ӨНЕР ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Сайрам ауданы таланттардан кенде емес.Талай дарабоздар мен тұлғалар Отанымызға танылды. Өнер деп соққан жүрек көп. Оларды біз әрқашан бағалаймыз. Мен бүгінгі мақаламда қара сөз бен қара өлеңнің жүйрігі –Баян Тіленшина жөнінде әнгімелемекпін.
«Өлең деген өлкеде шапақ аттым,
Шуағынан жаралдым шапағаттың.
Туған Жерден Өнер боп өнген Жырмын,
Мен – сөйлейтін рухани Махаббатпын»,-деп өлеңнің азабын да ғажабын да тартып, оны аңсап, оны сүйіп, өзін де өлеңмен сүйікті еткен ақын, жазушы, сазгер, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы және Шыңғыс Айтматов атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, ақын, сазгер, жазушы, Сайрам ауданының, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ҚР Педагогикалық академиясының профессоры, халықаралық «Лучшие люди» орденінің, «ҚР 100 есім» иегері,Түркі әлемі Жазушылар одағының президенті Тіленшина Баян Керімқызы биыл мерейлі 75 жасқа толғалы отыр.
Баян Тіленшина 1949 жылы 15 тамызда Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылында дүниеге келген. Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. 1986-1989 жылдар аралығында облыстық атқару комитетінде қызмет атқарған. 1991-1999 жылдары балабақшада меңгеруші болды. 1999-2009 жылдары №29 Керім Тіленшин атындағы орта мектептің директоры қызметтерін атқарып, өмірін ұлт руханиятының дамуы мен өлкеміздің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қаламгер.
Баян Керімқызының шығармашылығы ауданнан бөлек, облыс өңіріне кеңінен таралып, танылған. Оның алғаш жарық көрген «Қарлығаш» атты жыр жинағы, «Қанат қақты», «Ғашықнама», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты жыр жинақтары және «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман – дүние» романдары дүниеге келген. Кезінде Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт сынды жазушы-журналистер тарапынан қазақ руханиятына қосылған стилі өзгеше үлес деп жоғары бағаланған болатын. Еңбек деген осы.
Кейінгі жылдары ақынның «Жұлдыз жүрек», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Ғашықнама», «Таным», «Тағылым», «Тағзым», «Тілек», «Тұғыр», «Түйін», «Тамыр» атты 12 жыр жинағы жарық көрген.
«Әріп – әліп» – балаларға арналған кітабы Б.Тіленшинаның әдістемелік хрестоматия кітабының мектепке даярлау мен «Өзін – өзі тану» пәнінің қайнары ретінде, ана тілін тереңдетіп оқытуда берер рухани азығы: ақындық өнер мен ұлттық тілді, дәстүрді таныту деңгейіне аса зор үлес қосуда.
«Сайрам елім», «Оңтүстік маршы», «Абайды соққан қазаққа, Орынбасар не өкпе?!», «Қыз сыйламас халықты», «Оңтүстік маршы», «Тұран туы – Түркістан», «Бақытты бол» өлеңдеріне әндер де жазылып, қазіргі таңда шартарапта шырқалуда. Көпшілік жылы қабылдайды.
Б.Тіленшинаның «Таңдамалы шығармалар жинағы» 4 томдық авторлық кітаптарының тұсаукесері және жалпы шығармашылық еңбектері Шымкент қаласындағы Түркістан сарайы, Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханасы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент Педагогикалық институты, Сайрам ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйлерінде әдеби кештері мен ғылыми-конференциялық кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерге «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі марқұм Мархабат Байғұт, белгілі ақын Нармахан Бегалиев, марқұм жазушы Еркінбек Тұрысов секілді өнер тарландары қонақта болған.
Автордың құрметіне 2018 жылы Шымкент қаласындағы бұрынғы «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасында, қазіргі Әл – Фараби атындағы қалалық кітапханада Баян Тіленшинаға арналған ақындық бұрыш ашылған. Сондай-ақ, 2019 жылы облыс бойынша «Баян оқулары» атты танымдық оқулары өткізілді. 2020 жылы Бішкекте өткен 6 мемлекеттің ақындары қатысқан жыр сайысында ІІІ дәрежелі дипломын иеленген болатын.
Әдеби туындылары өзбек, қырғыз және ағылшын тілдеріне аударылуда. Апайдың әлі де халқына берері көп. Шабыты шарықтай берсін дейік.

«Өмірдің шықтың өріне,
Қиыспай қарап тұрмыз біз,
Поэзия көгінде,
Жайнай бер, жайна, жыр-жұлдыз!»- деп жергілікті ақын Зияда Исатайқызының Баян апайға арнаған өлеңімен қоса біз де Баян Тіленшинаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт пен береке тілейміз! Жазарыңыз көп болсын!

Нұртілек Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған