Білім күнінде Сайрам ауданының Жібек жолы ауылындағы Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектеп жанынан салынған 300 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі М.Оразалиев, ауылдық округ әкімі Д.Жиенбай, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Ахметов, мектеп ұжымы, білім саласының ардагерлері, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа ғимараттың ашылуында аудан әкімі заманауи оқу корпусы білім сапасын арттыруға, үш ауысымды оқытудың алдын алуға және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 22 тамыздағы Жарлығына сәйкес, білім беру ісіне қосқан үлесі үшін еңбек ардагері Еркебай Қаратаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жаңа оқу корпусының лентасын Еркебай Қаратаев мен Сайрам ауданының Құрметті азаматы Ақмарал Медеуова қиды.
Іс-шара барысында №1 Сайрам балалар саз мектебінің қазақ ұлттық ансамблі өнер көрсетіп, «Үлгілі «Ақ-Кербез» би ұжымы «Ақ желең» және «Көркем өрнек» билерін орындады.
Мерекелік шарада ауылдың белсенді ардагерлері ізгі тілектерін білдіріп, арнауларын арнап, ақ баталарын берді.
Оқушылар санының артуына байланысты мектеп жанынан қосымша оқу корпусының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталды. Жалпы аумағы 5549,62 шаршы метр нысанда 100 орындық асхана, спорт залы, шеберхана және заманауи оқу кабинеттері бар. Жобаның жалпы құны — 1 млрд 910,7 млн теңге.
Бүгінде Бөкейхан атындағы мектепте 976 оқушы білім алып, 130 педагог еңбек етеді. Оқу-тәрбие процесі қазақ, орыс және өзбек тілдерінде жүргізіледі.
Жаңа оқу корпусы ауылдағы білім беру инфрақұрылымын жақсартып, оқушылардың заманауи талаптарға сай, қолайлы ортада сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Сайрам ауданындағы 99 білім беру ұйымында 66 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл 6157 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

