САЙРАМДА БІЛІМГЕ ҰМТЫЛҒАН ЖАСТАР – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

 

Жастар арасында білімге деген құштарлықты арттыру бағытында тың жобалар іске асырылуда

2022 жылы өткен «Amanat» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жасап, жаңа Қазақстан жастары үшін үш негізгі басымдықты атап өткен болатын. Ол – білімге деген ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл құндылықтар – ел болашағын айқындайтын негізгі тіректер екені сөзсіз. Осы бағыттарды іске асыру мақсатында Сайрам ауданында бірқатар игі бастамалар қолға алынып келеді. Әсіресе, жастардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай жасау – басты назарда.

Сайрам ауданында соңғы жылдары білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Жастардың білімге деген ұмтылысын арттыру үшін жүйелі түрде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағытта аудандық «Жастар ресурстық орталығы» нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Аталған орталықтың үйлестіруімен мектеп бітіруші түлектерге арналған «Серпін» бағдарламасын кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба арқылы жастар еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында сапалы әрі қолжетімді тегін білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Жұмыс өз жемісін беріп, бүгінде Сайрам ауданынан 150-ден астам оқушы «Серпін» бағдарламасы аясында еліміздің белді университеттеріне қабылданды. Бұл – Түркістан облысы бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Сонымен қатар, жастардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, шығармашылық әлеуетін ашу, пікірталас мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудандық деңгейде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Эрудит» интеллектуалды сайысы бүгінде жақсы дәстүрге айналды. Бұл сайыс тек білімді сынау алаңы ғана емес, сонымен қатар жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, достық байланыстар орнатуына да үлкен септігін тигізіп отыр. Аталған шараға аудан тұрғындары, ұстаздар, оқушылар мен студенттер тарапынан зор қызығушылық танытылуда. Әр сайыс сайын қатысушылар саны артып, деңгейі де жоғарылап келеді.

Кеше ғана, осындай кезекті зияткерлік сайыстың куәсі болдық. Ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Аманат Ақылман» атты сайыс өз деңгейінде жоғары дәрежеде өтті. Аудан жастарының белсенділігі мен білімге деген ынтасы тағы бір мәрте дәлелденді.

Ойынның қорытынды кезеңі – Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойы аясында өтетін болады. Бұл кезең – аудан намысын облыс деңгейінде танытуға бағытталған маңызды дода. Іріктеу кезеңіне аудан бойынша 13 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар қатарында ауданның белсенді депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, мектеп пен колледж ұстаздары, азаматтық қоғам өкілдері, этномәдени және діни бірлестіктердің мүшелері болды.

Төрт кезеңнен тұратын байқауда командалар логикалық сұрақтарға жауап беру, ұтқыр жауап нұсқаларын ұсыну, фотосауалдарды шешу, сондай-ақ кино және музыка тақырыбындағы тапсырмалар бойынша өзара бақ сынасты. Әр кезең – қатысушылардың білім деңгейін ғана емес, олардың тапқырлығы мен ой-өрісін де айқындайтын бірегей алаң болды.

Нәтижесінде үшінші орын «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалына бұйырды. Екінші орынды №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебі мен №33 Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебінің «B-CLASS» командасы бөлісті. Ал, бас жүлдені «Сайрам аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің командасы жеңіп алып, облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болды.

Аталған сайыс – білімге құштар, елжанды, ой-өрісі кең жастардың қалыптасуына жол ашатын жарқын жобалардың бірі. Мұндай бастамалар арқылы жастар тек зияткерлік тұрғыда ғана емес, тұлғалық жағынан да қалыптасады. Жастардың білімге ұмтылуы елдің ертеңін жарқын ететін негізгі күш.Қоғам өміріне белсенді араласып, елдің болашағына өз үлесін қосуға дайын буын тәрбиеленуде. Алдағы уақытта да жастар осындай игі бастамалар арқылы биік белестерді бағындыра беретініне сенім мол. Еліміздің ертеңі – білімді жастардың қолында.

Н.Аяптегі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *