ЖОБАСЫ МЕН ЖҰМЫСЫ КӨП АУДАН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік әділеттілік пен жауапты азаматтық қоғам құру үшін ең алдымен халықтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет екенін баса айтқан болатын. Бұл — әр отбасының әл-ауқатына тікелей қатысты маңызды мәселе. Соңғы жылдары елімізде азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз жүктемесін азайту және қоғамда қаржыны басқару мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі — «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы.
Аталған жобаның басты мақсаты — халықты қаржылық сауаттылыққа үйрету арқылы олардың қарызға тәуелділігін төмендету, отбасылық бюджетті тиімді басқаруға баулу, алаяқтық әрекеттерден сақтануға үйрету және шағын кәсіпкерлікке жол ашу. Бұл бастама әсіресе әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға, жұмыссыз жастарға бағытталған. Қаржылық білім беру арқылы олардың өз ісін бастауына немесе қаржы қиындықтарын дұрыс шешуіне мүмкіндік беріледі. Аудан бұл жобаны жүзеге асыруда алдыңғы қатарда. 2024-2025 жылдары аудандағы Қарабұлақ, Арыс, Манкент, Көлкент және Қайнарбұлақ ауылдық округтерінде 30-дан астам оқыту семинарлары ұйымдастырылып, мыңнан астам азамат қамтылды. Манкент ауылында өткен соңғы оқыту легіне 175 адам қатысып, оның 151-і арнайы сертификатқа ие болды. Семинар барысында тек теориялық біліммен шектелмей, қатысушыларға нақты қаржылық кеңес беріліп, банк карталары мен несиелік міндеттемелерге қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арыс ауылында да осындай оқыту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, зейнеткерлер мен жастар қатысқан бұл жиында 80-ге жуық азамат қаржылық сауаттылықтың негізгі бағыттарын меңгерді. Қарабұлақ ауылындағы шараға қатысқан 118 адамнан да оң пікірлер айтылып, көпшілігі бұл жобаның нақты пайдасын көріп отырғандарын жеткізді.
Қоғамда қаржыға қатысты түсініктің таяз болуы көптеген келеңсіздіктерге себеп болуда. Қарызға белшесінен батқандар, онлайн несиелер мен алаяқтық жүйелердің құрбанына айналғандар аз емес. Мұндай жағдайлардан сақтану үшін халыққа жүйелі әрі қолжетімді білім беру ауадай қажет. «Қарызсыз қоғам» осы олқылықтың орнын толтырып, әр адамды қаржылық жауапкершілікке тәрбиелеуді көздейді. Бұл — жай жоба емес, тұтас ұлттың қаржылық мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Президенттің «Халықтың табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту — біздің негізгі міндетіміз» деген сөзі осындай жобалармен нақты іске асырылып жатыр. Сайрам ауданындағы бұл бастамалар тек бүгінгі күннің мәселесін шешіп қана қоймай, келешек ұрпақтың қаржылық сауатты, экономикалық еркін азамат болып қалыптасуына жол ашады. Қоғамдағы әрбір адам өз қаржысын дұрыс басқарып, тұтынушылықтан үнемшілдікке бет бұрса — еліміздің де экономикалық тұрақтылығы нығая түсері анық.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың желтоқсан айында өткен республикалық құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында: «Отбасылық зорлық-зомбылық – қоғамның ішкі тұрақтылығына үлкен қауіп. Біз бұл мәселеге нөлдік төзімділікпен қарап, құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін арттыруымыз қажет. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деп атап өтті.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аудандағы колледждердің студенттерімен кездесу өтті. Бұл жиын жастар арасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, әлімжеттіктің және өзін-өзіне қол жұмсау жағдайларының алдын алуға арналды. Кездесуге аталған орталықтың басшысы Жұмабек Өтегенов, консультациялар беру және кешенді сүйемелдеу бөлімшесінің меңгерушісі Ғалымжан Медеуов, сондай-ақ, аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Шерзод Мирзаметов қатысты. Шара барысында мамандар жастармен ашық пікір алмасып, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыда маңызды мәліметтер берді. Әсіресе, отбасындағы сыйластық пен түсіністіктің, ата-ана мен бала арасындағы сенімді байланыстың маңызы кеңінен сөз болды. Полиция қызметкері Ш.Мирзаметов тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша азаматтардың қандай құқықтары барын, көмекке қайда жүгіну қажет екенін нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Бұл кездесудің басты мақсаты – жастардың бойында зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтық ұстаным қалыптастыру, өзара сыйластық пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Өйткені ұлт болашағы – саналы, дені сау әрі рухы мықты ұрпақта. Осыны аңғарған ұрпақ бақытты болмақ. Мұндай тәрбиелік сипаттағы шаралар ауданда алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

* * *
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы – елдің экономикалық қауіпсіздігі мен азық-түлік тәуелсіздігінің негізгі діңгегі екенін атап өтті. «Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ. Басты міндет – еңбек өнімділігін екі есе арттыру», – деген еді Мемлекет басшысы. Бұл сөздер еліміздегі әрбір шаруа қожалығының, әсіресе сүт пен ет өндірісімен айналысатын кәсіпкерлердің алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
Осы тұрғыда Қарамұрт ауылында табысты жұмыс істеп жатқан «Бажар Агро» шаруа қожалығы ауыл кәсіпкерлігін дамытудың жарқын мысалына айналды. Қожалық 2009 жылы құрылған. Іскер азамат, білікті кәсіпкер Бабуржан Зайыров мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, өзінің кәсібін сүт өндірісіне арнаған. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, Чехия мемлекетінен асыл тұқымды сауынды сиырларды әкеліп, табысты іске қадам басқан. Бүгінгі таңда «Бажар Агро» шаруашылығында 308 сиыр бар. Тәулігіне 4,5 тонна сүт өндіріледі. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас ауылдың әлеуетін көтеретін ауқымды өндіріс. Ал өндірілген сүт арнайы тексерістен өтіп, сүт өңдеу зауыттарына жіберіледі. Бұл – сапа мен сенім кепілі. Чехия – әлемге сүтті және етті сиыр тұқымдарын өсірумен танылған ел. Сол елден әкелінген сиырлар қазақстандық климатқа бейімделген, төзімді әрі өнімділігі жоғары. Бір сиырдан 400-500 келіге дейін таза ет алуға болады. Мұндай тұқымның ерекшелігі – аз ғана азықпен мол өнім беру қабілетінде. Сонымен бірге, олардың сүтінің сапасы да жақсы. Қожалықтағы әрбір жануардың жағдайы қатаң бақылауда. Уақтылы сауу, ветеринарлық тексерулер, дұрыс күтім – бұлардың бәрі жоғары сапалы өнімнің негізі. Жануарлардың денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі – кәсіпкердің салаға деген жанашыр көзқарасы мен жүйелі еңбегінің нәтижесі. Бүгінде бұл қожалықта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың арасында тәжірибелі мал дәрігерлері мен малшылар, сауыншылар мен күтім көрсетушілер бар. Әрбір жұмысшы өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. «Біз ең алдымен малдың жай-күйіне мән береміз. Мал аман болса – табыс та, тұрақтылық та болады», – дейді кәсіпкер Бабуржан Зайыров. Оның айтуынша, көп жұмысшы бұрыннан мал шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан мамандар. Олар үшін бұл жұмыс тек кәсіп емес, өмір салтына айналған. «Бажар Агро» – ауылдың тірегі, елдің ертеңіне қызмет ететін табысты жоба. Президент айтқан «Ауыл – ұлттың алтын бесігі» деген ұстаным осындай шаруалар арқылы іске асып келеді.
* * *
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлік мәселесіне кеңінен тоқталып:
«Мемлекеттен көмек сұрап отырғанша, адамға балық емес, қармақ беру керек. Осы қағидатқа сай әрекет етеміз. Үкімет нақты қолдау құралдарын ұсынып, кәсіп ашуға ниетті адамдарға жан-жақты көмек көрсетуі керек».-деген еді. Бұл сөздер кәсіпкерлікті дамыту мен еңбекқор азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету маңыздылығын айқындайды.
Манкент ауылында тұратын Шавкат Эгамбердиев мемлекет қолдауының арқасында өз кәсібін бастап, бөдене өсірумен айналысып отыр. Кәсіп иесі бүгінде бөденеден мол өнім алып, пайда көріп қана қоймай, өз ісін кеңейтуге ниетті. Оның айтуынша, бұл кәсіп түрі ауыл жағдайында табыс табудың тиімді жолы. Ұзақ жылдар бойы жеке кәсіпті армандап жүрген Шавкат бастапқыда қаражат тапшылығы себебінен бұл ойын кейінге ысыруға мәжбүр болған. Дегенмен, ел ішінде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүргізіліп жатқан бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттар туралы естіген соң, ол 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа құжат тапсырып, нәтижесінде мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болды. Бұл қаражатқа бөдене сатып алып, арнайы орын дайындап, жеке ісін бастады. Бөдене – күтімі жеңіл, бірақ өнімділігі жоғары құс түрі. Бір ғана құс жылына 250-300 жұмыртқа береді. Оның жұмыртқасы мен еті диеталық әрі емдік қасиетімен бағаланады. Қазірдің өзінде бөдене жұмыртқасына сұраныс артып келеді. Шавкат кәсібін кеңейтіп, инкубатор жүйесін іске қосып, болашақта шаруашылығын оқыту алаңына айналдыруды жоспарлап отыр.
— Бұл істі бастағаныма еш өкінбеймін. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік беріліп жатқанда, әрекет ету керек. Кәсіп – адамның қолындағы іс. Ниет пен табандылық болса, нәтижеге жетуге болады, — дейді ол.Былтыр аудан бойынша 1779 азамат мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, түрлі бағытта өз кәсібін бастаған. Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасы, аудандық мансап орталықтары мен жергілікті әкімдіктің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Азаматтар арасында мал шаруашылығынан бөлек, қолөнер, кондитерлік, қызмет көрсету саласын таңдағандар да бар. Шавкат Эгамбердиевтің жолы – ерекше кәсіпті таңдаудың, еңбек пен табандылықтың және дұрыс мүмкіндікті дер кезінде пайдаланудың үлгісі. Ол ауылда отырып-ақ табыс табуға, кәсібін дөңгелетуге болатынын дәлелдеп отыр. Бұл – қазіргі ауыл жастары мен жұмыссыз жүрген азаматтарға үлгі болатын тағылымды тәжірибе.
Н. АЯПТЕГІ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *