Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов ауданның ардагерлері және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. «Татулық, тәртіп – ел дамуының кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара ашық, еркін, пікір-алмасу форматында өтті.
Жиналған көпшілікке ризашылығын білдірген А.Сәбитов жыл басында арнайы жоспарланған кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Сайрам – облысымыздағы халқы көп, тығыз орналасқан бірегей аудан. Экономикалық көрсеткіштеріміз жыл сайын артып келеді. Бұл еңбекқор халқымыздың арқасы деп білемін. Алдағы уақытта ауданымыздың одан әрі гүлденуі, дамуы жолында Сіздердің ой-пікірлеріңіз өте маңызды. Бүгінгі кездесуде де осы және қоғамдағы маңызды мәселелер төңірегінде сұхбаттассақ,- деді аудан әкімі.
Ары қарай қазыналы қарттарымыз бен аяулы әжелеріміз кезекпен сөз алып, ойларын ортаға салды. Ұсыныстарын жеткізіп, маңызды мәселелерге тоқталды. Бірі қоғамдағы ардагерлердің рөлін айтса, енді бірі жастар арасындағы тәрбие жайында сөз етті. Аудан тұрғындары арасындағы ынтымақты нығайту, қоғамдық институтты дамыту бойынша да тұшымды пікірлер айтылды.
Аудан басшысы Арман Сәбитұлы аудан көлеміндегі алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары және жоспарымен бөлісті. Оның ішінде тұрғындар үшін қолайды орта қалыптастыру, коммуналдық мәселелердің шешу бағытындағы жүргізілетін қадамдық жұмыстарына тоқталды.
Емен-жарқын кездесу барысында жиналғандар аудан әкімінің алдағы уақыттағы жұмыс жоспарына сәттілік тілеп, тарасты.
Н. Аяптегі.