«Қазаққа қорған болған Ханқорған»

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.

Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,

Ер намысын ешбір жанға бермейміз

Қасым Аманжолов

Ата жұрт, атамекен — өте кең ұғым. Атамекен — адамның ата — бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп — өніп келе жатқан жері. Өмірден көретін қызығы мен бақытының тұрағы.

Біздің халқымызда ата-мекенді ардақтау сезімі өте тереңде жатыр. Туған жерді қасиет тұту — қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған. 
Бұдан бірнеше ғасыр бұрын айтылған, атап айтқанда, Күлтегін ескерткішінде жазылған:

Қызыл қанымды ағыздым,

Қара терімді төктім.

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Тізеліні бүктірдім.

Бастыны еңкейттім,

Түрік болғаным үшін,- деген жолдар атамекен құдіретін, Ұлы Дала елін айқындай түсетіндей. Біздің ата-мекеніміз — Қазақстан! Қазақ деген намысшыл ұлттың ұрпағымыз.

Міне, осындай намысшыл елдің ұрпағы болғаныма мақтанамын! Тарихы тереңде жатқан елімнің өткен жолдары тарих беттерінде өшпестей із қалдырған. Қаншама қиындықтан өткен елімнің болашағынан үміт күткен бабаларымыздың арманы орындалып, бүкіл әлем қызыға да, қызғана да қарайтын Тәуелсіз Мемлекетке айналдық.

Еліміздегі әрбір атқарылған игі істер – еліміздің болашағына, келешек үміт күткен, жастарына яғни Ұлы Дала елінің перзенттеріне арналып отыратыны сөзсіз. Ұлы Дала Елі… Елбасымыз өз сөзінде былай деген болатын: «XXI ғасырда далалық Еуразияның құшақ жетпес кеңістігі қайтадан түлеп, өркендеуде. Біз өз тарихымыздың жаңа шамшырағын жақтық. Сондықтан да бүгінде және әр кезде де біздің Қазақстан, ол — Ұлы Дала елі! Ол — түлеген Ұлы Дала елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы. Ол біздің Отанымыздың өткенін де, қазіргісін де, болашағын да бейнелейді. Онда қазақстандық мінез бен оның негізгі сипаттары көрініс тапқан. Олар — біздің жан дүниеміздің ашықтығы мен кеңдігі, біздің жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық пен бейбітсүйгіштік, кемеңгерлік пен ойшылдық, еңбексүйгіштік пен іскерлік. Ол — сүйікті жеріміздің өркендеуіне осы уақытқа дейін болмаған қол жеткізудегі өзіміздің күшіміз бен мүмкіндіктерімізге деген сенім. Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой — санасы мен жан дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін. Тағы қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз солардың жалғасымыз. Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз — ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала елі! Бұл — біздің тағдырымыз! Бұл — біздің таңдауымыз!»- деген болатын.

Ұлы Дала Елі – біздің мақтанышымыз, бүгініміз бен болашағымыз. Бабалар аманат еткен Ұлы Дала елін көзіміздің қарашығындай сақтау — біздің міндетіміз екені сөзсіз.
Өсіп келе жатқан ұрпақты ұлы дала аманатын әрі қарай сақтауға тәрбиелеудің негізгі идеясы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар. Ұлт болашағының негізі мектепте қаланады, сондықтан бағдарлама бойынша «Қазақстан тарихы» пәнінде Рухани жаңғыру идеясы негіздерінің құндылықтарын «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаларын оқыту мен тәрбиелеуде жүзеге асыру ұсынылып отыруы жәйдан жәй емес.
«Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарын:
«Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық» принципі бойынша пән мазмұнындағы ел тәуелсіздігі жолындағы күрестер тарихы, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы, «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңының қабылдануының тарихи маңызы тақырыптары арқылы тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау әр бір Қазақстан азаматының қасиетті борышы.

Білім беру саласының қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізу туралы айтылған. Қазақ хандығының шежірелі тарихының ұмытылмас бір бөлігі Сайрам жерінде жатыр. Біздің өлкеміз жайлы ең алғашқы дерек парсының ежелгі кітабы «Авестада» кездеседі. Өлкеміздің ежелгі атауы VII ғасырда Исфиджаб (екі дария  аралығы), ХІ ғасырда Сайрам (Тастақ сай) деп аталғаны белгілі. Тарихқа үңілсек қазақ халқының, ұлтының қалыптасуына тікелей ықпал еткен біздің өлкеміздің даму кезеңімен байланысты болғанын аңғарамыз.

Тарихи деректер сүйенсек Сайрам (Исфиджаб) қаласы бұдан үш мың жылдай бұрын, жергілікті тайпалар жаппай отырықшылыққа көше бастаған кездері Жібек Жолының бойынан салынған. Орта ғасырларда бұл өлке Қарахан мемлекетінің құрамына кіргендігі көрсетілген. V-VІІ ғасырларда Алатау, Қазығұрт, Қараспан, Қаратау және шығыста Тараз қаласына дейінгі аралықта жатқан кең өлке «Сайрам өлкесі»  деп аталып кеткен.

XV-XVI ғасырларда Қазақ хандығының шаңырақ көтеріп, бір халық болып бірігуі Сайрамды қайтадан ұлы оқиғалардың ортасына қойғанын көреміз. 1512-1513 жылы ерте көктемде Қараталда Шайбанилер ісімен айналысып жүрген Қасым ханға Сайрамның әкімі Қаттабектен елші келіп, Сайрамды өз билігіне алуды сұрайды. Қасым хан Қаттабектің ұсынысын қабыл алып, ол жаққа бір әмірін жіберіп, қала кіліті табысталады. Қасым хан да, одан кейінгі қазақтың ел билеушілері де Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамды «маңызды стратегиялық орын» деп қарап, бұл аймақта қорғаныс шараларын күшейтті.
Оңтүстік өңірдегі Хиуа мен Бұхара хандықтарының басқыншылық әрекеттерінің күшейе түсуіне байланысты Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрамның жерінен, Арыс өзенінің бойында орналасқан Ханқорған бекінісіне келіп қоныстанды.

Қазақ жерінің тауы мен жазығы, қыраттары мен төбешіктері ата-бабамыздың ашылмаған қаншама сырларын іштеріне бүгіп жатқаны бізге беймәлім. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген және белгі қойылған 434 тарихи орын белгілі, оның ішінде Сайрам ауданындағы ескерткіштердің саны 52. Солардың бірі Сайрам ауданы, Мәдени ауылының іргесінде орналасқан «Ханқорған».
Ханқорған туралы ел аузында аңыз-әңгiмелер көп. Сынған қылыш, жерасты су құбырларының қалдықтары, құмыра, ыдыс-аяқ сынықтары төбе маңынан көптеп кездеседi. Жергiлiктi тұрғындар: «Ханқорған — бiр кездерi Абылай ханның ордасы болған, осы қорғанды Жәнiбек хан салдырып, хандық құрған» дейдi.

2009 жылы Алматыдан бiр топ  археологтар келiп, қазба жұмыстарын жүргiзiп, металл ерiтетiн ошақ тапқан, алайда бастаған iстерін аяқсыз қалдырып, Ханқорғанды тастап кеткен. Ханқорғанда металл ерiтетiн ошақтың табылуы, онда отпен ататын қару жасалды деген болжамды туғызады. Жоңғарлар осы маңызды өндiрiс орнын қалайда алуды көздегенi анық. Демек, қиян-кескi шайқас болды деуге толық негiз бар.

Абылай Ханқорғанның ерлiгiн естіп білген, оны мақтаныш еткен деуге негiз бар. Қорғанды өз көзiмен көрген соң, Түркiстан мен Көкшетау аралығындағы жол торабы екендiгiн байқап, өмірінің соңына дейін Ханқорғанда өмір сүрген.

Абылай хан  Арыс пен Сыр өңiрiне ықпал ету мақсатындағы Бұхара әмiрiмен болған даулы оқиғалар кезінде Ханқорғанда бiрнеше рет жиын өткiзген. Мәселенi бейбiт шешіп, мәмiлеге келу мақсатында Бұхараға елшiлік арқылы сый-сыралғы жiбередi. Бұхара әмiрi Абылай ханның өзi келсе, әскерiн керi қайтаратынын айтады. Қазақ ханы қонақта болып, мәмiле жасалады. Нәтижеде, Ташкент пен Арыс алқабында қазақтар емiн-еркiн көшiп жүруге мүмкiндiк алады. Дегенмен, Абылай хан шайқаспен жеңiп алмағанына қатты өкiнген екен. Содан құса болып ауырып, Ханқорғанда бiр апта төсек тартып жатып, қайтыс болған. Шiлденiң аптап ыстығында киiзге орап, оған үнемi су құйып отырып, Түркiстанға алып барып жерлеген екен. Жалпы, ел аузында Абылай ханның қайтыс болған жерi туралы әңгiме көп, соның бiрi осы Ханқорған төбесi.

1985 жылы жарық көрген Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» туындысы «Қазақ хиссалары» атты кітапта Қытай Халық Республикасының «Ұлттар» баспасында жарық көрген, туындының «Абылайдың дүниеден өтуі» атты бөлімінде:
Осылай үлкен-кіші зар жыласып,
Артынан жыланар-ды көңілін басып.
Содан соң – үй салмаққа қолын ұрды,
Лай жасап, балшық құйып, кесек тасып.
Басынан бір төбенің қорған салды,
Керекті қаражатын байдан алды.
Арыстың өзенінде бұл уақытта.
Ол төбе «Ханқорған» деп аталар-ды – деген шумақтар келтіріледі.

Ханқорған жөнiнде Өзбекәлi Жәнiбеков «…Шымкенттен жиырма шақырымдай жерде Абылайханның ставкасы — Ханқорған тұр. Абылай ханның немересi Сыздық сұлтан орыс генералдары арқылы Бұхара әмiрiнен бала-шағасын алдырып, өмiрiнiң соңына дейiн осы қорғанда тұрды…»  деп жазады.

Жұмбағын iшiне бүгiп жатқан төбенiң шындығы қашан ашылары беймәлiм. Ханқорған мемлекет  пен тиісті орындардың қамқорылығына зәру. Бар болғаны  «Ханқорған» аты темiрге жазылған белгі ғана орнатылған . Төңiрегi егiстiк алқап, жайылған мал да, адамдар да төбені басып, жаншуда.  Жергілікті тұрғындардың айтуынша облыстық жоғары оқу орындарының археолог мамандары бұл жерде біраз жұмыс істеп, бірнеше құнды жәдігерлерді өздерімен бірге алып кеткен екен. Алайда шашылған адам сүйектері мен жұмбағын жасырған бұл қорған, жер асты жолдарының іздері зерттеу жұмыстарының аяқталмағандығын, ата-баба тарихына қиянат жасалып жатқандығын көрсетеді.

Менің шағын зерттеу жұмыстарымның негізгі мақсаты:
➢ Мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынса;
➢ Ұлы дала тарихының бір бөлшегі болып отырған Ханқорған археологиялық ескерткішін республикалық деңгейде зерттеліп, шынайы бағасын берілсе;
➢ Ханқорған тарихы туралы мәліметтерді Қазақстан тарихы бағдарламасына енгізілсе;

 

Аян Мұратов,Бәйдібек атындағы жалпы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *