ДЕРТКЕ ДАУА, ЖАНҒА ШИПА

Күнделікті күйбең тірлік пен қаланың қарбаласынан шаршаған адам баласы бір уақыт жыраққа барып, көрікті мекендерді тамашалап, ми сергіткісі келетіні жасырын емес. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Сайрам ауданының туристерге берері мол.
Рас, бұл – тұмса табиғатта демалуды ұнататындар үшін таптырмас өлке. Мәселен, Сайрам ауданына қарасты «Манкент» шипажайы тамаша табиғатымен көпшілікке танымал. Талай жанның дертіне дауа, жанына шипа болған орталық. Қазақстан жерінде бой көтерген емдеу-сауықтыру орындарының ең алғашқыларының бірі. Сайрам ауданында ішкі туризмді дамытуда осынау айтулы шипажайдың орны ерекше.
Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт 2011 жылғы маусымның 4-інде «Егемен Қазақстан» газетінде жазған «Манкент» мақаласында былай деп суреттеген: «Манкент» шипажайы қанат жайып жатқан бөлекшелеу биік беткей – Табиғат-анаңыздың таңғажайып тартуы. Шығыс жағында да қайталанбас құйқалы қыраттар, ойлы-қырлы бедерлер, суы сылдыраған жыралар, бағзыдағы бабалардан жалғасқан мұралар… Шипажай шіркініңіздің ауасы айрықша. Желемігі желпиді. Самалынан саумал иісі аңқиды. Бауларындағы ағаштар өзгеше өседі. Саябақтары, саяжолдары тынысыңызды ашады, гүлзарлары аңқыма жұпар шашады. Халық жазушысы, елінің сүйікті суреткері Шерхан Мұртаза келіншегі Ақбілекпен бірге қос өңірінде талшын ағашы тізілген саяжолмен серуендеп келеді екен. «Мына каштандар жүз жасауға жақындап қалған-ау», – деп қояды. Айтпақшы, Шерағаңның бес кітаптан тұратын, Тұрар Рысқұлов туралы роман-эпопеясында осы Манкентіңіздің мәністелер тұсы бар. Ояз бастығы Колосовскийдің кереметтей көретін, шаршап-шалдыққанда шипа табатын саяжайы болған Манкент мүйісі осы. Тұрар Рысқұлов һәм Наталья Колосовскаямен талай қыдырған…».
Кезінде жергілікті жазушымыз Ерсін Қойбағарұлы да осынау жердің сұлулығына тамсанып, «Манкенттің түнін есіңе ал» деген өлең жазған. Оған Бағдат Алтай ағамыз ән жазып, Сайрам жерінде бір дүркіреген жаңалық болған еді.
Иә, шипажайдың тарихы терең. Бүгінде құрылғанына 100 жылдан асқан осынау шипажай жайында оқырманға әңгімелеп беруді жөн көрдіп отырмыз.
Түркістан облысы, Сайрам ауданының аумағында орын тепкен «Манкент» шипажайы Шымкент қаласынан теріскейге қарай асфальт жолмен жүргенде 25 шакырымда. Алматы теміржолының «Манкент» бекетінен 6,5, Алматы-Ташкент-Термез даңғылынан 3 шақырым қашықтықтағы өндіріс орындары мен елді мекендермен алыс, тыныш, үстіртке орналасқан.
Сонау, 1921 жылы 13-мамырда В.И.Ленин «Демалыс үйлері туралы» декретке қол қойды. Онда былай делінген: «Демалыс үйлері жұмысшылар мен қызметкерлердің кезекті еңбек демалысы кезінде тынығып, күш-қуатын калпына келтіру мақсатында табиғатты денсаулыққа пайдалы, жайлы жерлерге ұйымдастырылады».
1922 жылы Шымкент өлкелік Атқару Кеңесінің шешімімен Ақсу ауылының маңынан демалыс үйін ұйымдастыру үшін 225 гектар құнарлы жер бөлінді.
Құрылысы 1923 жылы басталған демалыс үйі келесі 1924 жылы іске қосылды. Ол кезде бір лекте 70 адам қабылданды. Демалушыларға қам қыштан соғылған кішігірім үйлер мен шағын киіз үйлерден орын берілетін.
1926 жылы 20 бөлмесі, 2 залы бар №1 жатақ салынды. Оның бір залы асхана, екінші залы клуб ретінде қолданылды.
1930 жылы 100 орындық асхана, қызметкерлерге арнап бір үй және әкімшілік кеңсесі, емханасы, қойма орналасқан №2 жатақ салынды.
1937 жылға дейін демалыс үйі бір лекте 100-120 адам қабылдап, мамыр мен қарашаға дейінгі жылдың жылы мезгілінде ғана жумыс істеп тұрады. 1938 жылы бөлмелерге пештер соғылып, жатақтарды жылытуға мүмкіншілік туды. Сол жылдан бастап мұнда жазда бір лекте 180, қыста 80-90 адам демалатын болды.
Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ демалыс үйі әскери госпиталь ретінде пайдаланылып, 1946 жылдың наурызына дейін мұнда жаралы жауынгерлер емделді.
Соғыстан кейінгі жылдарда демалыс үйінің қызметкерлері шипажайды өз күшімен күрделі жөндеуден өткізіп, оны гүлдендіре, көркейте түсті. Сол 1947 жылдың маусымынан бастап шипажай бір лекте 120 адам қабылдай бастады. Ал 1948 жылы жазда 120, қыста 90-100 кісіні бірден қабылдау мүмкіндігі туды. Бұл көрсеткіш 1950 жылдың жазында 280-ге, қысында 150-ге жетті. 1950 жылы «Манкент» демалыс үйі Бүкілодақтық байқауда 3-ші орынды жеңіп алған еді. Одан кейінгі жылдары КСРО шипажайлары арасында өтетін байқауларда бірнеше дүркін бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп, көптеген Мақтау қағаздармен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, ауыспалы қызыл тулармен марапатталды. 1958-1964 жылдары жатақ қызметкерлеріне 80 пәтерлі үй салынды. Асхана кеңейтілді. Орталық жылу жүйесі қосылды. 300 орындық клуб 1962 жылы пайдалануға берілген еді. 1966 жылы демалыс үйі бір лекте жазда 650, қыста 375 адам қабылдады. Үш қабатты орталық жатақ 1975 жылы іске қосылды.
Әртүрлі ағаштар өсіріліп, әсем гүлдермен көмкерілген демалыс үйінің аймағынан «нұр үстіне нұр» дегендей жерасты шипалы суы шығуына байланысты Қазақстан Респубикасы Кәсіподақтар Кеңесінің шешімімен 1983 жылы шілдеде «Манкент» демалыс үйі пансионат аталып, емдеу-сауықтыру мекемесіне айналды. 1984 жылдың 2-ші каңтарынан бастап мұнда емхана жұмыс істей бастады.
1990 жылы «Манкент» пансионаты күрделі жөндеуден өтуге жабылған еді.
1992 жылдың мамырында қайта іске қосылды. Осы мезгілден бастап «Манкент» пансионаты санаторий атанды. Ал 1994 жылы ашық акционерлік қоғам болып құрылды.
КСРО құлап, жаңа ғана тәуелсіздік алған мемлекетіміз аяғынан тік тұра алмай, бірде бар бірде жоқ электр жарығы мен табиғи газ тым қымбаттаған, жанармай мен тағам тапшы қиын кезеңдерде «Манкентке» келетін демалушылар қатары да сирей түсті. Тіпті 1996-2000 жылдары шипажай желтоқсаннан мамыр айына дейін жабық тұрды.
Еліміз енді еңсесін көтере бастаған 2000 жылы «Манкент» қысы-жазы үзіліссіз жұмыс істеді.
2001 жылы демалушылар шомылатын көлемі 300 шаршы метр бассейн, 2003 жылы жаңа заман талабына сай салынған әрқайсысы 16 орындық №4, №9 жатақ, 140 орындық асханасы, 140 төсекті жайы (оның ішінде жер серіктігімен байланыстырылған теледидарлы 10 люкс бөлме) бар үш қабатты №10 жатақ су ішетін 2 бювет, 2 субұрқақ, бір балалар шомылатын әуіз іске қосылды. Көне жазғы клуб бұзылып, орнына бұрынғысынан әлдеқайда үлкен би алаңы салынды. №1, №2 жатақтар күрделі жөндеуден өтті.
«Манкент» демалыс үйінің алғашқы кірпіші қаланған сонау 1924 жылдан бері мұнда әртүрлі ағаштар, гүлдер көркейе түскен еді. Қазіргі кезде калың ескен қайың, қарағаш, қарағай, көктерек, қаратал, арша, емен, үйенкі, сәмбітал, талшын, шынар, бозқараған, аққарағандар шипажайды көкпеңбек қып кемкеріп, әсем безендіріп тұр. Одан басқа мұнда алма, ерік сияқты жеміс ағаштары да еседі.
Гулзарларда раушан, астра, түймедақ, хризантема, гүлқайыр сияқты алуан түсті демі гүлдердің түр-түрі көздің жауын алып кұлпыра түседі.
Шипажай ішінен ағатын арық-атыздар, әуеге атқылаған әдемі субұрқақтар, биік ескен калың ағаш ауаны ылғалдап, жаздың аптап ыстығының өзін жанға жайлы етеді.
Қазақстанның оңтүстік өңірі болғандықтан мұнда кей жылдарды айтпағанда, көбінесе қыс жұмсақ, қысқа, 1,5-2 айдан аспайды. Қар аз жауады. Көктем ерте шығады. Ерте көктем мен күздің соңғы айларында жауын-шашын көп. Көктемнен қоңыр күзге дейін күн шуағы мол. Жазда жаңбыр өте сирек жауады. Күзі құрғақ. Қыс кеш түседі. Тәнге жылы, жанға жағымды табиғаты, тап-таза ауа, жаймашуақ күн сәулесі, шипалы су – міне, осының бәрі «Манкент» шипажайының теңдесі жоқ табиғи емдері.
«Манкент» шипажайы аумағынан 1210 метр тереңдіктен жылы су табылған. Судың түсі аздап сарғыштау, мөлдір. Жағымсыз исі, дәмі жоқ. Ыдыста ұзақ тұрса аз ғана қоңырқай түсті тұнба түзеді.
Курортология институты зерттеулерінің қорытындысы бойынша бұл су сульфатты-хлорлы-натрийлі, шамалы минералды шипалы жылы сулар қатарына жатады. Минералдылығы бір литрде 2,2 грамм. Химиялық құрамы тұрақты. Қышқылдығынан негіздігі басым. Жер бетіне шыққандагы жылуы 39 градус.
Құрамында денсаулыққа аса пайдалы күкірт, темір, натрий, йод, бром, тағы басқа да элементтері бар «Манкент» шипалы суын ішуге де, ванна түрінде де кеңінен пайдалануға болады.
Суды қашан, қалай пайдалануды науқастың жай-күйіне, жүрек, асқазан, ішек, бауыр, ет, бүйрек сияқты ағзаларының жағдайына, ауруының түріне қарап емдеуші дәрігер белгілейді.
Суды алғаш ішкенде оның мөлшері 100-260 мл-ден аспауы керек. Бір тәулікте ішуге пайдаланылатын шипалы судың мөлшері науқастың әр кило салмағына шаққанда 3,3 мл. деп есептелінеді.
Асқазан сөлінің қышқылдығы көп болса, суды тамақтан 10-15 минут бұрын асықпай, сораптап ішкен жөн. Осылай ішкенде су асказанға көбірек тұрып, оның қызметін жақсартады.
Асқазан сөлінің қышкылдығы аз болса, суды тамақтан 1-1,5 сағат бұрын тез ішу керек.
Мұндайда су асқазанда көп кідірместен лезде ішекке өтіп, оның қызметін күшейтеді де, асқазан қызметі баяулайды, қышкылдығы да азаяды.
Асқазан сөлінің қышқылдығы қалыпты жағдайдан ауытқымаған болса, шипалы суды тамақтан 35-40 минут бұрын ішеді.
Жылыдай ішілген су асказанның, ішектің, өт жолдарының қозғалысын реттейді, тырысқанын, түйілгенін кетіреді, өттің, іштің жүруін жақсартады. Зәрді қуалайды.
Шипалы су асқазанды, ұлтабарды жууға, өт жүргізуге (дюбаж), ішекті, қын ауруларын емдеуге қолданылады. Онымен мұрынды, ауызды, тамақты шаюға да болады.
Көп жыл бойы бақылаудың нәтижесінде «Манкент» шипалы суын мына төмендегідей ауруларды емдеуге пайдалануға болатыны байқалды: мұрын ішінің кебуі, мұрыннан су аға беретін аллергиялы ринит, қызыл иектің қабынуы, жиі қайталайтын тамақ баспасы; асқазан гастриті мен ұлтабар ішектің қабынуы, асқазан, ішек жаралары, өт калтасының қабынуы, өт жолдарының ауруы, тоқ ішек кеселдері; буын аурулары, ревматизмнен, бруцеллезден калған буын артриттері, омыртқа остеохондрозы, бел ауру; уйқы бұзылуы, жүйке жұқарып, көңілдің қошы кетуі; әйелдердің жыныс аурулары; зоб ауруы; жұқпалы емес тері аурулары, қаны аздық.
