ШЫНЫҚСАҢ  ШЫМЫР  БОЛАСЫҢ…

 

Бүгінде жастарға керемет ақыл-кеңес айтып, өмірдің түзу бағытын көрсетіп жүрген  Ардақ Назаров ағамыздың  «Спортпен айналысқаныңыз – ол өзіңізге, денсаулығыңызға салып жатқан инвестицияңыз. Жаттығуға 10 мың теңге қимасаңыз, кейін 40 жастан асқанда денсаулығыңыз сыр беріп, 100 мың, 200 мың, миллион беріп, қайтара алмаймыз. Денсаулық – Алланың берген аманаты» дегені бар еді. Иә, біз бұл сөзді жастармен кездесу барысында есітіп ойымызға түйіп алдық. Сайрам ауданында да спортқа жақсы көңіл бөлінген. Қазір  ауданымызда   коммуналдық мемлекеттік меншіктегі 9 спорт мекемесі тіркеліп, аталған спорт мекемелерінде 18 спорт түрі 11 ауылдық округті қамтыған. 369 оқу тобында  4972 спортшы мен 176 жаттықтырушы жұмыс істейді екен. Міне, сондай спорт мекемелерінің бірі – Ақсу ауылындағы аудандық №1  Балалар мен  жасөспірімдер спорт  мектебі. Бұл мекемеден талай азамат тәрбиеленіп шығып, республикалық, халықаралық додаларда ел намысын қорғады. Осы күндері де жетістікке деген құлшыныс осы мекемеде жалғасып жатыр. Мен  осы спорт мектебінің 2022-2023 оқу жылының жетістіктеріне қызығып,Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Сайрам аудандық №1  Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Егембердиев Батырхан ағамызға арнайы барып, мәлімет алдым. Мақтануға лайық көрсеткіштерді оқырман назарына ұсынғым келді.

     Осы аталған  спорт мекемесінде 1060 оқушы спорттың  12 түрімен яғни  футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес, грек-рим күресі, жеңіл атлетика,  таеквондо, каратэ-до, кикбоксинг, пауэрлифтинг, қолдобы, үстел теннисі,  жеті ауылдық округте қамтылған екен.  (Ақсукент, Қарасу, Аққала, Көлкент, Қарабұлақ, Құтарыс Теспе ауылдары) Мұнда еркін күрес бойынша – 7 оқушы, Баскетбол спортынан– 4 оқушы және Грек-рим күресінен  1 оқушы спорт шеберлігінен үміткер. Ал,  Қол добы  спортынан – 13 оқушы спорт шебері атанған. Керемет қой бұл.

Осындай жетістігі көп спорт мектебінде Түркістан облысының чемпионатынан    І орын алған 10 оқушы, ІІ орын алған 6 оқушы, ІІІ орын алған 8 оқушы бар. Ал, Қазақстан Республикасының чемпионатынан 3 спортшы 1-орын, 6 бала 2-орын, 10 оқушы 3-орын алған. Сондай-ақ, облыстық, республикалық және Халықаралық турнирлерден барлығы 12 спортшы бастапқы жүлделерден (1,2,3- орындар) көрінген.

Тағы бір ерекше жаңалық Қазақстан Республикасының құрама командасына енген спортшылар да бар. Мәселен, Қол добы спортынан Зиновьева Ольга Сергеевна, Шарванова Ағжа Толкунқызы, Гончаренко Арина Сергеевна, Лебедева Ксения Александровна, Хайдаркулова Зарина Фахриддиновна, Абдукаримова Барно Бахтияровна, Моисеева Алена Анатольевна сынды саңлақтар осы мектептің мақтанышы. Ал, жастар арасында Грек-рим күресінен Розакулов Элчинбек жарқырап көрініп жүр.

Оқушылар санаттары: Баскетбол – 2 оқушы – ІІ санат, 10 оқушы – ІІІ санат, Каратэ-до – 6 оқушы – І санат, Футбол – 67 оқушы – ІІІ санат, Еркін күрестен –4 оқушы – ІІ санат, 9 оқушы – ІІІ санат, Таэквондо – 1 оқушы –ІІ санат, 2 оқушы – ІІІ санат, Үстел теннисінен – 3 оқушы – ІІ санат, 1 оқушы – ІІІ санат болып белгіленген.

Қысқасы, ауыз толтырып айтатын жетістіктерді көргенде Сайрам ауданының спорт саласына  ерекше үлес қосып келетін Сайрам аудандық №1  Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мерейіне қызықтым. «Шынықсаң шымыр боласың» деп қазақ атам бекерге айтпаған. «Саламатты өмір сүру дегеніміз — тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану». Бала тәрбиесіне қазақ халқы ерте кезден көңіл бөліп, баланың ақыл — ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Осыған дәлел қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен бастап балаларға дұрыс тәрбие беріп, асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен балалар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз.  Спортпен шұғылдану және саламатты өмір салтын ұстану арқылы әрбір азамат түрлі аурулардан аман болады. Ал, қажырлы қуатты серік етіп, күндіз-түні спортзалында тер төккен спортшы бағы мен бабы қатар келіп жатса, биікке көтерілетіні анық. Үлкен әрі айтулы додаларды жүлде алып жатса, алдымен өзінің, сосын отбасының және ауданымыздың мақтанышы. Осы жолда еңбек еткен жанның жұлдызы жарқырай береді.

Н.Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған