Қазіргі кезеңде ел дамуының маңызды құрамдас бөлігі – халықтың әлеуметтік-мәдени деңгейі мен тұрмыс сапасын арттыру. Бұл тек ірі қалалар мен орталықтарда ғана емес, шалғайдағы ауылдарда да өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда тұрғындар мәдениеті мен ауыл ішінің санитарлық тазалығы – ел болашағына жауапты көзқарастың нақты көрсеткіші.
Бәрімізге белгілі, 2024 жылдың көктемінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел көлемінде «Таза Қазақстан» атты ұлттық экологиялық акцияны жариялады. Президент бұл бастама арқылы тек табиғатты қорғап, қоқыстан арылту емес, ең бастысы – азаматтардың экологиялық санасын көтеру, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және елді мекендерді жүйелі абаттандыруды көздеген еді. Президент айтқандай: «Тазалық – бұл мәдениеттілік пен тәртіптің белгісі. Ауыл болсын, қала болсын – бәрі таза, жинақы, көрікті болуы тиіс.»
Осы ұлттық бастаманың ауылдық жерлерде сәтті жүзеге асуы – жергілікті тұрғындардың қатысуына, белсенділігіне, ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Себебі ауыл – әрбір отбасының, әр баланың, әр қарттың өмір сүріп жатқан ортасы. Ол тек әкімдікке ғана емес, барша халыққа ортақ орта. Осындай ой жетегінде біз
Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Раушанбек УБАЕВтан тақырыпқа қатысты пікірін сұрадық. Ағамыз ашық-жарқын көңілмен әңгімеге кірісіп кетті.
.- Қарабұлақ – Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты ең ірі ауылдық округтердің бірі. Ресми деректер бойынша, ауылда 45 мыңнан астам халық тұрады. Бұл – кейбір аудан орталықтарынан да көп. Осындай тығыз қоныстанған, халық саны көп ауылда тазалық пен тәртіп мәселесі ерекше назарда болуы тиіс.
Қарабұлақтың басты проблемаларының бірі – қатты тұрмыстық қалдықтардың жүйесіз жиналуы және жеке сектордың тазалық талаптарын сақтамауы. Кей көше бойларында стихиялық қоқыс орындары пайда болып, ауылдың көркін кетіріп қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да қауіп төндіреді. Мұндай ортада жаз айларында түрлі жұқпалы аурулардың өршу қаупі жоғары болатыны ғылыми дәлелденген,-дейді ол. Сонымен қатар төмендегідей ұсыныстарын да алдымызға жайды. Яғни, кейіпкеріміз былай дейді:
— Президент бастамасын ескере отырып, Қарабұлақ ауылында жүйелі және кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын санитарлық бағдарлама қажет. Ол мынадай бағыттарды қамтуы тиіс:
1. Халықпен түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу.
Ауыл тұрғындары арасында тазалық мәдениеті мен санитарлық талаптар туралы үгіт-насихат жұмыстары күшейтілуі керек. Мешіт, мектеп, базар, қоғамдық орындарда экологиялық тәрбиеге арналған баннерлер мен брошюралар тарату маңызды.
2. Қоқыс жинау инфрақұрылымын жақсарту.
Ауыл ішіндегі көшелерге қоқыс жәшіктерін орналастыру, қоқыс шығару кестесін бекіту, және бұл қызметті жеке сектормен келісім-шарт арқылы ұйымдастыру – басты мәселе. Әсіресе шағын аудандар мен жаңа тұрғын үйлерге бұл қызмет толық жетпей отыр.
3. Әрбір көше бойынша жауапты топтар тағайындау.
Көптеген дамыған ауылдарда әр көше бойынша «тазалық белсенділері» немесе қоғамдық бақылаушылар жұмыс істейді. Қарабұлақта да осындай жүйе енгізу – тұрғындардың өз көшесіне жауапкершілігін арттырады.
4. Абаттандыру шараларын ұйымдастыру.
Қоғамдық демалыс орындары, балалар алаңдары, аялдамалар мен базар айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, тазалық сақталса, ауыл келбеті өзгереді. Бұл бағытта ағаш отырғызу акциялары, сенбіліктер, жасыл аймақтарды көбейту жұмыстары жүргізілуі тиіс.
5. Жастар мен мектеп оқушыларын тарту.
Оқушылар мен студенттер арасында экологиялық байқаулар, плакаттар конкурсы, «Жас табиғат жанашыры» акциялары – бұл тек тазалықты ғана емес, патриоттық сезімді де оятатын шаралар. Қарабұлақ мектептерінде экологиялық клубтар ашуға толық мүмкіндік бар,-дейді.
Біз Раушанбек ағамен жылы қоштастық. Расында «Таза Қазақстан» бастамасы – еліміздің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды. Бұл – тек бір реттік сенбілік немесе науқан емес. Бұл – мәдениетке, санаға, өмір сүру салтына айналуы тиіс ұлттық қозғалыс.
Халқы тығыз орналасқан ауылда тазалық пен тәртіп мәселесі – жергілікті әкімдік, қоғамдық ұйымдар және тұрғындардың бірлесе әрекет етуімен ғана оң шешімін табады. Ауыл тек көркейіп, гүлденіп қоймайды, сонымен қатар дені сау, саналы ұрпақ өсетін ортаға айналады. Ендеше, тазалықты талап етпей тұрып, әркім өз ауласынан бастауы қажет. Бұл – ауыл мәдениетінің, ұлт тәрбиесінің, болашақтың айнасы.
Нұртілек Тұрдымұратов.
АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ—БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ
