Сайрам ауданы: Бабалар үні — Домбыра

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға мұра болып жалғасып келеді. Тарихты қос ішегіне сыйдырып, қазақ қастерлі санап, шаңырағының төріне іліп қоятын қазақтың ұлттық аспабы – домбыра. Ұлттық мәдениеттің бір саласы – қолөнер туындысы өшпес мұра домбыраны қорғай білуіміз қажет.

25 қазан күні Республика мерекесіне орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» «Бабалар үні – домбыра» атты ұлттық өнерді насихаттау шарасын өткізді. Іс-шара барысында жастар қазақтың классикалық күйлерін орындап, ұлттық мәдениетімізді дәріптеді.

Мақсат – жастарды ұлттық өнерге баулу, домбыраның қасиетін сезіндіру және бабалар мұрасына деген құрметті арттыру. Жастардың орындауындағы күйлер халқымыздың терең тарихы мен мәдениетінің айнасы болды. Домбыраның үні әр жүрекке жетіп, ұлттың рухын көтерді. Әр күйдің өзіндік тарихы бар: бірі батырлардың ерлігін, екіншісі халықтың тағдырын бейнелейді.

– Домбыра – қазақ елінің көнекөз шежіресі. Жанымыздың айнымас бөлігі. Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық аспабы. Халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық мұрасы, бабалар аманаты. Қазақ халқы әрқашан домбыраны қадір тұтып, төріне іліп, қастерлеген. Ұлт аманатына айналған домбыра өз қасиетін жоғалтпақ емес. Осындай игі шаралар елдің рухын көтереді, – деді ұйымдастырушылар.

Жастардың өнерге деген ынтасы ұлттық өнеріміздің болашағы жарқын екенін көрсетеді. Бұл шара олардың өнерге сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, ұлттық мұраны сақтап қалуға үлкен үлес қосты. Бабалар аманатын жалғастырған жас буын домбыраны болашаққа жеткізіп, оны жаңа деңгейге көтеруге тырысуда.

Домбыра халқымыздың тарихы мен болмысын бейнелейтін ұлттық құндылық. Бұл туралы жергілікті ақын, журналист Нұрғиса Төремұратов «Домбыра» өлеңінде былый дейді:

Сенің күмбірлеген үніңде
сан ғасыр, дәуір ғажайыбы, тылсымы бар.
Әлем аңсары ауып, күлімдер,
Бабамның Тәңірге айтқан бір сырын ұғам.

Сенің жадыраған шақтарың
алтын Ай мен бітімі от Күнді де ойнатқан.
Мұңлы тереңдерге батқаның
жүректі тек тебіреністерге бойлатқан.

Көктің шырақшысы Жұлдыздар
ұмтылып, тамсанды да, үніңе дір етті.
Дәйім дидарыңа ынтызар
мендегі көңіл ауанын айтшы, бөлек-ті.

Қара, Кеңістікке ой жеткен,
Атойлар, әне, ат шаптырып дала бүгін.
Тыңда, ағашты да сөйлеткен,
Қазақтың даралығы бұл һәм Даналығы!

Нұртілек Нұрғисаұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *