АТАҚТЫ АҚСАҚАЛ

Қазақ өнерінің жарық жұлдызы, атақты жерлесіміз Ақсақал Қалмырзаев 1936 жылы Түркістан облысы Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. Актер, Қазақстанның халық артисі (1993). Ташкент театр-көркемсурет институтын бітірген. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының труппасына қабылданады. Ол ұлттық және шет ел, орыс драматургтерінің шығармаларында ойнады. А. Қалмырзаев: Төлеген, Жалмұқан (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» мен «Ақан сері -Ақтоқты»), Сырым, Кебек, Абыз, Әлібек (М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік – Кебегі» мен «Айман- Шолпанында»), Сәкен Сейфуллин, Текеш (Ә.Әбішовтің «Сәлем, Сәкен атасы» мен «Мәдиінде»), Абылай (Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуында»), Данияр (Ш.Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсіңінде ), Фердинанд (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында») тұлғаларын сомдады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен , «Парасат» орденімен марапатталған. 2013 жылы Шымкент қаласында көз жұмды.
Осынау тұлға туралы белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иесі, Сайрам ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әскер Құлдановпен сұқбаттасқан едік. Ол кісі қарапайым тілмен айтып берді.

Әскер аға, сіз өнердегі қаақтың талай көрнекті тұлғаларымен бірге жүрдіңіз, дәмдес болдыңыз. Біздің жерлесіміз Ақсақал Қалмырзаев туралы айтып берсеңіз…
– Мен Ақсақал Қалмырзаұлымен 1975 жылы Көмешбұлақтағы үйінде таныстым. Ол жылдары Тараздағы қазіргі Aсқaр Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрында режиссер болатынмын. Менің көршім Жамбыл облыстық филармониясының директоры еді (аты-жөнін ұмытыппын). Бірде сол: «Шымкентке барып қайтайық, маған серік бол. Қаланы да тамашалайық»,- деді. «Жарайды» деп, «Волгасына» отырып Шымкентті бетке алып, «қайдасың?»- деп тартып отырдық. Жол-жөнекей әңгімеден әңгімe шығып: «Шымкент театрында актер Ақсақал Қалмұрзаевтың әйелі мына менің әйеліммен бір мектепте оқыған Зоя деген құрбысы, көп жылдан бері көріспеген. Сол шақырып болмаған соң, жол-жөнекей соға кетейік. Өздері өте жақсы кісілер Ақсақал – мықты актер, ал Зоя түрменің надзирателі» деді.
Шымкент қаласына да келіп жеттік. Дүкенге кірейін деп ол бір үлкен сауда үйіне кіріп кетті. Шақырған үйге анау-мынау алатын қазақтың әдеті емес пе?! Мен қаланы қызықтап келемін.
Сосын не болды?
– Көршім мен әйелі бір дорба зат алып шықты. «Волганың» артқы жүк салғышына әлгі заттарды салып, әрі қарай жылжыдық. Көршім ұзын бойлы сары жігіт, өте көрікті, шашын артына қайырып тастаған. Ал, әйелі әдемі келген гүлді көйлегі де жарасады. Тоғайдағы қырғауылдай сұлу бөксесімен артқы орынға жайғасты. (күлді)
– Сен Әсеке, театрды көріп пе ең?
-Жоқ!
– Онда театрға соғайық,- деп үлкен алаңның алдына салынған театрға тоқтады.
Театр Жамбыл театрындай көзге түсіп, сәулетті көрінді. Тепкішекпен жоғары көтеріліп eciгiн тартып eдік, ашылмады. Өтіп бара жатқан үлкен кісі: «кіретін жағы батыс жағында» деген соң солай қарай бұрылсақ, есік алдында бір топ кісі тұр екен.
– Ә, анау Ақсақал ғой, – деді артқы жақтағы көршім. Көліктен түсіп солай қарай беттедік.
– Бізді күтіп тұрған болуы керек,- деп жақындады. Мен де еріп келем бір-ақ танымайтын ауа «түнгі судай салқын болады» емес пе?! Қол беріп , қол алысып жатырмыз. Ақсақал орта бойлы, қозы қарны бар, тығыншықтай кісі екен.
– Кеттік,- деді ай-шайға қарамай.
– Денсаулық қалай, Ақа?- дeдi көршім.
– Жақсы, Зоя ауылда, мен сені күтіп жүр едім,- деп көлікке жақындағанымызда көршімнің әйелі де шықты. Ақсақал : « Ооо, Зояның подругасы»,- деп көpiсе кетті.
– Keттік,- дeп алдыңғы орынға жайғасты. Мен жол көрсетсін деп көршімнің қасына отырдым.
– Зоя, қалай? Балалар аман ба?
– Аман-есен.
-Зоя құлпырып тұр. Менің туған жеріме Көмешбұлақта анам ескі үйде тұрып жатыр. Шымкент күйіп тұр. Жаз болса ауылға барып, демаламыз.
-Дұрыс қой, қала қапырық, жел жоқ. Ауылда салқын самал соғып тұрады,- деп қоштады. Менде үн жоқ.
– Мына жiгiт кім?
-Сiзгe таныстырайын. Бұл жігіт Тараздағы театрда режиссер, менің көршім. Аты-жөні Әскер Құлданов сіздің ініңіз болады, біз қызылордалықбыз ғой,- деп күлді.
– Жақсы, режиссер де.
-Ақа, сізді жол-жөнекей таныстырып, мақтап келеді,- деді рөлді ұстап келе жатқан көршім.
-Жақсы… Жақсы. Үйге барған соң жақсылап танысамыз.
– Мынау Арыс өзeні, анау алдымыздағы ауыл – Советский, соның төмен жағы «Көмешбұлақ» менің туған жерім. Қайран қазағым, жер жағдайына қарап қоя береді ғой атауларын, қандай теңey! Ал Арыс өзені Шәмші Қалдаяқовтың әніне белгілі үлкен өзен екен деп өз ойымен әлек болып мен келемін.
– Үйге барған соң Көмешбұлақты көрсетемін, суы мұздай, шекеңнен өтеді. Солға бұрыл, анау тұрған менің әке-шешемнің үйi,- деп иегімен меңзеп қойды.
Міне, келдік. Есік алдына жақындамай тоқтадық. Үйден етжеңді қараторы келген Зоя шықты, көршім екеуі құшақ жая сүйісіп жатыр.
– Бірін-бірі сағынып қалыпты,-деді көрші інім. – Сағынбағанда? Амансыңдар ма?- деп қол беріп амандасып мынау кім дегендей одырайа қарады. Байқаймын Надзиратілдің өзі.
– Сәлеметсіз бе! Режиссер Әскер деген кайның,- деді Ақсақал.
– А… жақсы, үйге кіріңдер,- деген соң eciкке беттедік. Үйде шүйкедей арық келген үлкен кісі орнынан тұрып көрісті. Арық келген қара кемпір:
– Төргe шығыңдар,- деп жалпылдап жатыр. Жатсыну жоқ.
– Ел-жұрт аман ба?- деді жайғасқан соң.
– Аман,- деп көршім жауап бepдi. Meн жайлап көз қиығыммен үйдің ішін тінтіп шықтым. Қабырғада кілем ілінген. Сол жақта рамаға салынған сурет. «Ақсақалдың әкесі-ay» деп түйдім. Денсаулық, амандық сұрасып жатыр, кезек маған да келіп қалды.
-Мына бала інің бе?
– Жоқ, апа, сіздің балаңыз болады. Руы — Шақшам,- деп маған қарады көршім.
-Апа, мен Меркі ауданынанмын, Бәйдібек бабамыздың інісі Балдуылдан тарайды Шақшам, естуіңіз бар ма?
– Жоқ ,естімедім. Ондай атаны білмейді екем.-деді. Кенет, шай да келді.
Күні бұрын дайындалғандары байқалып тұр. Бөтелкелер де сылдыр қағып, олар да келіп қалды.
-Кім ішеді?
– Кім ішкені қалай? Біз ішеміз. Көптен көріспей сонша жерден қонақ болып келсеңдер. Ішесің!- деді Зоя.
-Мен рөлдемін. Мына Әскер болмаса.
-Бүгін қонасыңдар, ертең өзім рұқсат берем,-деп күлді. Жолдасымды көптен көргенім жоқ. Өткен-кеткенді еске алайық, қане, дастарханға қараңдар,- дегенше Ақсақал да рюмкаларды тарата бастады. Ақаң ішке барған соң әңгіме қызды, ән айтылды, ауылдың алты аузы шешілді. Мен де шамам келгенше қолқалап қоймаған соң бір-екі әнді тастап жібердім. Жақсы отырыс болды.
– Театрдағы кейбір кездерін айтып бересіз бе?
– Ақсақал театрда Төлегенді «Қыз Жібек» спектакліндегі әнін айтты. Зоя жеңгем театрдың «герой любовнигі болған» десіп мақтады. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртісі деп аспандатып жіберді-ақ, біз қол шапалақтап жұп болсын сұрап жатырмыз.
– Шудағы спектакльде Әбішті қойғанбыз, мен Әбішті ойнадым, сол Әбіштің әнін орындайын,- деп бастады.
Meн дe Ақсақалдың даусы тенор екенін байқадым, жақсы айтты.
-Ағамыздың даусы жақсы, тeмбірі де сүйкімді, құлаққа жағымды екен, ә ?! дегенім сол еді, жеңгем «театрды ұстап тұр ғой, барлык қойылымға осыны салады.» деді.
Ақаңның үй ішімен танысып, eртесіне Таразға тарттық. Міне, менің Ақаңмен бірінші таныстығым осылай. 1978 жылы Мәскеуде екі жыл стажировкада оқуда болып, Мәдениет министрлігінің орынбасары, сыншы Әшірбек Сығаевтың жолдамасымен Шымкенттегі Жұмат Шанин театрына бас режиссер болып келдім. Ақсақал Қалмұрзаев ағаммен екінші рет жүздестік. Ақсақал аға:
-Әскер, сен қонақ үйге орналастың ба?
– Иә. «Шымкент» қонақүйінен Әбдіраш Әміртаев бір бөлмеге орналастырды.
– Онда үйге жүр. Бағана сені облыстық мәдениеттің бастығы К. Сәрсенбаева таныстырып, бұйрықты оқыған соң Зоя жеңешеңе айтып қойғанмын.
Ол да қуанып жатыр. Жарайды,- деп сыртқа шықсақ күн ұясына батып қалыпты. Екеуміз жайлaп әңгімелесіп үйге келдік.
Аман- саулық айтып жоғары шығарды. Шай іштік. Зоя жеңешем театрдың әртістерінің қандай екенін айтып шықты. « Мен Ақсақалға қатын болғалы бұл сайқалдардың қай-қайсысы қалай құбылатынын білем ғой,»- деп тоқтады.
– Анам қандай, жақсы ма?
– Ол кісі мықты, бұрынғының сүйектерi асыл..
– Ақа, сіз ұмытпасам, Қалижан Беккожиннің «Абылай хан» спектаклінде Абылайды сомдадыңыз. Әзірбайжан Мәмбетов қойды ғой.
– Иә, Абылайды ойнап жұрт мақтап, Әзірбайжан риза болған,- деп сараңдау сөйледі.
– Қойылымның ажары – актер. Көрерменнің алғысына бөленетін де актер ғой, шіркін. Актер болу керемет қой. Халықтың әуелі танитыны да солар. Драматург, режиссерлар сыртта қалады. Латынның «аgеrе» сөзінен алынған актер сөзі әрекет мағынасын береді. Қазақта бұрын-соңды театр, актер болмаған дейді. Қалай? Меніңше болған. Kөшіп-қонып жүрген елде бақсы болған, актері бақсы. Елубай Өмірзақов бақсыны жасап тұңғыш театрымызда таң қалдырьпты. Қожа Насриддин, Алдар көсе, Тазша бала т.б. «Театр одного актера» дегеніміз осы, Ақа,- дeдім.
– Ойпырай а… Бәрінің аттарын білеміз нағыз актерлар екенін ескермеппіз. Гректегі «Амфитеатры» ше. Эллада театры. Әдет-ғұрып драмаға ауысты.
Класизмнің – тақылдап тақпақтауы бірде сол, бірде оң аяғын ауыстыру, өкшесі көтеріп қойып позаға тұру, қолдарын ары-бepi ciлтey, міне, бұл да театрдың бір түрі. Болмаса жапондардың «Маскалы театры» . Бұл театрлар К.С.Станиславскийдің әдісі мен адам жанының толқынысын, былайша айтқанда «кейіпкер жандылық», ішкі дүниесіне жетпейді. Актер өміршең, өмірдің өзінше шын дауыспен тебіренбесе, өтірік болып тұрады дейді. Сіз Ақа, жаныңызды салып ішкі дүниеңіздің толқуымен сендіре ойнау дегенді жақсы ұстанған, шынайы актерсіз.
– Дұрыс айтасың, қайным. Бұл ағаң сенгіш, мұны бала да алдай салады. Солай жаралған. 1993 жылы Ахаңа театрдың директоры Ахмет Өтебаев екеуміз ескі көздерден қалған Ақсақалға Қазақстан Республикасының Халык әртісі атағын алып бердік. Ақаң көп сөйлемей, тыңдаушы еді. Қасын керіп, әр сөзді іштей қорытып жүредi. Ташкенттің Н. Островский атындағы театр институтын бітірген 1957 жылы. Өзі Ж.Шанин театрымен құрдас еді. Туған жерін көп айтатын. Сайрамнан шыққан өнер саңлағы Ақсақал Қалмырзаев 1936 жылы Көмешбұлак ауылында туған. Әкесі Нұрымбетұлы Қалмырза колхоздың жылқышысы, көкпаршы, әрі әнші болыпты. Бабам Нұрымбет қолы ашық бай кісі болыпты. Анамызды өзің көрдің Әсеке, колхоз тігіншісі әрі әнші болыпты.
– Артында апамыздың, айтысқандары бар ма? Менін білуімше жазба ештеңе қалмаған, ауылдағылар жиын-тойда «қот-қоттан» айтыстыра берген ғой.
-Axa, бұл да театр,- дeп жымидым.
-Дұрыс театрдың элементі ғой -деді. Haғaшыларым мықты болған. Апамның әкесі Майлыұлы Тіленші. Ақын Баян Тіленшина – нағашы қарындасым. Тіленшин Қазан төңкерісіне дейін Шымкент қаласының биі болған.
– Ойбай, Ақа, сізбен абайлап сөйлeспece…Қалай керемет әртіс болып жүр десем, «Ағаштың жақсысы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан- деген рас екен ғой. Әншілік апамыздан, актерлік пен сыпайылық нағашыдан екен ғой!
-Иә, абайлап сөйлесіңдер.-деді.
– Жеңешеме қашан қосылдыңыз?
– 1959 жылы ақбоз аттың арт жағына отырғызып алып келгем.
-Мақтана бер. Бөсіп отырғанын. Қызылордаға гастролге «Шұға» спектаклімен, Әбіш мұғалімді ойнайды екен. Мен алдында отырғам, ойын жақсы өтті. Қойылым біткені сол eдi, жүгіріп келіп мені ұстай алып: «Қарындас, сөйлессек қайтеді?» деді Менің жанып тұрған кезім.
-Ну что же сөйлесейік- деп өзім алып қашып келгенмін, ал әйтпесе,- деп жеңешем Ақаңа қарап тұр.
– Мойындаймын, сенікі дұрыс.
Қыран күлкіге батқаным бар. Ақаңнан Әлия, Әсия, Алтай деген ұл-қыздары, өз арбаларын өздері сүйреп жүp. Көрерменге өнерге деген сүйіспеншілік те керек. Көрермен өзі ұнатқан әртістің өнеріне қайта-қайта барады.
Теңіздің түбінен сүңгіп алған маржандарын актер шеберлігімен көрерменге сыйлайды. БАҚ көрінгенді жаза бермейді, оның әртістік шеберлігін сол рольді көрерменді өзіне баурап тебіренте ғана газет, журнал бетіне тамсандыра суреттейді. Көрермен ыстық сезімін шапалақ арқылы әртіске қуаныш сыйлайды.
– Тағы не айтасыз?
– Ақаңның үні Көмештің мөлдір бұлағындай сылдырлап тұрушы еді. Жердің астынан шыққан бұлаққа ұқсап өнер бұлағын жұртқа сыйлап өтті. Тереңнен шыққан кейіпкеріңнің даласы да, құзы да бар, рөлін актер бар зейінімен, ынта-жігерімен зерделеп ізденуі керек. Ақсақал Қалмырза саясаттану ғылымының кандидаты. 1963 жылы ҚР еңбегі сіңген әртісі, 1993 жылы ҚР Халық әртісі атанды. Сайрам ауданының құрметті азаматы. Театрда 200 -ге жуық рөл ойнаған. Ғани Мұратбаев, Төлеген, Ер Тарғын, Юлий Цезарь, С.Сейфуллин, Төле би, Абылай хан, Әбіш, В.И. Панфилов, т.с.с бейнелерді сомдаған. Өнерге еңбегі сіңіп, маңдай терін беріп жүріп Көмешбұлақты сағынғанда бала-шағасымен баратын.
– Сол асыл ағаларды қатты сағынатын сияқтысыз ғой?..
– Бұлақтың суын ішіп қайттым деп отырушы еді, жарықтық. Жеңгеміз Зоя өткір мінезді тасыраңдап қалған ақкөңіл жан еді. Ақаңнан 2 жыл бұрынырақ мәңгі ұйқыға кетті. Ақсақал үйінде жалғыз қалды. Қыздарының үй-жайы бар. Анда-санда келіп, жағдайын біліп тұратын. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», көп ұзамай бұл фани дүниеден бақилыққа аттанып кете берді. Адам қасыңда жүргенде қадірін біле бермейді. Өлген соң өкіреді. Өлген соң өкінеді. Пендеміз ғой, Ақсақалға Сайрам ауданынан бір көше беруге болады ғой, болмаса туған ауылынан!? Еңбегі сіңген өнер қайраткері, әрі Сайрам ауданының құрметті азаматы емес пе?! Ағайын!!!
– Сұқбатыңыздан әдемі әсер алдық. Рақмет, сізге. Ұзақ жасаңыз, аға!
Сұқбатты жүргізген Н.Төремұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған