ТАЗА ҚАЗАҚСТАН —БАРШАМЫЗҒА МАҚТАНЫШ!

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кешегі сенбі күні Ақсукент ауылдық округінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Осынау шараға барлық білім мекемелері мен бөлімдер белсенді қатысып, өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын атқарды.
Сенбілік барысында күрек, сыпырғы мен әк алған қатысушылар таңертеңнен бастап ауыл ішіндегі көшелер мен қоғамдық аумақтарды тазалады. Игі іске Ақсукент ауылдық округінің әкімі аппараты, ауыл биі Берік Құдайбергенов, жастар және қоғамдық жұмысшылар белсене қатысты. Ауыл әкімі Мади Нурлыбаев та осы шараға қатысып, көріктендіру жұмыстарына үлес қосты. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы болса керек.
Тазалық – ортақ іс. Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы! Үлес қос, сен де, жерлесім!
«Таза Қазақстан» акциясы негізіндеимемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Әрине, құптарлық іс.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен елімізде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға бағытталған бастама. Бұл акция – тек тазалық сақтау шарасы ғана емес, ол – қоғамдық сана мен жауапкершілікті оятуға арналған ауқымды экологиялық қозғалыс.
Президент Қ. Тоқаев өз Жолдауларында және түрлі қоғамдық жиындарда экологиялық жағдайға ерекше мән беріп келеді. Ол бірнеше мәрте еліміздегі ауа, су, топырақтың ластану деңгейінің артқанын айтып, бұл мәселенің ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы барын атап өтті.
Мәселен, 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында Президент:
«Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Бұл – тек Үкіметтің не әкімдіктердің емес, барша қоғамның ісі», – деп нақты мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ, Президент әрбір азаматты елдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуға шақырып, «Таза Қазақстан» сынды акциялардың ел болашағы үшін үлкен мәнге ие екенін жеткізді.
Акцияның мақсаты.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – ел аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту, қоғамдық экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулу және елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету.
Аталған акция бірнеше бағытты қамтиды:
Қалалар мен ауылдарды тұрмыстық және өндірістік қалдықтардан тазарту;
Орман алқаптары мен өзен-көл жағалауларын қоқыстан арылту;
Жасыл желектер отырғызу;
Экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында ағарту жұмыстары жүргізу;
Жастарды ерікті түрде экологиялық шараларға тарту.
Президент Қ. Тоқаев өз сөзінде бұл акцияға бүкіл қоғам болып атсалысу қажет екенін үнемі айтып келеді. Оның пікірінше, экология мәселесін шешу – тек биліктің немесе әкімдіктердің міндеті емес. Бұл – әр азаматтың, әр отбасының күнделікті дағдысына айналуға тиіс іс.
Мемлекет басшысы бірнеше рет тазалыққа қатысты қоғамның екіжүзділігін сынға алған болатын. Бір жағынан азаматтар қоршаған ортаның ластануына шағым жасаса, екінші жағынан өздері табиғатты ластаушылардың қатарынан табылып жатады. Осыған байланысты Президент экологиялық тәрбиені мектептен бастап қолға алып, қоғамда «Тазалық – рухани тәрбие белгісі» деген ұстанымды орнықтыру қажет екенін айтты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған тонна қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жөнелтіліп жатыр. Мыңдаған ерікті, оқушы, мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер мен қатардағы азаматтар табиғатты қорғау ісіне өз үлесін қосты.
Бұл акция ел азаматтарының санасында тазалық пен жауапкершілік ұғымын тереңірек орнықтырып, экологиялық сауаттылықты арттырды. Әсіресе жастардың табиғатқа деген көзқарасының өзгеруі – болашаққа деген үміттің нышаны. Себебі экологиялық тәрбие – елдің болашағына инвестиция.
«Таза Қазақстан» акциясы – еліміз үшін стратегиялық маңызы зор бастама. Бұл іс-шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді, ол – азаматтардың ой-санасын өзгертуге, табиғатпен үйлесімде өмір сүруге үйрететін құнды мектеп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл акция әрбір қазақстандықтың бойында отансүйгіштік сезімді, тазалыққа деген мәдениетті қалыптастырады.
Осы бастаманың арқасында Қазақстанның экологиялық болашағы жарқын болмақ. Ең бастысы, бұл – ұлттың ұлы мінезін көрсететін, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі іс.
Нұртілек Тұрдымұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *