САЙРАМ АУДАНЫ: ЖАС АҚЫН ЕРКЕБҰЛАННЫҢ ШАБЫТ ЖОЛЫ

Қазақтың поэзиясы ғасырлар бойы ұлт рухын сақтап, халықтың болмысын, жан-дүниесін шынайы сипаттап келе жатқан асыл қазына. Әр кезеңде әдебиет сахнасына жаңа буын ақындар шығып, замана үнін жырларымен жеткізуде. Бүгінгі күннің жас ақындары да осы дәстүрді жалғастырып, қоғамның өзекті мәселелерін, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті , рухани құндылықтарды поэзия тілінде шебер жеткізуде. Олардың туындылары жаңа ой, тың көзқарас пен шынайы сезімге толы. Осыған орай, жас таланттардың ішкі әлемін танып, оқырмандармен бөлісу мақсатында Сайрам ауданының жас ақындармен сұхбаттар сериясын жазуды жөн көрген едік.

Сол үрдісті жалғастыра отырып, тағы бір жас ақынмен сұхбатымызды оқырмандарға ұсынамыз. Бұл сұхбат арқылы жас таланттың шығармашылық әлеміне тереңірек үңіліп, оның ойларына көз жеткізуді мақсат тұтамыз. Ал, ендеше бүгінгі кейіпкеріміз — Еркебұлан Күмісбекұлы.

Е.Әбдірахман – жас, талантты ақын, ұстаз әрі қоғамдық жұмыстарда белсенді. 1994 жылы дүниеге келген. Ақсукенттегі Е.Сарманов атындағы Гуманитарлық агроэкономикалық колледжінде қызмет етеді. Оның өлеңдерінде рухани ізденіс, қоғамдағы өзекті мәселелер және адамгершілік құндылықтар тереңінен көрініс табады. Бүгінде Еркебұлан әдебиет саласындағы жетістіктерімен қатар, ұстаздық қызметте де ел болашағына үлес қосып келеді. Оның шығармашылығы мен педагогикалық тәжірибесі жастарға үлгі болып, болашақ ақындардың қалыптасуына ықпал етуде.

— «Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған», – деген еді Қадыр ақын. Иә, расында ақынның сырласы – өлең, серігі – қалам, хатшысы – қағаз. Ал сіз қашаннан бері поэзияға бет бұрдыңыз? Алғашқы өлеңдерңіз есіңізде ме?

— Өлең жазу мен үшін бала кезімнен бастап жақын болды. Өлең – Алланың берген үлкен сыйы деп білемін. Адамның ішкі толғанысын, жан дүниесінің күйін өлеңмен жеткізу ерекше бір қуаныш әрі жауапкершілік. Алғашқы өлеңдерім мектеп қабырғасында жүріп-ақ шыға бастады. Сол сәттерден бастап өлең жазуға деген қызығушылығым арта түсті.

— Осы уақытқа дейін жыр жинақтарыңыз жарық көрді және бірнеше жинаққа өлеңдеріңіз енген. Бұл сіздің ақын ретінде қалыптасуыңызда қандай рөл атқарды?

— Иә, 2011 жылы “Өлеңім – Алламның сыйы”, ал 2014 жылы “Ғұмырымның тамшысы” атты жыр жинақтарым жарық көрді. Бұл жинақтар менің әдебиет әлеміне жасаған алғашқы қадамым болды. Әрине, бұл өзімді ақын ретінде тануға, әрі шығармашылық тұрғыдан шыңдалуға үлкен әсер етті. Сол жинақтар арқылы көптеген оқырмандармен жақын бола түстім, пікірлер мен қолдаулар алдым. “Жастар жырлайды” және Түркі Әлемі Жазушылар Одағының І-томдығына да енді. Бұл да менің шығармашылық жолымда тың серпіліс болды. Жастар арасында өзара тәжірибе алмасып, олардың шығармашылығын танып-білуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Түркі әлемі өкілдерінің ортақ жинағында өз өлеңдерімнің жарық көруі мен үшін үлкен мәртебе болды.

— Сізді көпшілік ұстаз ретінде де біледі. Қазіргі таңда білім беру саласында қызмет атқарып келесіз. Осы бағыттағы жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Иә, 2020 жылдан бастап Е.Сарманов атындағы Гуманитарлық агроэкономикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы және оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Мұғалімдік қызмет маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл қызмет арқылы жастарға ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен әдебиетімізді насихаттап, олардың рухани дамуына үлес қосып келемін.

— «Үлкен адам болу үшін ғаламда
Үлкен арман керек екен адамға», – дейді ғой М.Шаханов. Алдағы жоспарларыңыз бен арманыңыз қандай?

— Шығармашылық тоқтаусыз процесс. Алдағы уақытта да өлең жазуымды жалғастырып, жаңа жинақтар шығарсам деймін. Сондай-ақ, тек жеке шығармашылығыммен айналысып қана қоймай, ұстаздық жолымды жалғастыруды көздеп отырмын. Жастарды өнер мен әдебиетке баулу, оларды ұлттық мұраларымызды қадірлеп, заманауи мәдениетпен ұштастыруға шақыру – менің ұстаздық қызметімнің маңызды бөлігі. Алдағы жоспарларым – осы бағытта белсенді жұмыс істеп, жаңа шығармалар мен жобалар арқылы жастардың бойына рухани байлықты сіңіру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, еліміздің мәдени өркендеуіне үлес қосу. Сонымен қатар, болашақта поэзия әлемінде жаңа қырларымды ашып, оқырмандармен тығыз қарым-қатынас орнату ниетім бар.

— Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылығыңыз бен еңбегіңізге сәттілік тілейміз!

— Сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан: Н.Нұрғисаұлы.

P/S: Еркебұланның бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

* * * *

Сенгенім — Алла, серігім — өлең,
Өлеңді дала елігі көрем.
Мұң болмай қалса жүректе бір сәт,
Құдай біледі, зерігіп өлем.

Тізбек құрғанда көші мұнардың,
Қостым да оған қосынын ардың,
Маңдайымдағы тізіліп тұрған,
Жазудың бәрін көшіріп алдым.

Шабыттың жарқын сәтін етем дөй,
Үйреттім мұңның дәтіне мен бой.
Біздікі мынау бос әурешілік,
Өмірдің өзі ақын екен ғой.

* * * *

Беу, Муза! Аққудаймын көл аңсаған,
Шөлдеген көңілімді суар, көкем.
Әй, бірақ, бұл өмірде, Өлең, саған,
Қуанып жолығар күн туар ма екен?

Мұң құрғыр көндірді әркез мазағына,
Жете алмай жырым соңғы нүктеге сау.
Өлеңнің төзе білсең азабына,
Өмірдің қиындығы түк те емес-ау…

Бақ пен сордың бөлінбей мәңгі арасы,
Қайғым бүгін шылымын зорға шегер.
Жазылатын еді ғой жан жарасы,
Жазылмаған өлеңім болмаса егер.

Жүрегімнің аманат қаламға ары,
Аңғарғанмын о баста бірден мұны.
Өлең-жырдың адыра қалар бәрі,
Маған ақыл кірген күні.

* * * *

Дүмбілез қоғам оянған әрең,
Жылымық аздап тамызса арайды.
Опа-далапқа боялған әлем,
Опасыздықты парыз санайды.

Жаншыды бәрін көп қасқа жорта,
Онысын және төл өнер дейді.
Ығай мен сығай топтасқан орта,
Ыңғайыңа оңай көне бермейді.

Шыға алмай шәлкез тұман алаңнан,
Асын талғамас қабанға айналдық.
Құбылып жатқан мына ғаламнан,
Құбыланы да таба алмай қалдық.

 

****

Ерте жеткен секем ап тосын күзден,
Көктем, сенің таппадым көшіңді ізден.
Көңілдегі отыңды өзің емес,
Дұрыс екен өзгеге өшіргізген.

Ақын үшін сезім ғой сый есілі,
Жалғыздықтың алғаусыз киесі ұлы.
Жалықтырмас көңілсіз ән бар, шіркін,
Жүрегіме тиесілі.

Мұңым Көкке жеткенше алаңдар Ай,
Езу тартар сонан соң санамда арай.
Жын адасар түндерде адаспастан,
Біреу келе жатады маған қарай,

Өлең шығар…

 

****

Бағынбай қол созған меже түк,
Қойды кім бақытты тежетіп?
Мезгілі жеткенде жүрерсің,
Мезгілсіз түсімде мезі етіп.

Емес қой мендегі жан шымыр,
Шырағым боп соңғы жаншы бір.
Тамыздың мөп-мөлдір шығындай,
Тамыздың жүрекке тамшы-нұр.

Жүз құлап, тіктелді еңсе мың,
Міне, енді үміт жоқ, кем сенім.
Ескі мұң боп қалдың сен маған,
Ешкімің боп қалдым мен сенің.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *