Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5574 әскери бөлімінің құрылған күніне арналған «Айбынды елдің айбарлы әскері» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиында әскери бөлімнің қалыптасу тарихы мен қызметтік жетістіктері дәріптеліп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Түркістан қаласы гарнизонының бастығы — 99210 әскери бөлімінің командирі полковник Талғат Мажимбеков, Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – қызметте үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі болды. Атап айтқанда, бірқатар ұландыққа Түркістан қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды. Ал Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының атынан грамоталарды полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев тапсырды.
Сондай-ақ, әскери бөліммен тығыз ынтымақтастық орнатып, өзара іс-қимылды нығайтуға және қызметтік міндеттердің орындалуына қолдау көрсетуге үлес қосқан мекеме өкілдері мен азаматтар «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Бұдан бөлек, қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілер Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының және әскери бөлім командирінің атынан марапаттарға ие болды.
Мерекелік жиында әскери бөлімге көрсетілген қолдаудың да жарқын үлгісі көрініс тапты. «ABZAL GROUP» ЖШС менеджері Сәкен Байменов сарбаздардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында әскери бөлімге теледидар тарту етті.
Салтанатты шарада сөз алған 5574 әскери бөлімінің командирі полковник Төлеген Шыныбеков жеке құрамның қызметтік жетістіктеріне тоқталып, әскери бөліммен бірлесе жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен серіктес мекемелерге алғысын білдірді.
— 5574 әскери бөлімінің құрылған күні – біз үшін айрықша маңызы бар мереке. Бұл – әскери дәстүрлерге адалдықты, Отанға деген сүйіспеншілікті және ел тыныштығы жолындағы ортақ жауапкершілікті айқындайтын күн. Жеке құрамымыз алдағы уақытта да жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, халықтың сенімін ақтауға бар күш-жігерін жұмсайды. Бізбен бірлесе жұмыс істеп, әскери бөлімнің қызметіне қолдау көрсетіп жүрген барлық азаматтар мен мекемелерге алғысымызды білдіреміз, – деді полковник Төлеген Шыныбеков.
Айта кетейік, 5574 әскери бөлімінің жеке құрамы Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарып келеді.
«Айбынды елдің айбарлы әскері» атты салтанатты іс-шара әскери қызметшілердің еңбегін ұлықтап қана қоймай, Ұлттық ұлан мен жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары және қоғам өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңызын айқындады.