2007 жылғы сәуірдің 1-інен бастап осы заманға сай физиотерапевтикалық және бальнеотерапевтикалық медициналық кондырғылардың көп түрімен жабдықталған, күніне 650-700 адам қабылдауларға есептелген, жаңа, екі қабатты емдеу ғимараты іске қосылды.
Емдеу ғимаратының бірінші қабаты сумен емдеу шараларына арналған. Онда ванна бөлімшесі, су массажы, ішекті жуу және геникологиялық жуу бөлмелері, Шарко душы, айналмалы-сепкіш душы және сауна, жүзу бассейні, суда жүздіріп омыртқаны созып емдейтін бассейн бар.
Екінші қабатта физиотерапевтикалық, болжау-диагностикалық, қол массажы, парафинді-өзекеритпен емдеу бөлмелері, сонымен қатар, жоғары білікті дәрігер мамандардың (кардиолог, гениколог, уролог, гастроэнтеролог) қабылдау бөлмелері орналасқан.
1999 жылдан бері мұнда Жанақорганнан әкелінген саз-балшық та емге қолданылады.
Сондай-ақ, емдік шөптер қосылган иондалған ауаны тыныс жодарына жіберіп емдейтін тұзды шахтаға түсіріп өкпе демікпесін емдейтін арнайы жабдықталган жайлар бар.
Ал қажетті нәрселермен толық қамтамасы етіліп, әсем безендірілген емдік дене тәрбиесі салынған күні бойы жаттығушылар үзілмейтінін айтпай өтуге болмайды.
Соңғы жылдары «Манкентте» әлемдік стандартқа сай сегіз жаңа жатақ, он жаңа коттедж іске қосылды. Бұлардағы әр бөлмеде кабельді теледидар, телефон, ванна-душ, басқа да демалуға керекті нәрселердің бәрі бар.
«Манкентте» барлық азық-түлік өз қосалы шаруашылғгында өндіріледі. Мұнда: сүт өнімдерін шығаратын ферма, қысы-жазы көкеніспен қатамасыз ететін бақша және жылыжай, мал бағып бордақылайтын ферма, наубайхана бар.
Соңғы жылдары 6,5 гектар жерге 7000 дана сәндік және жемістік ағаштар, 700 дана қарағай отырғызған.
Бүгінгі күндері кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп денсаулығын түзетіп, тынығып қайтып жатқан жандардың саны жылдан жылға ұлгаюда, себебі «Манкент» шипажайында дем алу үшін де, ем алу үшін де барлық жағдайлар жасалған.
Жаңа үлгідегі үш асхана: № № асхана – 300 орынды, санаторияда демалушылар үшін әдемі безендірілген зал жене көптеген цехтар мен демалу бөлмелерімен; №2 асхана 200 орынды жанұялы жазғы демалу үшін, клуб, екі би, бір спорт алаңдары, кітапхана, көкпенбек көрікті бақ, әсерлі де әсем гүлзарлар, суы мөлдіреген қос бассейін, пошта, қалааралық сөйлесу пункті, ерлер, әйелдер шаштаразы, аяқкиім шеберханасы, биллиярд залы, шомылатын әуезі бар орыс моншасы мен фин саунасы, балалар ойнайтын атракцион, тәуліктің қайсы бір мезгілінде кірсеңіз де сусыны, тамағы, тағамы дайын кафе, бұған газет-журнал, балмуздақ, газды су сататын киоскілерді, дүкендер мен басқа да сауда орындарын қоссақ, демалушылар: Сайрам, Отырар, Арыстанбаб, Түркістан, Шымкент, Ташкент, Машат бағыттарына шығатын арнайы автобустарға отырып, көне мәдениет орындарын тамашалап, әулиелі жерлерге зиярат етіп қайта алатынын айтсақ, жоғарыдағы «барлық жағдай жасалған» деген сөзіміз дәлелдене түсері анық.

Айтпақшы, біле жүргеніңіз жөн. Шипажайды іскер әрі аймаққа сыйлы Хамрақұл Қорғанов ағамыз басқарады. Ол кісінің адамгершілігі мен ұтымды ұйымдастырушылығын жұрт жоғары бағалайды.

Дайындаған: Әділхан Төлегенов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған