ЖАҢАЛЫҚТАР КӨП АУДАНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беру үшін нақты міндеттер жүктеген болатын. Президент атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және машина жасау салаларында бәсекеге қабілетті өнім шығару – Қазақстанның жаңа даму бағыты болуы тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыру жолында еліміздің әр аймағында түрлі өндірістік жобалар қолға алынып, индустриялық-инновациялық бастамалар қарқын ала бастады.
Осындай ірі жобалардың бірі Сайрам ауданында жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақсукент ауылдық округінде орналасқан «Завод Автотехнологий» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында арнайы техника шығаратын зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Зауыттың құрылысы – бұл тек бір кәсіпорынның ашылуы ғана емес, сонымен қатар ауданның индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Жобаны кәсіпкер Керімбек Адишевтің жетекшілігімен тәжірибелі мамандар командасы іске асырып жатыр. Құрылыс барысы мен өндірістік технологияларға салынған инвестиция көлемі бұл жобаның тек аудан үшін емес, бүкіл Түркістан облысы үшін маңызды екенін көрсетеді. Кәсіпорын осы жылдың маусым айында толық іске қосылады деп жоспарлануда. Зауыт іске қосылғаннан кейін алғашқы кезеңде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге едәуір үлес қосатын жоба. Сонымен қатар, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру, өндіріс мәдениетін қалыптастыру секілді бағыттарда да оң өзгерістер күтіледі. Зауыттың өндірістік бағыты – арнайы мақсаттағы автокөліктерді құрастыру. Атап айтқанда, жол жөндеу техникасы, коммуналдық қызметтерге қажетті көліктер, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына арналған машиналар өндірілетін болады. Кешен жылына 500 дана техника шығара алатын қуатқа ие. Бұл – еліміздің ішкі нарығын сапалы отандық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін айтарлықтай жетістік. Жобаның қаржыландыру көзі ретінде жеке инвестициялар мен мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдетілген несие тетіктері пайдаланылуда. Бұл – мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің тиімді әріптестігіне нақты дәлел. Зауытқа қажетті құрал-жабдықтар Қазақстанмен қатар, ТМД елдерінен және алыс шетелдерден жеткізілуде. Бұл жоба өндірістік процестің заман талабына сай, заманауи технологиялармен жабдықталғанын көрсетеді. Өндірілген техниканың 80 пайызы еліміздің ішкі нарығына арналса, қалған 20 пайызы шетелге экспортталатын болады. Бұл – Қазақстанның машина жасау саласындағы экспорттық әлеуетін арттырып, елімізді өнім өндіруші мемлекет ретінде танытуға жасалған нақты қадам. Аудан басшысы Арман Сәбитов құрылыс алаңында болып, жобаның маңыздылығына тоқталып, оның өңірлік экономиканы дамытудағы рөлін ерекше атап өткен болатын. Оның айтуынша, жергілікті билік зауыттың инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуіне, мамандарды даярлау мен қажетті қолдауды көрсетуге барынша күш салады. «Бұл – ауданымыздың индустриялық дамуындағы маңызды бетбұрыс. Біз мұндай жобалар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, болашақ ұрпаққа тұрақты табыс пен кәсіби мүмкіндік сыйлаймыз», – деді әкім өз сөзінде. Жалпы алғанда, арнайы техника шығаратын бұл зауыт – ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру жолындағы айқын қадамдардың бірі. Бұл жоба тек өнеркәсіптік өндірісті дамытып қоймай, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа кәсіптік дағдыларды игеруіне жол ашады.
* * *
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды сала. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіс», – деген болатын. Президент Жолдауында басымдық берілген кәсіпкерлікті қолдау мәселесі ел ішінде нақты нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі – Түркістан облысы, Сайрам ауданында іске қосылған жаңа өндірістік жоба. Аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Ділшат Давранов көлікке арналған жабдықтар тігетін шағын цех ашып, отандық кәсіпкерлікке тың серпін беріп отыр.
Кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың аясында бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алып, қаржыны ұқыпты әрі мақсатты жұмсау арқылы өндірістік станоктар сатып алған. Бүгінде заманауи құралдармен жабдықталған цехта көлік саласына қажетті түрлі бұйымдар – автоорындықтарға арналған қаптағыштар, панель жабындылары, көлік еденіне төселетін төсеніштер дайындалады. Өнімдер аудандық деңгейдегі “Сайрамда жасалған” атты брендпен шығарылады.
— Алғашқыда шағын көлемде бастадық. Қазір өндірісімізді кеңейтіп жатырмыз. Тұтынушылардың сұранысы күннен-күнге артуда. Әсіресе жүк көліктерінің иелерінен тапсырыстар жиі түседі. Өнімдеріміздің сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді. Сауда әсіресе жаз мезгілінде жанданады, – дейді кәсіпкер. Бүгінде бұл шағын өндіріс орнында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуы – әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де өзіндік үлес қосып отыр. Әсіресе жұмыссыз жүрген жастар мен отбасы асырап отырған азаматтар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Ділшат Давранов шикізатты әзірге шетелден, нақтырақ айтсақ, Қытайдан алдыртуға мәжбүр. Алайда кәсіпкер болашақта өндіріс ауқымын кеңейтіп, елімізде шығарылатын шикізатты пайдалануды мақсат етіп отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етері анық. Мемлекеттік бағдарламалар аясында осындай ілкімді жобалардың іске асуы өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға ғана емес, ұлттық экономиканың нығаюына да оң ықпал етіп келеді. «Кәсіп ашам, еңбек етем» деген азаматқа бүгінде барлық жағдай жасалған. Тек ниет пен талпыныс болса болғаны. Айта кету керек, ауданда соңғы жылдары кәсіпкерліке белсенділік артып келеді. Мұнда тігін, жиһаз, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығына қатысты бірнеше жаңа жобалар іске қосылған. Ділшат Даврановтың бастамасы, бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Кәсіпкердің жоспары да ауқымды. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, еліміздің өзге өңірлеріне де таратуға ниетті. Сонымен қатар жас мамандарды өндірістік іс-тәжірибеден өткізу, кәсіби даярлықтан өткізу сияқты әлеуметтік бағыттағы жұмыстар да қарастырылып отыр.
* * *
Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде Қ. Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып: «Ауыл – елдің алтын бесігі. Сондықтан ауылды өркендету – біздің стратегиялық мақсатымыз.»- деген болатын.
Ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын бір көрінісі – Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округінде салынып жатқан заманауи көкөніс сақтау қоймасы.
Аталған жобаны «SHAGYR FRUIT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Жобаның басты мақсаты – агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық бастамаларды қолдау, Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын қамтамасыз ету және инфрақұрылыммен жабдықтау арқылы тауарлық өнім өндірісін ұлғайту.
Қойманың жобасы еліміздің солтүстік өңірлеріндегі астық элеваторларының үлгісі негізінде дайындалған. Ерекшелігі – көкөністерді 200 күнге дейін алғашқы сапалық күйінде сақтау мүмкіндігі бар. Сыйымдылығы – 3 мың тонна. Нысан 12 арнайы тоңазытқыш камерасымен жабдықталады. Сонымен қатар, өнімдерді тиеу мен түсіруге арналған дәліздер мен логистикалық аймақтар қарастырылған.
Жобаның жалпы құны – 857,1 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары «SHAGYR FRUIT» ЖШС және «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қаржылық қолдауымен іске асырылып жатыр. Қойма құрылысын биыл аяқтап, іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда жобада 20-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл бастама өңір экономикасының дамуына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына өз септігін тигізбек. Сонымен қатар, маусымдық өнімдерді ұзақ мерзімге сақтау арқылы ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қуатты аймақтар – қуатты ел»-деген болатын. Бұл сөздер еліміздің әрбір аймағының экономикалық дамуының негізін құрайтындығын білдіреді. Аймақтардың аграрлық әлеуетін арттыру, экологиялық таза өнімдерді өндіріп, оларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығару – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолдары болып табылады.
Ауданымызда осы мақсатқа сай жұмыс істеп тұрған заманауи жылыжай кешені бар. “Eco Invest CO” ЖШС-нің жылыжай кешені 11 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда қызанақ пен қияр химиялық қоспаларсыз өсіріледі. Жылыжайда ауа температурасы +25 градус болса, ал ылғалдылық 8 пайыздық деңгейінде сақталады. Қызанақтар тек 250 грамм салмаққа жеткенде ғана жиналады. Кешен жылына 6 мың тоннаға дейін өнім береді. Бұл жылыжай кешенінде 200 адам жұмыс істейді. Өнім Ресейге экспортталып, бір бөлігі Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі. Өнімнің бағасы нарықтық жағдайға байланысты өзгеріп тұрады, бірақ ең арзан өнімдер осында. Бұл жылыжай кешені Сайрам ауданының аграрлық әлеуетін арттырып, экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Президент Тоқаевтың сөзімен айтқанда, бұл кешен дәл солай – аймақтың күшті экономикасының, халықтың тұрмыс деңгейінің жоғары болуына ықпал етеді. Жыл сайын өнім көлемін арттыру арқылы аймақтың ауылшаруашылық саласы жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда маңызды қадам жасалуда.

* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты «Жолдауында білім саласын жаңғыртудың маңыздылығына ерекше тоқталып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды міндеттеген болатын. Бұл бастама бүгінде еліміздің әр өңірінде қарқынды жүзеге асып жатыр. Соның бір жарқын мысалы – Ақсукент ауылында бой көтеріп жатқан жаңа мектеп ғимараты.
2023 жылы құрылысы басталған 600 орындық білім ордасы қазіргі таңда ауқымды құрылыс кезеңінде тұр. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Құрылыс толықтай заманауи талаптарға сай жүргізілуде. Мектеп ішіндегі кабинеттер жаңа технологиялармен жабдықталып, ұстаздар мен оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады деп күтілуде. Жаңа мектепте кең әрі жарық сыныптар, заманауи пән кабинеттері, IT сынып, кітапхана, медициналық пункт, асхана, спорт және акт залдары, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері қарастырылған. Жоба инклюзивті білім беру талабына толық сәйкес келеді.
Жаңа мектептің ашылуы аудан бойынша оқушы орны тапшылығын азайтып, шалғайдағы мектептерге қатынау мәселесін шешуге сеп болмақ. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдың инфрақұрылымы дамиды, әлеуметтік жағдай жақсарады. Рас, ұрпағын ойлаған ел озады.
Нұртілек ТҰРДЫМҰРАТОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *