АУДАННАН ШЫҚҚАН ТҰЛҒАЛАР

Өз елі өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?! 

              Ілияс Жансүгіров.

Тектінің талай табаны тиген,
Мәрттіктің зерлі шапанын киген,
Бабасы қорғап, баласы сүйген,
Тарихтың тайқазаны бұл Сайрам.

Шынында да Сайрам ауданы тарихы терең, мәдениеті мен өнері тамырлы, таяқ қадаса, тал болып өскен топырағы киелі мекен. Бұл мақаламызда осынау киелі де қасиетті бүгінгі Сайрам ауданы, кешегі Исфиджаб жерінің арғы-бергі тарихы, осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен елге еңбек сіңірген азаматтар туралы деректер жарияламақпыз. Мұндағы мақсат – өңірімізден шыққан тұғыры биік тарихи тұлғалар, ел мақтаны болған белгілі азаматтарды насихаттау арқылы елдің ертеңгі үміті саналатын жас ұрпақтың туған жерге деген махаббатын ояту.


Құрманбек Жандарбеков
 (1905 – 1973) — әнші, актер, режиссер, педагог, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі (1936).

Қ . Жандарбековтың үздік опералық партияларының бірі — “Қыз Жібек” операсындағы Бекежан. Әнші Бекежанның қиыннан жол табар айла-тәсілдерін, өткір де қызба мінезі мен қайшылыққа толы ішкі жан дүниесін сан түрлі бояумен ашып, әсерлі сомдады. Жандарбеков режиссер ретінде Брусиловскийдің “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Гвардия, алға”, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай”, М.Төлебаевтың “Біржан – Сара” (КСРО Мемлекетінің сыйлығы, 1949), Ж.Бизенің “Кармен”, Қ.Қожамияровтың “Назугум” операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас (“Амангелдіде”, 1939), Қадырбай (“Жамбылда”, 1953), Садық (“Біз Жетісуданбызда”, 1958), Ережеп (“Өмір жолында”, 1959), т.б. рөлдерде ойнады.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949) Ленин ордені, « Еңбек Қызыл Ту» , «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

 


Сәбит Оразбаев
 (1936 жылы  туған) — кеңестік және қазақстандық кино және театр актері.

Халықтық өнер бастауынан қанып ішкен өнерпаз, әнші, сазгердің әндері де халық арасына кең тараған. Және бұл өнері М. Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек рольдерінде кезең-кезеңімен жарқырай көрінді. Сәбит Қоңырбайұлының ұлттық өнерге сіңірген зор еңбегі бағаланып: «Қазақ КСР-ның еңбегі сіңген әртісі», 1976 жылы «Қазақ КСР-ның Халық әртісі» құрметті атақтары берілді.1994 жылы «Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі», 1994 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды; КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту ордені» 1996 жылы «Парасат» орденінің иегері; 2008 жылы ҚР Ең жоғарғы айрықша белгідегі «Отан» ордені иегері атанды. 2016 жылы 80 жылдық мерейтойында ҚР  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, ұлттық театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін І дәрежедегі «Достық» орденімен марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» Құрметті белгісінің иегері.



Ақсақал Қалмырзаев
(1936 -2013)- актер, Қазақстанның халық әртісі (1993).

Ол ұлттық және шет ел, орыс драматургтерінің шығармаларында ойнады. А.Қалмырзаев  Төлеген, Жалмұқан (Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» мен «Ақан сері – Ақтоқты»), Сырым, Кебек, Абыз, Әлібек (М.Әуезовтің»Қарагөз», «Еңлік – Кебегі» мен «Айман – Шолпанында»), Сәкен Сейфуллин, Текеш (Ә.Әбішовтің «Сәлем, Сәкен атасы» мен «Мәдиінде»), Абылай (Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуында»), Данияр (Ш.Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсіңдегі»), Фердинанд (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында») тұлғаларын сомдады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1980), «Парасат» орденімен (2003) марапатталған.

 

Ошат Рақымов  (1939- 2016) — кеңестік және қазақстандық кино және театр актері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1991). «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Алматыдағы қазақтың қарашаңырақ театры, ондағы аттары аңызға айналған сахна майталмандары сол кездегі сахна табалдырығын енді ғана аттаған жас дарын өнер иесі Ошат Рахымовқа – бірімен сахналық жұптас болғандығы, енді бірінің актерлік шеберлігін өз бойына сіңіруіне, кәсіби деңгейін арттыруға үлкен септігін тигізді. Өмір мен өнер жолында тарықпас азық берген тап сол өнер ұжымында Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, С,Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, т.б сахна саңлақтары сол жылдары қызмет еткен. 1962 жылдан өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек етті. «Өмірім-өнерім» атты өлеңдер жинағы бар.Сахнада 200-ге тарта образдар жасаған: Нарша, Көбей, Еспембет, Қозы Көрпеш, Бекежан, Бірсімбай Люченсио, Капулетти, Әсет, т.б. 20 шақты әннің авторы.

 


Ерсінбек Қойбағарұлы
(1946 -2014) жазушы, А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың және Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.1946 жылы  Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық аулында дүниеге келген. Оның әңгіме, повестері, сатиралары, өлеңдері, мақала, очерктері көптеген газет-журналдарда жарық көрді. «Манкент» шипажайында қызмет ете жүріп, шығармашылықпен айналысты. Е.Қойбағарұлының туындылары 18 жеке кітап болып және 10 ұжымдық жинаққа жарияланды. Оннан аса өлеңдеріне танымал сазгерлер ән жазып, ол әндер халық арасына кеңінен тарады. «Қасірет қақпаны» атты балаларды есірткіге қарсы тәрбиелейтін  трагедиялық пьесасы және «Бала мен қайыршы», «Қызғалдақты жұлмаңдар», Костинскийден аударған «Тосын сый», жапон драматургі Дзиндзу Кипоситоның «Тырна ұлпалары» атты шығармалары жер-жерде қойылып, драматург ретінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Е.Қойбағарұлы − жоғары санатты психотерапевт, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар Одағы Қауымдастығының мүшесі, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, Ресейдегі А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың және алтын медальдің, сондай-ақ, әскери-теңіз флоты «Адмирал Нахимов» атындағы төсбелгінің иегері.

Жазушының әңгімелері мен повестері өзбек, қарақалпақ, түрік, орыс тілдеріне аударылған. Үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы оқырмандар назарына ұсынылған. Мәскеуден шығатын «Евразия» журналының №2 санында Е.Қойбағарұлының «Бала мен қайыршы» әңгімесі жарияланды. 2012 жылы «Махаббатым − ғайыперенім» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. 2013 жылы «Суицид» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы Алматы қаласындағы «Баянжүрек» баспасынан жарық көрді. Жазушының «Сергелдең сезім» атты соңғы романы науқастануына байланысты бітпей қалды.

 


Тұрсынай ОРАЗБАЕВА
(1950 -2015) – ақын, А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың және Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 1950 жылыСайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылында туған. Еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 1970–1980 жылдары облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. 1980 жылдан бері Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып істеді. 1989–1991 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет курсында оқыған. 1997 жылдан Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VІІІ фестиваліне (1975) қатысқан. Облыстық және Алматыда өткен ІІ республикалық ақындар айтысында (1980) жүлделі орынға ие болған. А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008). Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.

Міне, қадірлі оқырман! Өздеріңізді бұл тұлғаларды біліп әрі ұмытпай жүрсін деген ниет біздікі.

 

Дайындаған: Әділхан Маратұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған