ПАТРИОТИЗМ МЕН КӘСІБИЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Отанға қызмет ету – тек қару асынып, ел шебін күзету ғана емес, сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығын қорғау арқылы да жүзеге асатын қасиетті міндет. Әскери қызмет пен медицина саласын қатар алып жүру үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап етеді. Ел қауіпсіздігі мен сарбаздардың саулығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген әскери медицина мамандарының қызметі – патриотизмнің жарқын көрінісі. Осындай абзал жандардың бірі – Абдраимова Динара Арыстановна жайында сіздерге жеткізуді жөн көрдік.

Ақ халатты абзал жан – әскери қызметші Сержант Абдраимова Динара Арыстановна

Медицина қызметкерлері күні – адам өмірі мен денсаулығын сақтауды өз өмірінің басты мақсаты еткен жандарға көрсетілетін ерекше құрмет. Осындай абыройлы мамандық иелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Абдраимова Динара Арыстановна.

Динара Арыстановна әскери қызмет жолын 2007 жылы Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінде бастап, ұзақ жылдар бойы аға санитарлық нұсқаушы ретінде мінсіз қызмет атқарды. Ал 2024 жылдың маусым айынан бастап Түркістан қаласындағы әскери бөлімде өз қызметін абыроймен жалғастырып келеді.

Әскери медицина саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және адам өміріне деген ерекше жанашырлықты талап етеді. Динара Арыстановна қызмет барысында әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен оларға дер кезінде медициналық көмек көрсету ісінде кәсіби біліктілігі мен жоғары жауапкершілігін талай мәрте дәлелдеді. Әріптестері арасында сыйлы, жас сарбаздарға қамқор, өз ісіне адал маман ретінде танылған.

Отбасы – оның өміріндегі ең үлкен байлықтарының бірі. Жолдасы екеуі әскери қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін бірге бөлісті. Жолдасы 2007 жылдан 2021 жылға дейін атқыштар ротасында кинолог, аға маман (аға нұсқаушы) ретінде қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсіріп отыр: екі ұл мен екі қыздың ата-анасы.

Әсіресе, үлкен ұлдарының жетістігі – ата-ананың мақтанышы. Бала кезінен офицер болуды армандаған ол бүгінде Ұлттық ұланның жолдамасымен Санкт-Петербург қаласындағы әскери оқу орнында курсант атанып, білім алуда. Болашақта оқуын аяқтап, Ұлттық ұлан қатарында Отанға қызмет етуді мақсат етеді.

Динара Арыстановнаның алға қойған мақсаты – әскери медицина саласында өз білімін үнемі жетілдіріп, әскери қызметшілердің денсаулығын қорғау ісіне үлес қоса беру, сондай-ақ жас буынға патриоттық тәрбие мен отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу. Оның өмірлік ұстанымы: «Адамға қызмет ету – Отанға қызмет етудің ең ізгі жолы».

Көпжылдық қызмет жолында жинаған тәжірибесі, кәсібіне деген адалдығы мен отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайтын қасиеті Динара Арыстановнаны әріптестері мен жақындары арасында құрметке бөледі.

Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай сержант Абдраимова Динара Арыстановнаны кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, қызметіне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз.

Нұрғиса Төремұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *