САЙРАМДА «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сайрам ауданында ұлы ойшыл, түркі дүниесінің рухани темірқазығы Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» атты аймақтық ғылыми-танымдық семинар ұйымдастырылды. Тағылымды жиынның басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен даналыққа толы ілімін кеңінен дәріптеу арқылы жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, қоғамда әділдік, адамгершілік, ізгілік, ынтымақ пен жауапкершілік құндылықтарын нығайту, ұлттық рухани мұраны келер ұрпаққа жеткізу.

Бүгінде ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы ерекше. Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – халқымыздың мәдениеті мен дүниетанымының ажырамас бөлігі. Оның еңбектерінде имандылық, білімге ұмтылу, әділдік, еңбекқорлық, кішіпейілділік, сабырлылық және елге адал қызмет ету секілді құндылықтар кеңінен насихатталған. Бұл қағидалар қазіргі Қазақстан қоғамындағы бірлік пен татулықты, өзара сыйластықты және патриоттық сананы қалыптастыруда өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Семинарға ауданның ақсақалдары мен ардақты әжелері, зиялы қауым өкілдері, имамдар, түрлі сала мамандары, жастар және қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар тарихи-рухани маңызы зор кездесуде Қожа Ахмет Ясауидің тағылымды мұрасы жөнінде тың деректермен танысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы маңызды ойлармен бөлісті.

Іс-шараны «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы мұндай ғылыми-танымдық бастамалардың қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтудағы және жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

Семинар барысында профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит мазмұнды баяндамалар жасады. Олар Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы мен рухани мұрасының мәнін жан-жақты талдап, оның ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы, салт-дәстүр сабақтастығын сақтаудағы және қоғамдағы әділдік пен адамгершілік қағидаларын орнықтырудағы рөлі туралы кеңінен әңгімеледі. Баяндамалар тарихи деректермен, ғылыми тұжырымдармен және тың мәліметтермен толықтырылды.

Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауидің ілімі тек діни-рухани мұра ғана емес, сонымен қатар ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет ететін өмірлік қағидалар жүйесі екені атап өтілді. Оның шығармаларында адамды білімге, ізгілікке, өзара құрметке, еңбекқорлыққа және әділдікке үндейтін құндылықтар кеңінен көрініс тапқан. Осындай асыл мұраны дәріптеу – жастардың ұлттық болмысын нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі.

Сайрам – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен. Бұл өңір сансыз бабтардың қонысы ғана емес, Қожа Ахмет Ясауидің кіндік қаны тамған киелі жер ретінде де ерекше құрметке ие. Сонымен қатар Ыбырайым ата мен Қарашаш ананың мәңгілік мекені саналатын Сайрам – ұлы ойшылдың алғашқы тәрбиесі мен рухани қалыптасуына негіз болған тарихи өлке. Сондықтан «Ясауи керуені» жобасының Сайрамнан бастау алуының тарихи әрі символдық мәні ерекше. Бұл бастама өңір тұрғындарының тарихи жадысын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

Семинар соңында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сиқымбай Уалиханұлы сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауидің ағартушылық және философиялық мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды жобаны ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Олар мұндай тағылымды кездесулердің ел бірлігін нығайтуға, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуге зор үлес қосатынын атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларды жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылып, пікірлер ортаға салынды.

Осындай ғылыми-танымдық кездесулер қоғамда бірлік пен тұрақтылықты, өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтуға, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етеді. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің тағылымы – бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоймаған рухани мұра. Сондықтан оны кеңінен дәріптеу елдің бірлігін бекемдеп, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Нұртілек ТҰРДЫМҰРАТОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *