ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ

Зерделей білсек, қазақ халқының ұлттық ойындары жетіп артылады. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері де бар.
Мәселен, «асық ойынының» маңызы орасан. Бұл бұрын балалардың ең қызықты хоббиі болса, бүгінгі күні төрт қабырғаға қамалып, компьютердің «құлағында ойнайтын» жас жеткіншектерді «асық ойна» деп орнынан тұрғызудың өзі қиын. Бағалай білмесек те, бұл ойын баланың жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына, ой-өрісінің кеңеюіне айтарлықтай ықпал етеді.
Асықты айтпағанда, бұрын ата-бабаларымыз қойдың құмалағынан да ойынның сан түрін ойлап тапқан. «Тоғызқұмалақ» ойыны осыдан қалса керек. Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген бабаларымыз тоғызқұмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті дамыту құралы ретінде қолданған.
Бүгінгі күні ұлттық ойынның бұл түрі де жанданып келеді. Деректерге сүйенсек, республика бойынша бұл ойынмен шұғылданушылардың саны жүз мыңға жақындайды екен. Оған халықаралық деңгейде де қызығушылық артып келеді. Мәселен, бұл ойынға шет елдегі қазақтар ғана емес, Англия, Германия, Испания, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттер халқы да қызығушылық танытуда.
Осынау әлемнің назарына іліккен ұлттық ойынымыздың ұлықталуына үлес қосып жүрген азаматтар ауданымызда да аз емес. Солардың бірі Сайрам ауданы орталығындағы №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияда дене шынықтыру пәні мұғалімі Маратбек Төлегенов. Маратбек Төлегенұлы жоғарғы білімді педагог. 1980 жылы Қарағанды қаласындағы дене тәрбиесі институтына оқуға түсіп, 1984 жылы дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогикалық өтілі 37 жыл.
Ойынның тарихымен, әдіс тәсілдерімен өзіміз де оқырман да таныссын деген ниетпен Маратбек ағайымызбен әңгімеге тартқанбыз.
   – Тоғызқұмалақ осындай ерте заманнан келе жатқан, терең ойды талап ететін, халық даналығы қалдырған, ежелгі ұлттық ойындардың бірі. Жалпы ойынның ережесі мен ерекшелігін айтсаңыз?
– Тоғызқұмалақ-қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынды «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі тоғызқұмалақты алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұяшұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады.
Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бастапқыда әр отауда тоғыз құмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады. Ол үшін жүріс жасалатын отаудан орнына бір құмалақ қана қалдырып, қалған сегіз құмалақты түгелімен аласыз да келесі отаудан бастап әрбір отауға қолдағы құмалақ біткенше бір-бірден салып шығасыз. Ойыншылардың мақсаты – неғұрлым көп құмалақ алу. Сондықтан ойын үстінде әрбір ойыншы өз отауларындағы құмалақтарды шамасы келгенше жұп ұстауға, қарсы жақтың отауларын тақ жасап отыруға тырысады. Тақ санды отауларға үздіксіз шабуыл жасалады. Қазандарға ойыншылардың ұтыстары жазылады.
«Тоғызқұмалақ» ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді.
Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты-ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету.
Алғашқы кезінде тоғызқұмалақ ойыны үш отау, бес отау, жеті отаулық шағын үлгілері болған. Тоғызқұмалақ ойынының қазіргі үлгісі 1948 жылы қалыптасты. Ойынның классикалық ережесін жасауда Мұхтар Әуезов пен қазақ сахнасының мақтанышы, КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың еңбегі зор. Бүгінгі таңда тоғызқұмалақ ойыны жетілген тоғыз отаулық классикалық ережесімен ойналады.
Бұл сайысқа алыс-жақын шет елдердің тоғыз құмалақшыларының қатысуы оның халықаралық беделінің артып, дәрежесінің өскендігін әрі өміршеңдігін, болашағының зор, қанатын кеңге жайып дамып, танымал ойын бола бастағанын көрсетеді. Осы ойынды №20 С.Сейфуллин атандағы мектеп-гимназияда да дамыту үшін менде өз үлесімді қосу мақсатында бірнеше жылдан бері осы тоғызқұмалақ үйірмесін жүргізіп келемін. Үйірменің бағдарламасында оқушыларға ойын ережелерін қамту, ойынды жазып ойнау әдістері, ерекшеліктерімен таныстыру және тәсілдерді ойын барысында пайдалануға үйрету сияқты сабақтар қамтылды.
– Ойынның ережесі туралы айтып өтсеңіз, тоғызқұмалақты меңгеру қиын ба?
– Жалпы, ойынның ережесі аса қатты қиын емес, дегенмен ойынды толық меңгеру үшін, оның айла тәсілдерін үйренуге көп уақыт кетеді. Бұл ойын логиканы қажет етеді.
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.
Ал, жүріс жасау ерекшеліктеріне келер болсақ, жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесеқарсыластардың келісімімен анықталады.
Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады.
Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.
Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.
Сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойынында құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде – «тұзды үй», қазіргі тілде – тұздық деп атайды.
Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде, қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалағыңыздың соңғысын түсіру керек.
Сонда сол отауда қалыптасқан 3 құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, ойынның аяғына дейін сіздің меншігіңізге айналады.
Енді жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ, міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады.
Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде – Х деген шартты таңбамен белгіленеді.
Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды. Тағы бір шарты бар ол – аттас отаулардан алынбайды.
Мысалы, қостаушы ойыншы №7 отаудан тұздық алса, енді бастаушы ойыншы ойын барысында бұл отаудан тұздық алуға қақысы жоқ.
Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ таусыла бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері кеми береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірінің отауларында жүріс жасай алмайтын жағдай да кездеседі.
Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші таусып алып, жүріссіз қалуы – атсырау деп аталады. Қысқаша осылай деуге болады.
– Ойынның ережесіне қарасақ, шынымен-ақ қиын әрі қызықты ойын екен. Ендігі кезекте соңғы 3 жылдағы жетістіктеріңіз жайында атып өтсеңіз.
– Азды-көпті жетістік бар. Соңғы 3 жылды айтар болсақ, 2021 жылы Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Сапарбековтың мадақтамасымен марапатталдым. «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметркелері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы» ұйымдастырған білім және ғылым қызметкерлері арасында облыстық тоғыз құмалақ турнирінен жүлделі 1-орын алғаны үшін «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметркелері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы төрағасы Ж.Шайдулланыңграмотасымен марапатталдым. Ал, 2022 жылы Республикалық тоғызқұмалақ турниріне белсене қатысқаны үшін «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметркелері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашованың грамотасымен марапатталдым. 2023 жылы Сайрам ауданының білім ұйымдарының қызметкерлері арасында өткен аудандық тоғызқұмалақ жарысында жүлделі 2-орын алғаны үшін Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысы Г.Тынымбаеваның мадақтамасымен марапатталдым. Одан бөлек, шәкірттеріміз де аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, қуантып келеді.
     – Төл ойынға қандай сипаттама берер едіңіз?
– Сан мыңжылдық тарихы бар құндылық болғандықтан тәрбиелік мәні зор дер едім. Адамның ойын жетілдіруге, алдын ала болжауға үйретуге, төзімділікке, қайраттылыққа жетелейді. Есептей алуға, сергектікке баулитын бұл ойын нағыз ақыл-ой жаттығуы дер едім.
Тарихы терең, даму жағынан жас ойын саналатын тоғызқұмалақ спорт түрі ғана емес, ата-бабамыздан бізге жеткен құндылық дер едім. Үйренуге, білуге, сұранысқа ие спорт түрі. Тоғызқұмалақ ойынын дамытуға үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Келешекте төл ойынды бүкіл әлем танитындай дәрежеге жеткіземіз деген үмітім бар.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан: Нұртілек Тұрдымұратов.

One thought on “ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған