АҚЫНЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛ БАҚЫТТЫ

Ақын – сезім мен ойды көркем сөзбен жеткізетін, өмірді, табиғатты, адам болмысын поэзия арқылы бейнелейтін шығармашылық тұлға. Олар халықтың рухани мәдениетінің маңызды бөлігі және көркем әдебиеттің негізгі түрлерінің бірін құрайды. Ақындардың басты ерекшелігі – тілді ерекше, әсерлі қолданып, қарапайым нәрселерге терең мағына беруге деген қабілеті. Поэзия арқылы олар өмірдің мәнін, адамгершілік құндылықтарды, махаббат, қайғы, қуаныш сынды сезімдерді жеткізе алады. Олардың шығармалары халықтың рухани мұрасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, мәңгілік құндылыққа айналады.
Біздің Сайрам ауданы да таланттардан кенде емес. Талай ақын дүниеге келген қасиетті мекен. Және олардың көбісі халықтан өз бағасын алып үлгерген. Солардың бірі һәм бірегейі — Баян Керімқызы Тіленшина. Ақын әпкеміз 1949 жылы тамылжыған тамызда Оңтүстік Қазақстанның педагогтар отбасында дүниеге келген. Сайрам ауданының тумасы. Қайнардың бастауы келешекте жайнар ақынға табиғи дарын сыйлады. Ол 1972 жылы Шымкентте педагогикалық институттың «физика-математика» факультетін үздік бітірді. Студенттік шағында-ақ, психолог-ғалым Қ.Б.Жарықбаевтың жетекшілігімен «Қазақ ертегілеріндегі психология», «Таным мен тағылым», «Ұстаз беделі неде?» атты ғылыми еңбектер жазып, зерттеушіліктің тізгінін ұстады.
Еңбек жолын 1972 жылы Сайрам ауданының №29 Керім Тіленшин атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған Баян апай ұстаздық пен қаламгерлікті қатар алып жүрді. Содан 14 жыл мектептегі мұғалімдік мерейін өсіріп, талай жетістіктерге жетті. 1986 жылы ОҚО Атқару комитетінде саяси қызметкер болды. 1989 жылы бұрынғы одақтық СВЦМС тресінде «Рауан» қазақ балабақшасын ашып, меңгерушілік етті. 1998 жылы ҚР Оңтүстік Қазақстан облыстық Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды. Әрбір істің көзін білетін кйіпкеріміз 1998-2009 жылдары ауданымыздағы әкесі Керім Тіленшин атындағы №29 алдымен қазақ- орыс тілді, сосын таза қазақ тіліндегі орта мектептің директоры қызметін атқарды. Ал Керім Тіленшиннің есім-сойы Алаш ардақтыларымен байланысты екені тарихтан белгілі. Қызы да атақ-абыройдан кенжелеп қалмады.
Баян Керімқызы барлық істе тапқыр, жаңашыл, адал. 1986 жылы ОҚО Атқару комитетінде төраға С. Жандосов орналастырған алғашқы компьютерлік жүйеге облыстық басқаруды бақылаудың схемалық нұсқасын жасады. Қазақ тілді балабақша ашып, Қазақстанда тұңғыш рет қазақша «Хош бол, балабақша» әнін жазды. Ұлттық тіл мен дәстүрді насихаттап, бүлдіршіндерді кішкентай киіз үйлерде ұлттық дәстүрде «Ассалаумағалейкүм!» сәлемін сіңірген ақын. Ол ұлттық 42 әріпті дамыта оқытатын «ӘРІП –ӘЛІП» атты әдістемелік ән-жыр, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, ой қозғауы бар, ақындыққа баулитын түсті суретті кітап шығарды.
Жерлес қаламгеріміз «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман- дүние», «Зауал» атты 5 романның, ғылыми- педагогикалық 5 кітаптың авторы. «Қарлығаш», «Жыр додасы», «Ғашық- нама», «Жұлдыз жүрек», «Айтыс», «Таным», «Тағылым», «Тағзым», «Тілек», «Тұғыр», «Түйін», «Тамыр» атты 12 жыр жинағының авторы. Оның әрбір кітабы жас өскінді зейінділікке жетелейді. «Сұрқия» романы кезінде біраз оқырманның көңілінен шығып, ел ішінде біраз талқыға түскен. Сол арқылы автордың абыройы асып, халықтың іздейтін қаламгеріне айналды.
Баян Керімқызы ҚР Педагогика Академиясының профессоры. Оның «Физиканы оқытудағы аналогия», «Электромагниттік толқындар шкаласы», «Әріп-әліп» атты ғылыми- педагогикалық еңбектері жоғары бағаланды.
Ол ҚР «100 есім», «ҚР сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, білім беру ісінің үздігі. Жеткіншектердің білімді және елжанды, рухани бай тұлға ретінде қалыптасуындағы әлеуметтік қызметі үшін Сайрам ауданының және Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» атағы берілген. Халықаралық «Лучшие люди» орденін және БҰҰ-ның «Гордость наций» медалін иеленген.
Баян апай бұрынғы КСРО -ның 1984 жылғы Бүкілодақтық шығармашылық жастары фестивалінің және Әлемдік 2018- 2019 жылдары өткен онлайн жыр фестивальдерінің екі дүркін ІІ дәрежелі дипломанты. 2022 жылы Қырғызстандағы «Алтын көпір» атты еларалық фестивальдің жеңімпазы, «Алтын қалам иегері». Қырғыздың «Адабиятка кошкон салымы учун», «Алтын калем» медальдері табысталған. Оған ҚР Жазушылар одағының 2023 жыл қорытындысында «Қазақстанның құрметті Жазушысы» атағы берілді. Сол кезде еліміздегі ерекше таланты бар азаматтар Баян апайдың еңбегін жоғары бағалады.
Баян Тіленшина Түркі әлемі Жазушылар одағын 2021 жылы құрған президенті. Қазір ол одақта көптеген ақын-жазушылар шыңдалып келеді. Ол халықаралық М.Х.Дулати атындағы және Шыңғыс Айтматов атындағы әдеби сыйлықтардың иегері.
«Тұран Туы – Түркістан», «Оңтүстігім», «Тұрар аға», «Сайрам- елім», «Менің Сайрамым», «Кітапханам», т.б.әндердің авторлығы үшін фестивальдердің лауреаты атағы берілген. «Тұран туы – Түркістан» әнінің авторлығы үшін 2018 жылы «Ұлы дала» арнайы сыйлығын иеленген Баян Керімқызы Халықаралық сазгерлер одағына қабылданды. Министрліктер мен әкімдіктерден басқа «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» сияқты 18 медаль иегері.
Оның 2018 жылы ІҮ томдық таңдамалы шығармалар жинағы «Әлем» баспасынан жарық көрген. Бүгінде өзі ұйымдастырған халықаралық ТӘЖ Одағының І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарды. Ол одақтың мүшелері қырғыз елімен тығыз байланыстағы республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі жандар. Жақында осы одақтың белді мүшесі ақын Қайрат Құматайұлы «Атыңыз болсын Ақбаян!» атты өлең жазып, әнінде тарту етті. Ол кісіні сайрамдықтар да ерекше құрметтейді.
Баян Тіленшина – заманауи қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі, өзінің ерекше сезімталдығы және терең ойшылдығымен танылған ақын. Оның шығармаларында адам болмысының нәзік қырлары, өмірге, махаббатқа, табиғатқа деген сүйіспеншілік айқын көрініс табады. Баян Тіленшинаның поэзиясы өзіндік лирикалық үнмен, бейнелі тілмен және ішкі рухани байлыққа толы мазмұнымен ерекшеленеді. Ақынның туындылары оқырманға ой салып, оларды рухани биіктерге жетелейді. Өлеңдеріндегі шынайылық пен жан толғаныстары оқырманның жүрегіне жол тауып, эмоциялық әсер қалдырады. Тіленшинаның шығармалары қазіргі қазақ әдебиетінде ерекше орын алып, жаңа заман ақындарының талантын көрсетеді.
Жақында Баян апай басқаратын ТӘЖ одағы мұқым елдің Мұхтарына айналған алып ақын Мұхтар Шахановпен кездесу ұйымдастырмақшы. Жүздесуге төрт елдің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз елі, Түркіменстан) ақын-жазушылары жиналады. Түрлі өлеңдер оқылып, ақынның ғұмырдерегіне сапар жасалады. Шаханов шындығы тыңдалатынболады. Сол кісіге ақын Баян былай деп жыр арнапты. Бұл өлең халықаралық мүшәйрада жүлде алған.
ЖЫР — СҰЛТАН МҰХТАР АҒАМА
Даналықтың тұрағы —
Отырардың ұланы.
Өлең-жырды пір тұтқан,
Қазақтың бойтұмары.
Ізгіліктен жаралған,
Періштенің сыңары.

