Ортамызда өзіндік зор орны бар «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі режиссер Әскер Құлданов ауданымызға еңбегі сіңген, мәдениеттің мәйегін білген, білікті басшы С. Темірбаев жайлы төмендегідей ой тарқатады .
Күйбеңі көп тірлікте адам баласының көңілін көтеретін жәйт – мәдениет пен өнердің орны бөлек. Бұл салада салмақты тәрбие мен рухани байлықтың негізі жатары анық. Мәдениет қызметкерлері айналасын думанға бөлейтін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, өз ісінің шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Сондықтан көпшілік киелі өнер жолында аймақты республикаға танытып, биік тұғырдан көрсететін жандарды әрқашан мақтаныш етеді.
Қазығұрт аймағында Темірбаевтар әулеті екінің біріне мәлім. Бүкіл өңір халқы бұл отбасын түгелімен сегіз қырлы, бір сырлы қасиет қонған әулет деп дәріптейді. Бәрі бірдей ән де айтады, кез келген музыка асбабының құлағында ойнайды. Кезінде Қазақстан бойынша тұңғыш отбасылық ансамбльді құрғаны, ерекше өнерімен елімізден асып, Париж, София, Мәскеу,Ташкент, Бішкек тағы басқа да әлемдік қалаларды аралап, жаһанды шарлағаны да аға буының жадында сайрап тұр. Отанымыздың ұлттық өнерін дүние жүзіне паш етуге қосқан елеулі үлесі тарихта өшпестей ізі бар.
Сол әулеттің перзентінің бірі – Сейдуалы Өмірәліұлы Темірбаев. Ол Алматы қаласындағы саз училищесін, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітірген. Қазығұртта, Бөгенде, Сайрамда, облыста ерекше қолтаңбасы қалған дарынды өнерпаз. Ұйымдастырушылық іскерлігі әбден пісіп-жетілген Сейдуалы Өмірәліұлы 1996 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығының директорлығына тағайындалды. Бұл лауазымды екі жыл атқарып,өзінің Қазығұрт ауданына басшылыққа қайта келіп,алдында бастап,аяқталмай қалған істерін жалғастырды.Жоспарлаған бағдарламаларын әрі қарай дамытты.Осы қызметте жүріп, бес жылдан соң Сейдуалы Өмірәліұлы облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2003 жылы Сайрам ауданының сол кездегі әкімі Қуаныш Айтаханов өзі басқарған аймақтың мәдениеті мен тілін дамытуға басшылық етуге шақырды. Сәкең осы қызметті 20 жылға жуық абыроймен атқарып, Сайрам өнерпаздарының облыстық, республикалық байқауларға қатыстырып, өнерлерін жоғары дәрежеге көтерді.
Еліне ері қалтқысыз қызмет етсе, елі ерін дәйім сыйлайды.Үлкен қиыншылықтарсыз ешқашан жемісті істер де болмайтыны анық. Киелі өнердің адам тәрбиелеу құралы ретінде қызмет ету жолындағы Сейдуалы Темірбаевтің қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Отаны «Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын берді. ҚР Мәдениет , ақпарат және спорт министрлігінің «Құрмет белгісі » алып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» атанды. «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Астанаға -10 жыл», «Мінсіз еңбегі үшін» медальдарімен марапатталды. Ол 2003-2019 жылдары Сайрамда 8 әкіммен бірге жұмыс істеді. Облыс әкімдері Б.Жылқышев, Б.Сапарбаев, Х.Абдуллаевтің және аудан әкімдері Қ.Айтахановтың, Ө.Әметұлы, Ә.Тұрғымбеков, Мұхит Әлі, Әли Бектаев, Ғ.Жұмжаев, Е.Көбеевтің Алғыс хаттарымен марапатталды.
С. Темірбаев Сайрам ауданының 80 жылдығының мерейтойына «Сайрам әндерін шырқайық» атты ән жинағын шығаруға ықпалын тигізді.Аудандағы мәдениет және өнер саласын жоғарғы баспалдақтарға жеткізген жетекші әрі басшы болды.
40 жылдық тарихы бар «Ғұнча» халықтық ансамблінің республика көлеміне танылып, өнер көрсетуіне себепкер болды.
Сайрам ауданындағы «Қазақ халық театрының», «Жастар театрының», «Қуыршақ театрының», «Ақсу әуендері», эстрадалық ансамблінің, «Ақсу» ұлт аспаптар оркестрінің, «Ақсу» үрмелі аспаптар оркестрінің, «Сайрам» әзіл-ысқақ театрының негізін қалады.
Сайрам ауданы өнерпаздарының 2003 жылдан бері облыстық және республикалық байқауларда бас жүлде,1-2-3 орындар алып, кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолынан автокөлік мініп, аудан өнерпаздарын кәсіби дәрежеге дейін жеткізді. Ол жұмыс істеген жылдары аудан өнерпаздары ешқашан төменгі орынға түскен емес.
Әділхан Маратұлы.