Қазақстандағы Тілдер мерекесі – бұл елдің мәдени және тілдік әралуандығын құрметтеу мен нығайтуға арналған маңызды мейрам. Бұл мереке жыл сайын 5 қыркүйекте атап өтіледі. 5 қыркүйек – қазақтың ұлы ағартушысы, тіл маманы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Осы себептен, Тілдер мерекесі Ахмет Байтұрсыновтың еңбегімен тығыз байланысты.
Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға ретінде танымал. Ол қазақ әліпбиін реформалап, «Төте жазу» деп аталатын жаңа жазу жүйесін енгізді. Сонымен қатар, Байтұрсынов қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасын зерттеп, қазақ тіл білімінің негізін қалады. Оның еңбектері мен реформалары қазақ тілінің дамуына және ұлттық сананың оянуына зор әсерін тигізді.
Сондықтан Қазақстандағы Тілдер мерекесі Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тіліне және жалпы қазақ мәдениетіне қосқан үлесін еске алып, тілдердің байлығын сақтап, оны әрі қарай дамытуға арналған. Мереке аясында елде түрлі мәдени іс-шаралар, конференциялар, тілдік конкурстар өткізіліп, әр түрлі ұлт өкілдері өз тілдерін, дәстүрлерін көрсетеді. Бұл Қазақстанның көпұлтты қоғамында бейбітшілік пен ынтымақты нығайтуға септігін тигізеді.
Елеулі һәм мерейлі мерекеге орай Сайрам ауданында да «Мемлекеттік тіл— Қазақстан халқын біріктіретін тіл» салтанатты іс-шара өтті. Аудандық Қ. Жандарбеков атындағы мәдениет үйіндегі жиында алдымен Тілдерді оқыту және этномәдени орталықтардың көрмесі көпке ұсынылды. Аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің тыныс-тіршілігі бейнероликпен өрнектелді. Мұнан соң мерекелік басқосуда Сайрам ауданының Құрметті азаматтары, тіл жанашырлары Амангелді Қабылбеков, Әлібек Байназар аталарымыз құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сайрам аудандық мәдениет , тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алашбаев Дәулетхан Рысбекұлы көпшілікті тіл саласында елеулі еңбек еткен 13 азаматты аудан әкімі Арман Сәбитовтің Алғыс хатымен марапаттады.
Ерекше атап өтетін жәйт, жиында ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен — Аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Нарботаева Жанар Жаксыбекқызы марапатталды. Еңбекқор маманды құттықтаймыз!
Мерекелік дидарласу тіл мен өнер туралы, отаншылдық туралы әндер мен өлеңдерге ұласты. Әсіресе, әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Рух пен тіл» әнін облысқа танымал әнші Жазылбек Серікбаев керемет орындады. Әдемі билер мен флешмоб жиынға келгендерді тәнті етті. Осылайша сайрамдықтар еліміздегі Тілдер мерекесіне айрықша үлес қосты.
Ә. Маратұлы.