Сөз — өнердің патшасы,
Сыпырылған топшасы.
Ақылынан гүлдеген,
Самайдағы ақ шашы.
Қосқан сайын жылға жыл,
Өрге өрлеген бақ тасы.

Бұл қазақтың Мұхтары,
Шыңғыс, Расул жұптары.
Түркілер әдебиетінің,
Рауандаған ақ таңы.
Тимесін деп тілеймін,
Тіл мен көздің сұқтары.

Не айтса да сендірген,
Ойыңды жеңіп, көндірген.
Жыр — сұлтан өзге көрмедім,
Елік сүтін емдірген.
Сол мейірім, сол мінез,
Тау аға — Мұхтар мен білген.

Сөз табылмас айтуға,
Сексен қырлы бай тұлға.
Сексен жасын тойладық,
Мұсылманның айтында.
Тұранның бірлік, дәстүрін,
Әлемге Жыр боп айқында.

Бұл — қазақтың Мұхтары
Даусын ғасыр құптады.
Көкбөрі Алаш халқының,
Мәртебесін жықпады.
Арыстан бап бабамның
Қолдай берсін рухтары.
Биыл мерейлі 75 жасқа толған талантты тұлға Баян Керімқызын жаңа жасымен құттықтап, ұзақ өмір, бақытты сәттер тілейміз. Немерелер мен шөберелер алдында әлемі әдемі әже ретінде көңіліңіз жайнасын. Әрқашан алдыңғы саптағы саңлақтай, кейінгі ұрпаққа өнегелі ғұмырыңыз зор тағылым бола берсін, Баян апай.
Нұртілек НҰРҒИСАҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *