АҚСУДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ҮҢГІР

Тарихшы, өлкетанушы Қаныбек Құрманбекұлының жинаған деректеріне сүйене отырып, оқырмандардың назарына өлкеміздің тарихи орындарының бірі Қараәулие үңгірі туралы дерек ұсынамыз.

Долданбайдың қыр-жыраларының етегінде, Ақсу өзенінің ең биік беткейінде Қараәулие үңгірі бар. Етегінде ши қамыс толы. Бастауы қайнап жатқан, суы мөлдір, одан Мыңбұлақ сылдырай ағып, Ақсу өзеніне барып құйылады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елдің жасы үлкені болған, бүгінде марқұм Құдабай атамнан Қараәулиенің тарихын сұрағаным бар. Ол кісі:
—Е, шырағым, біз бала кезден, ес білгелі бар бұл үңгір. Қай кезеңде пайда болғанын дөп басып айта алмаймын. Менің әкемнің балалығы кезінде де болған. Талай жанға шипасы тиген осы үңгір үш бөлмеден тұрады екен. Кіреберіс бөлменің бұрышындағы қасиетті топырағы талай жандарға ем болыпты. Бала кезімізде Қараәулиеге жан-жақтан адамдар ағылып кеп жататын. Ем алып, мінәжәт етіп, дұға тілеп, тәу ететін. Соның бәрін көріп өстік. Бұл да бабаларымыздан қалған тарихи орын ғой,-деген еді жарықтық. Өткен ғасырдың орта кезеңінде Жатқанбай ата жеті шырағын жағып, шырақшы болды. Үңгірге барынша назарын салды. Етегі ну тоғай еді. Құстар келіп шулап, аңдар келіп шөлін басып жататын. «Мыңбұлақтың суы талай жанға шипа болды, жұрт балшығын жараға жаққан» деп айтып кеткен естелігі қалды. Нағашы әпкем Қалияның көзін шел басқанда, осы Қараәулиеге келіп жазылғанын Зияда анам айтып отырушы еді. Үңгірді табиғи мұздатқыш деуге де болады. Ыдыста тұрған су, сақталатын ет тастай боп тұрады. Бүгінде жарқабақтағы үңгір қараусыз қалған. Оған баратын бір аяқ жолын адам жиі баспаған соң ескірген. Биіктеу жердегі топырағы құлап, кіреберіс дәлізі ғана қалған. Талай ғасырдың куәсі болған Қараулие үңгірі біраз тарихты сыр сандықтай бүгіп, сақтап жатыр. Бәлкім, жаңа ұрпақ барынша зерттеп, зерделер мұны. Бұл әулиелі жер Сайрам ауданының бұрынғы Қызыл-Қазақстан (қазіргі М.Оразалиев елді мекені) ауылына жақын, Ақсу өзенінің бойында орналасқан. Қызыққан жан келіп тамашалауына болады.

Іnfotn.kz

(сурет инетернеттен алынды).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *