ТУРНИРДЕ ТҰРАБЕКОВТЫҢ БАҒЫ ЖАНДЫ

БАТЫСТАН СҮЙІНШІ ХАБАР ЖЕТТІ!  Сайрам ауданының жас боксшысы Халықаралық турнирде  чемпион атанды. Ауданымыздағы «Ақсу Жекпе-жек спорт клубының» түлегі, спорт шебері Нұрғиса Тұрабеков бокстан ересектер арасында өткен халықаралық турнирдің чемпионы атанды. Ешқандай қарсылас шақ келтірген жоқ.

2024 жылдың 20-24 қыркүйек күндері аралығында, Ақтау қаласында  қазақ боксының бетке ұстары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аңыз адам Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ересектер арасында дәстүрлі XVI халықаралық турнир өтті. Аталған турнирде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Кувейт, Молдова, Грузия, Камбоджа, Польша, Иемен мемлекеттерінен және Қазақстан Республикасының облыстары мен қалаларынан жалпы, 150-ге жуық былғары қолғап шеберлері бақтарын сынады.

Тартысты өткен жекпе-жектің нәтижесінде «Ақсу жекпе-жек спорт клубының»  түлегі Нұрғиса Тұрабеков өзінің мықты шеберлігімен (48 келі салмақ дәрежесінде) турнирдің жеңімпазы атанды. Көрермен мен қазылар жоғары бағалады.  Айта кетейік, Нұрғисаны бокс өнеріне алғашқы бапкерлері Рашид Лапаев және Еркін Оразалиев баулыған болатын.

Осы орайда біз бапкерлермен сөйлесу барысында бокстың қыр-сырына қанық болдық. Білікті бапкер Е. Оразалиев былай дейді: «Бокстағы айла мен тәсілдер – жекпе-жек кезінде қарсыласты алдау, стратегиямен әрекет ету, тиімді соққылар жасау үшін қолданылатын әдістер. Негізінен бокста мынадай негізгі айла-тәсілдер қолданылады:

  1. Жалған қозғалыс (фейк) – қарсыласты алдау үшін жалған соққы жасап, оның қорғанысын бұзып, басқа жерден шынайы соққы жасау. 2. Контрсоққы – қарсылас шабуыл жасағанда оның соққысын блоктап, сол сәтте жауапты соққыны орындау. 3. Финттер – қарсыласты шатастыру үшін жылдам қимылдарды қолданып, шынайы шабуыл бағытын жасыру. 4. Қадамдар мен айналымдар – аяқты дұрыс қозғалту арқылы қарсыласқа қолайсыздық туғызу, шабуыл жасау немесе қорғаныста болу. 5. Қысым көрсету – қарсыласты бұрышқа немесе арқанға итеріп, одан шығуға мүмкіндік бермей, соққыларды қарқынды түрде жасау. 6. Джебпен жұмыс – джеб (алдыңғы қолмен жасалатын тура соққы) арқылы қарсыластың ара қашықтығын бақылау, оның шабуылын тоқтату. 7. Клинч – жақын қашықтықта қарсыласты ұстап тұру немесе үзіліс алу үшін қолданылатын әдіс.»

Қорыта айтқанда, әрбір тәсілдің сәтті қолданылуы тактика мен шеберлікке байланысты, бұл спортшының жекпе-жек барысындағы тәжірибесі мен дайындық деңгейіне негізделеді. Ал, Нұрғисада осылардың бәрі болды. Құттықтаймыз, Нұреке!

Нұртілек Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған