Оқырман назарына жазушы Ерсін Қойбағарұлының Сайрамдағы тарихи жәдігерлер жайында еңбегін ұсынамыз.
Сайрамда тарихи мұра қатарына жататын ғажайып жәдігер бар. Осыдан мың жыл бұрын жер бетінде Құрлық деген қала болған. ІХ-Х ғасырларда араб саяхатшылары мен географ ғалымдары Орта Азия мен қәзіргі Қазақстан жерін зерттеп, көптеген қалалардың атын атап, олардың бір-бірінен ара қашықтығы, жол бағыты, топографиясы туралы құнды материалдар жазды.
Құрлық қаласы хақында Әбу Исқақ ибн Мұхаммед әл-Фариси әл-Истахирдің /850-934 ж.ж/, «Китаб масалик әл-Мамалик» («Мемлекеттерге барар жол кітабы»), Макдиси әл Мутахар ибн Тахирдің (Х ғасырда өмір сүрген) «Китаб әл-бәд ва тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихи кітабы»), Мухаммед ибн Ахмад ибн Әбу Бакр әл-Баннаның «Ақсан ат-тақасим фи Мармфат әл-Ақасим» (946-1000 ж.ж.) («Климатты білудің тиімді жолдары») еңбектерінен кездестіреміз.
Араб ғалымдарының кейбірі Исфиджабпен (Сайрам) маңында 39 қала бар десе, кейбірі 41 қаланы санайды.
Әл-Истахри Исфиджабпен іргелес қалалар шоғыры ішінен Құрлықты («Хурлуг, хулуг, хулу») бірінші атайды.
ХІІ-ХІІІ ғасырда жер бетінен өшірілген Құрлықты қайсыбір ғалымдар Шымкенттің көне бір аты десе, басқа біреулер фосфор зауыты маңында болса керек деп болжамдайды.
Ізім-қайым жоғалған қаланың тамтығы 1990 жылы Алматы-Термез даңғылы жол құрылысын Сайрам ауданының сол кездегі «Қайнарбұлақ» совхозына қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» бөлімшесі үстінен өткізгенде табылады.
Сонау бір заманда құмырсқаның иленуіндей құжынаған, базары қайнап, бау мен бақшасы гүл-гүл жайнап, бөденесі мен бұлбұлы дүл-дүл сайрап, Ұлы Жібек жолы бойымен өткен-кеткен керуендерді ұдайы қуана, құшақ жая қарсы алып, қимай, қиыла шығарып салып тұратын әсем қала «қабірінің» 8 ғасырдан соң табылуы әжептеуір-ақ сенсация туғызуы керек еді. Алайда басынан бағы қашқан КСРО күйреп, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып жатқан шақта бұл жаңалық ешкімді де елең еткізбеді. Бірде-бір басылым жазбады.
Ғылыми кітаптарда, (араб зерттеушілерінен басқа) оқулықтарда, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың, академик Карл Байпақовтың, еңбектерінде бұл қала Қарлұқ деп аталады.
Тарихқа үңілсек, Қарлұқ қағанаты 766 жылы құрылған. Оған шығыста Жоңғар Алатауынан, батыста Сырдарияға дейін, Солтүстікте Балқаш көлінен, Оңтүстікте Ыстықкөлге дейінгі жерлерқарады. Бұрын Жетісу жерін мекендеген түркі тайпалары осы Қарлұқ қағандығының қол астына кірді.
Парсы тілінде жазылған «Худуд әл-ғалым» деген география кітабында «Қарлұқ мемлекетінің бір шеті мен екінші шетінің арасы отыз күндік жол. Бұл аралықтағы бір тілді, көшпелі мен отырықшы аралас, мал өсірумен бірге егіншілікпен айналысатын халықтар бір зор мемлекет құрған» деп жазды.
Қолөнер, сауда-саттық, ақша айналымы кең құлаш жая дамып, әсіресе қала мәдениеті көркейіп, гүлдене түскен өркениетті Қарлұқ мемлекеті ҮІІІ ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырдың басында орасан күшейді.
«Худуд әл ғалам» бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Тараз, Құлан, Мерке,Атпалық, Тұзын, Қойлық, Жұл, Екі егіз, т.б. Исфиджабпен іргелес Бұлақкоб (Бұлақкөп, қазіргі Ақбастау ауылында), Манкент, Жумишлақ (Көмешбұлақ), Құрлық қалалары бар еді.
775-785 жылдары Қарлұқ қағандығы Ислам дінін қабылдады. Нәтижесінде ежелгі түрік, соғды жазуын ығыстырып, араб әліппесі негізінде жаңа түркі жазуы қалптасты. Қалаларда мешіт, медреселер салынды. Орта Азияда түркі тілдес халықтардан шыққан ғалымдар мен әдебиетшілердің көпшілігі шығармаларын араб тілінде жазды.
940 жылы Шығыс Түркістаннан жағма тайпалары баса көктеп кіріп, қарлұқтардың астанасы Баласағұнды тартып алды. Жағма мен шығыл тайпаларының біріккен одағы Қарлұқ қағандығының жерін түгел жаулады. Ыдыраған Қарлұқ қағандығы жаңадан құрылған қарахандықтар мемлекетінің құрамына енді.
714 жылы Кутейба ибн Мүслим әскерлерінің Шашты (Ташкентті), Исфиджабты (Сайрамды) жаулап алуынан бастап арабтармен, 747 жылдан қытайлармен бұл өлкеде дүркін-дүркін қиян-кескі соғыстар өтіп тұрған.
Тамтығы табылған қаланың Қарлұқ қағанаты кезінде гүлденгені анық. Ал оның аты араб жазба деректеріндегідей Хурлуғ па, ХХ ғасырдың оқымыстылары жазғандай Қарлұқ па, ол жағы беймәлім. Қағанаты құлағаннан кейін Қарлұқтардың аздаған бөлігі Жетісудың солтүстігіне ығысып, Қоялық (Қойлық) қаласын орталық етіп, шағын хандық құрғанынан да хабардармыз.
«Құлдықты көрмеген хурлуқ қадірін біле ме» дейді өзбек мәтелі. Біздіңше де «құр» сөзінің синонимі «бос» (құр қол келдім). Хур – араб тілінде «бостандық», «азат» деген мағына береді екен. Әлде әлгіндегідей басқыншыларын азаттық алған қала Хурлуғ аталып па екен?
Сол 1990 жылы Құрлықтың тамтығын зерттеген археолог Александр Грищенко қаржы тапшылығынан қазба жұмыстары тиіп-қашып аз-ақ күн ғана жүргізілгенін, соның өзінде тарихи кітаптарда жазылғанындай қала ішіндегі бұлақты, рабат пен цитадельді, зароастр (б.э. дейінгі ҮІІІ ғасырларда Иран териториясында туған) дініне табынатын киелі отты жағатын ошақты тапқанын айтты. Археологтың пайымдауынша, қала жер асты кәріздері арқылы мол сумен қамтамасыз етіліп отырған. Су көзі қаладан он – онбес шақырымдағы қазіргі Қарасу немесе Ақбастау елді мекендерінде.
А.Грищенко Құрлықтың қалашықтардан тұратын үш бөлігін, теріскейдегі төбе боп жатқан қамал орнын көрсетті.
Аумағы қанша гектарға жететінін есептемесек те, қаланың о шеті мен бұ шеті атшаптырым екеніне көзіміз жетті.
Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, «Көне Жібек жолы бойындағы орта ғасырлық қалалар» атты кітаптың авторы Карл Молдахметұлы Байпақовты әңгімеге тартқанымызда қала Құрлықтың дәл өзі екендігін айтты. Араб географтары Құрлық Сайрамның батысына қарай 4 фарсақта (фарсақ-6240м.) деп жазып кеткен екен.
Құрлық қаласынан екі шақырым төмендеу, теріскейінде Жуас баб әулие кесенесі тұр. Бір кездері маңдайшасында араб жазуы бар тақтайша болушы еді. Жоғалып кетіпті. Бұл кісі хақында ауызша деректер жоқ. Сайрам мұражайының меңгерушісі Мірахмет Мірхалдаров тапқан екі шежіреден мынаны анықтадық:
Хижраның 150 (771ж.) Әзірет Әлінің шөпшегі Ысқақ бап, інісі Әбдіжәліл бап, немесе інісі Әбдірахым бап 100 мыңнан астам әскерімен келіп, Қашқарды, Сайрамды алды. Олармен бірге бес табьи-табьилер (М.Мірхалдаровтың түсіндіруінше, Мұхаммед ғ.с. пайғамбардың көзін көргендерді көргендер) келген. Абдул Әзіз бап, Жанарлық бап (Қожа Самад), Қажы имам Бадриддин Абу Бакр Каффал, Хасан Уасли, Жуас баб.
Сол кезде қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірінде Фараб уәлаяты, Кеңжи уәлаяты, Исфиджаб уәлаяты болған. Аса білімдар ғұлама Жуас баб бабамыз Исфиджаб (Шаштаг Таразға дейінгі кеңістік) уәлаятының бас Қазиы қызметін атқарған.
Әдетте ғұламалар аса кішіпейіл, тым қарапайым келеді.
Біздің топшылауымызша, әулиенің Жуас аты ел қойған лақабы болса керек.
Мәселен, Ақ ата баб әулиенің шын аты — Қожа Хамид Байзауи.
Жуас баб бабамыздың шын есімін, еңбектерін асылы Арабстанан іздеу керек-ау.
Сонымен осыдан 8 ғасыр бұрын жермен жексен етілген қаланың тамтығы үстінде шашылған бір уыс жүгерідей бытырап қоныс тепкен құрлықтықтардың мыңжылдық үрім бұтағы сонау бір жылдары Сталин колхозы болып бірікті. 1962 жылы «Қайнарбұлақ» совхозына «Октябрьдің 40 жылдығы» бөлімшесі болып бірікті, одан Кеңес өкіметі құлағаннан бергі уақытта бұл елді мекен ономастикалық комиссия бекітпесе де Қызылсу-Сиқым атанып, ғұмыр кешіп жатты. Біздіңше тарихи қаланың атауын құрлықтардың ұрпақтарына қайтарып, ауылдан мұражай ашып, елді мекенді Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік бекет жасауға болатын сияқты. Бұл пікірімізді академик К.М.Байпақов қуана құптады.
Іnfotn.kz