Дзюдо сөзі жапон тілінен аударғанда «жұмсақ жол» немесе «икемділік жолы» дегенді білдіреді. Бұл спорт түрін қазір әлем мойындады. Сайрам ауданының Қарасу ауылында «Қыран ДСК» спорт клубының ашылуына байланысты 2012-2013 жылдары дүниеге келген ұлдар және 2011-2012 жылдары дүниеге келген қыздар арасында дзюдо күресінен аудандық жарыс өтті.
Дүбірлі сайысқа ауданымыздың барлық спорт мекемелерінен 200-ден астам жас татами шеберлері келді. Жасөспірімдердің бұл спортқа деген қызығушылығы мен мықты дайындығы жиналғандарды сүйсінтті. Өте тартысты да, қызықты сайысқа «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шәкірттері де қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Өздерінің мықты, икемді екендіктерін көрсетті. Атап айтқанда олар:
I орын — 26 келі салмақ дәрежесінде Халметова София.
I орын — 58 келі салмақ дәрежесінде Мырзақұл Мерей.
III орын — 26 келі салмақ дәрежесінде Құралбек Бекасыл.
III орын — 44 келі салмақ дәрежесінде Сұлтанова Роза.
Оларды айтулы додаға дайындаған жаттықтырушылары: Султанходжаева Умида, Әбілдаев Нұрғали.
Енді әлемге әйгілі осы спорт түріне қысқаша тоқталайық. Дзюдо – Жапонияда пайда болған жауынгерлік өнер және спорт түрі. Бұл спорттың негізін 1882 жылы жапон ұстазы Дзигоро Кано қалаған. Дзюдоның басты мақсаты – қарсыластың күші мен энергиясын өзіңе пайдаланып, оны тиімді әдістер арқылы жеңу. Дзюдоның негізгі техникаларына лақтырулар (нагэ-вадза), жердегі әдістер (катаме-вадза), буындарды блоктау және тұншықтыру әдістері кіреді. Бұл спорт физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар техникалық шеберлікті, жылдамдық пен икемділікті талап етеді.
Дзюдо Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1964 жылы енгізілді. Бұл спорт түрі қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша танымал, оның ішінде Қазақстан да дзюдо бойынша беделді спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сайрамдықтардың да осы дзюдо сайыстарына қатысып, облыс, республикада жетістіктерімен көрініп жүргені қуантады.
Нұртілек Нұрғисаұлы.