, сирағы мен сүйегіне дейін пайдаға асырылмақ. Тіпті, етті өндіру барысында пайдаланылған судың өзі жәй төгілмей, қайта өңделеді. Сонымен қатар, кешен құрамында етті өңдейтін цех пен қан өңдеу кәсіпорны бар. Аталған ірі жоба толық толық іске қосылған соң 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл тұрғындар үшін жақсы мүмкіндік.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тоңазытқыш камераларды орнату жүргізілуде. Ондағы құрылғылар негізінен Беларусь және Қытай елінен алып келінген.
Аудан басшысының аралау барысында әкім бұл жобаның өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы зор екендігін атап өтті. Әсіресе, осындай ірі жобаның халқы еңбекқор, шаруашылығы дамыған Сайрам ауданында бой көтеруі өте тиімді болады, әрине.
* * *
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың төрағалығымен жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару барысына арналған жұмыс мәжілісі өтті. Жиынға ауылдық округтердің әкімдері мен мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Мәжіліс барысында ауылдық округтер аумағындағы жайылымдық жерлердің нақты көлемі мен пайдаланылу деңгейі талданды. Ауыл әкімдері осы бағытта атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Мәжіліс қорытындысымен аудан басшысы әрбір ауылдық округке жайылым санатындағы жер учаскелерін толық анықтап, жалға берілген және жеке меншіктегі жер телімдерінің нақты санын белгілеуді тапсырды. Ортақ пайдалануға қайтарылуға жататын жерлерді ретке келтіруге қатысты нақты ұсыныстар дайындау міндеттелді. Бұл әрине, Президент тапсырмасының орындалу міндеттерінің біріне жатады.
Нұртілек Тұрдымұратов.