«САЙРАМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ ҮШІН» ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЙДАРМАН САЙЫСЫ

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы К.Жандарбеков атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы үшін республикалық «Жайдарман» сайысы өтті.

Мақсат — жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, оларды мәдениеттілікке баулуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған. Сайрам ауданы әкімдігі мен прокуратурасы қолдау көрсеткен сайыс жастарды құқық бұзушылықтан сақтандырып, пайдалы іспен айналысуға шақырды.

Әзіл кешінің жүргізушісі, танымал әзілкеш Нұрсұлтан Үсеновтің арқасында кеш көңілді өтті. Түрлі аймақтардан жиналған командалар — Шымкент қаласынан «Мадмуазель», «Сезон», «Самал 3», Ақтөбе облысынан «Бізде осы», алматылық «Эверест», облыс намысын қорғаған «Төле би» мен Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командалары өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді.

Командалар сайрамдық көрермендерді күлдірту үшін командалар жақсы ойын көрсетуге тырысты. Біреуі толық импровизацияға бәс тіксе, басқалары ұзақ уақыт бойы өз өнерлерін дайындап, жаттыққан.
Саясат, отбасы, махаббат, достық. Көңілді тапқырлар әзілдеген тақырыптардың спектрі әртүрлілікпен таң қалдырды.

Сайысты шымкенттік «Мадмуазель» командасы ашып, сахна төрінде ерекше қыздарға тән әдемі ойын үлгісін көрсетті. Көрермендер оларға жылы қошемет білдіріп, қолдауын аямады.

Келесі болып Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының «Сезон» командасы шығып, шынайы әзілдерімен залды күлкіге кенелтті.

Үшінші кезекте Астана қаласындағы «Ұлттық лига» республикалық жайдарман сайысының финалына жолдама алған «Самал 3» командасы сахнаға шықты. Олардың ойын стилі өзгеше, ерекше тапқырлықтары көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.

Сахнаға төртінші болып Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командасы көтерілді. Оларды көрермендер қалың қошеметпен қарсы алды. Бұған дейін де аталмыш команда туралы мақала жазған едік, олардың өнері бұл жолы да жоғары деңгейде өтті.

Бұдан кейін алыстан келген Ақтөбе қаласының «Бізде осы» командасы өнер көрсетті. Олар әлеуметтік желілердегі трендтер мен әуендерге негізделген ерекше стильдерімен көзге түсті.
– Сайрам ауданына алғаш рет келіп отырмыз. Халқы өте қонақжай, табиғаты тамаша. Алдағы уақытта осындай сайыстарға тағы да шақырса, қуана қатысамыз, – деп әсерлерімен бөлісті команда мүшелері.

Сахнаға Төлеби ауданының командасы да шығып, көрермендерді өздерінің мол тәжірибесімен тәнті етті. Шебер ойын өрнектері оларға деген қолдауды күшейтті.

Сайыстың шымылдығын алматылық «Эверест» командасы жапты. Олардың тапқырлығы мен ерекше ізденісі көрерменнің көңілінен шығып, сахналық өнердің жоғары деңгейін көрсетті.

«Жастардың бойындағы дарынды қолдау арқылы, оларды жат қылықтардан сақтап, болашаққа бағыттау — елдің ең үлкен байлығы» деген ұлағатты сөз бұл кештің маңыздылығын айқын көрсетеді.

Ойын барысында байқағанымыз, сыни пікір, сындарлы ойын әзіл астына жа­сырып жеткізген, жас та болса жақсы ойын көрсеткен командалар жетерлік. Ойыншылардың өзара үйлесімі, сахналық көрінісі, дайындығы жоғарғы деңгейде.

Жүйрік көп болғанымен, жеңімпаз – біреу. Сайыста әділқазылар алқасының шешімімен ең көп ұпай жинаған командалар анықталып, жүлделі орындарды иеленді.

Атап айтқанда, Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командасының ойыншысы Бекқұлы Ерман үздік ойыншы атанды. Шымкент қаласынан «Мадмуазель» командасы 3-орынды қанағат тұтса, Ақтөбеден келген «Бізде осы» 2-орынға тұрақтады. Ал, «Эверест» командасы 1-орын алып, сайыс жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов пен аудан прокуроры Д.Тлемисов құттықтап, өнер көрсеткен командаларға ыстық ықыласын білдірді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Аудандағы жастар саясатын дамытуда облыстың, өңірдің белсенділерін бір арнаға тоғыстыруда «Жайдарманның» алар орны ерекше. Республика көлемінде өзінің негізін қалаған «Жайдарман» мектебінің талай түлегі қазір де әртүрлі салада, қоғамдық жұмыстарда белсенді еңбек етіп жүр. Халықтың көкейіндегі үлкен сауалды, кішігірім әзілмен жеткізе білу де үлкен өнер. Сондықтан алдағы уақытта да аудан көлемінде жайдарманшы жастардың жұмысы қолдау таба береді деген сенімдеміз.

Нұрғиса Төремұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *