ҰСТАЗ АБЫРОЙЫ – ҰЛТТЫҢ АБЫРОЙЫ

Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың биыл 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында оқу-ағарту саласына қатысты көтерілген мәселелер – әрбір ұстаздың жүрегіне жақын, білім саласының бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты өзекті тақырыптар. Мұғалім ретінде Президенттің осы бағыттағы пікірін толық қолдаймын.

Ұстаздың басты міндеті – балаға сапалы білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, жауапкершілік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Алайда осы жауапты міндетті атқару үшін мұғалімге қолайлы еңбек жағдайы, кәсіби еркіндік және қоғамның құрметі қажет.
Бүгінде цифрландыру заманында білім беру жүйесінде көптеген жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Бірақ Мемлекет басшысы атап өткендей, қағазбастылықтың орнын түрлі цифрлық платформалардағы есептердің басуы – ойланатын мәселе. Цифрлық технологиялар мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге қызмет етуі керек. Бір ақпаратты бірнеше жүйеге қайта-қайта енгізу емес, ұстаздың оқушымен жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік беру – реформалардың негізгі мақсаты болғаны жөн.
Өйткені мұғалімнің уақыты – баланың білімі мен болашағына жұмсалатын құнды уақыт. Ұстаз артық есеп толтырумен емес, сабақ сапасын арттырумен, жаңа әдістерді меңгерумен, әр оқушының қабілетін ашумен айналысса, білім беру нәтижесі де жақсара түседі.
Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – мұғалімнің абырой-беделін қорғау. Бұл – тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Соңғы жылдары ұстазға құрмет көрсету, мектептегі тәртіп пен тәрбиені нығайту мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұғалімге дөрекі сөйлеу, оның ар-намысына тию немесе күш көрсету әрекеттеріне ешқашан бейжай қарауға болмайды.
Дегенмен әрбір жағдайға біржақты баға бермей, мәселенің мән-жайын жан-жақты анықтау да маңызды. Оқушының құқығы сақталуы керек, мұғалімнің де заңды құқығы мен қадір-қасиеті қорғалуға тиіс. Мектеп әкімшілігі қандай жағдай болса да, мәселені әділ қарап, мұғалімге негізсіз қысым көрсетпей, тараптардың жауапкершілігін айқындауы қажет. Ата-ана, оқушы, ұстаз және мектеп бір-біріне қарсы тараптар емес, баланың болашағы үшін ортақ жауапкершілік арқалайтын серіктестер болуы керек.
Менің ойымша, мұғалімнің беделін көтеру тек заңмен немесе ресми құжаттармен шектелмеуі тиіс. Ол отбасындағы тәрбиеден, ата-ананың мектепке деген көзқарасынан, оқушының ұстазбен қарым-қатынасынан және қоғамның білімге деген құрметінен басталады. Бала мұғалімге құрметпен қарауды отбасында үйренсе, мектептегі тәрбие жұмысының да нәтижесі арта түседі.
Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, есептілік талаптарын оңтайландыру, цифрлық жүйелерді тиімді үйлестіру және ұстаздардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты нақты нәтижеге жеткізуі қажет. Бұл ретте мұғалімдердің өз пікірін тыңдап, олардың күнделікті тәжірибесіне сүйеніп шешім қабылдау аса маңызды.
Президенттің бұл ұстанымын қолдай отырып, айтарым: ұстазға жағдай жасау – білімнің сапасына жағдай жасау. Ұстаздың беделін қорғау – ұлттың болашағын қорғау. Мұғалімнің еңбегі бағаланып, құқығы қорғалып, кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік берілгенде ғана біз білімді, саналы, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мақсатына нық қадам жасай аламыз.
Ұстазға құрмет – сөз жүзіндегі ұран емес, күнделікті өмірдегі нақты әрекет болуы керек. Мемлекет басшысы көтерген осы мәселелердің іс жүзінде шешімін табуына сенім білдіремін және білім саласын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймын.

Айымхан ИЗТИЛЕУОВА,
N93 Абылай хан атындағы жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *