ҚҰРМАНБЕК ЖАНДАРБЕКОВТІҢ АМАНАТ ДҮНИЕСІ

Қазақ өнерінің қайраткері,  Сайрам ауданының төл перзенті Құрманбек Жандарбеков жайлы ой толғағанда өнер иесінің табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегіне таңғаласыз.Табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аты аңызға айналған саф алтындай өнер иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтың өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Өткенді еске алып, келешекке кие еткен, бізге алыстаған сайын асылға айналған бейне ол…

Жақында  ауданымызға  еңбегі сіңген атамыз, белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иесі, Сайрам ауданының және Жамбыл облысының  Құрметті азаматы Әскер Құлданов қызық әңгіме айтып берді. Даңқты тұлға  Қ. Жандарбековпен бірге болған кездерін еске алды. Алдында шәкірт болып қызмет еткенін мақтаныш етті. » Сайрамдықтар, сіздер осындай жарқын әрі қайталанбас тұлғамен мақтанып, мерейлеріңіз үстем болуы тиіс. Мұндай таланттар ғасырда бір туады» дейді Әскер аға. Қолында ақ қағаз бар екен. «Інім, мына аманат дүниені тауып алдым. Бұл баршамыздың мақтанышымыз Құрекеңнің  өз туындысы. Сөзін де, әнін де өзі жазған. Осыны жарыққа шығарсайшы» деді. Ескі қағаздан көшіріліп, компьютерге терілген төрт шумақты өлең  екен. «Мұны мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және денешынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Дәулет Алашбаевқа да бердім. Реті келгенде сахнада мықты әншілерге орындатар» дегенді  де қосып қойды. Көзіммен қызыға шолып шыққан сол өлең былай өріліпті:

ТУҒАН ЕЛІМ

Сағынып туған елім, аспаныңды,

Алдыңа әншің келді асқақ үнді.

Баршаңа, бақытты елім, басымды ием,

Қабыл ал, әнім менен амандасқанымды.

Қайырмасы:

Ахау, туған елім,

еркең едім,

Келіп тұр есейсем де еркелегім.

Сайрандап өзіңде өткен бала шағым,

Туған жер, көркі сенсің тамашаның.

Орнатты қиял жетпес сәнді қала,

Ертеңгі бұдан да зор болашағың.

Қайырмасы.

Ашайын асқақ үнмен таң пердесін,

Шалқып мол, аймағыңды ән кернесін.

Айналып жолыққанша осы әнімді,

Еңбекте айта жүрсін әр жерлесім.

Қайырмасы:

Ахау, туған елім,

еркең едім,

Келіп тұр есейсем де еркелегім.

Мен осы өлеңді оқу барысында әйгілі таланттың көз алдына осы күні Теспе деп аталатын ауыл елестеген шығар деп топшыладым. Иә, сонда бал балалығы қалған Құрманбек Жандарбековтің сол ауылы бүгінде ауданымыздағы Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарайды. Қоңыр тірлік кешіп жатқан ол ауылдың тұрғындары қарапайым, еңбектен бақытын тапқан жандар. Тұлға атына қойылған жалпы білім беретін мектеп те бар онда.

Әңгімені әсерлі айта алатын Әскер аға қоштасарда мынадай деректі де алдыма жайды. «Институтты ойдағыдай бітірген өнерлі жігіт Шымкентке келіп Губкомның тапсырмасымен ән-күй кешін ұйымдастырады. Бұл кеште «Құрманбек Жандарбеков жүз бір ән айтады!» -деп хабарланады. Құрекең алпыстан аса ән салғаннан кейін тамағынан қан сау ете түседі. Сөйтсе, дауыс пердесінің бір тамырын зақымдаған екен. Аспандағы аққуға үн қосқан сыңғыр үн бұрынғыдай бабында болмағанмен, Құрекең ән айтуын тоқтатпайды.. Әншіліктен гөрі ұйымдастырушылық, режиссерлық қабілетімен дала әншілері мен актерлерімен классикалық үлгідегі өнер ұжымын құрып, кейінгіге сара жол көрсеткен Құрманбек Жандарбеков елуінші жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда опера класына жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиеледі. Профессор деген ғылыми атаққа ие болды. Құрманбек Жандарбековтың төл туындылары «Туған елім», «Арнадым» әндері өнер иесінің жүрекжарды сыры десе де болғандай. Ал халықтың «Бозжорға», «Япурай» әндері үлкен сезіммен орындалады.» Біз қандай адамдар дүниеге келген жерде өмір сүреміз,ә!» дегенді былай шыға күбірлеп айта беріппін. Ұрпаққа аманат осындай-ақ болар, сірә!

Нұрғиса Тұрдымұратұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған