АУДАНЫМЫЗДА «ОТБАСЫН ҚОЛДАУ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Сайрам ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары толыға түсті. Бүгін ауданымызға қарасты Қарасу ауылында «Сайрам Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.

Бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме 2024 жылы шілде айында мемлекеттік тіркеуден өтіп, орталықта 25 штаттық бірлік бекітілген. Бір қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде қазіргі таңда 10 кабинет бар.

Жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Арман Сәбитов алғаш сөз алып, барша тұрғындарға жылы лебізін жеткізді. Өз сөзінде, аталмыш орталықтың атқаратын жұмыс бағыттарына қысқаша тоқталды.

Тұрмыс тауқыметіне тап болған аналардың қиын жағдайларын еңсеруде, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде мұндай орталықтардың маңыздылығын атап, аудандық әкелер мектебінің төрағасы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, Сейдуалы Темірбаевпен бірге орталықтың лентасын қиды.

Бұдан соң аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері жаңа ғимараттың жаттығу, тамақтану және жатын орындарын аралады. Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған автокөліктермен танысты.

Бүгінде Жаксыбек Утегенов басқаратын аталмыш мекемеде көпбалалы, аз қамтылған, зорлық-зомбылық көрген, өмірлік дағдарыс, апатты жағдайға тап болған отбасыларға неке беріктілігін сақтау бағытында құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады.

Айта кетейік, аудан әкімі Арман Сәбитұлының қолдауымен ашылып отырған бұл орталықтың ішінде кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға қысқамерзімді тігін, шаштараз, аспаз секілді арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер үшін ойын бөлмелері бар. Мұнда психолог, логопед, социолог мамандар жұмыс істейді.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *