Сайрам десе сансыз бабтардан кейін қазақтың өнер өлкесіндегі өрен жүйрік Құрманбек Жандарбеков еске түседі. Атақ-абыройын іздеген жан ғаламтордан тез табады. Рас, Құрманбек Сайрамның зор мақтанышы. Оның есімі әманда ұлықталады. Құрманбектің атында аудандық Мәдениет үйі бар, орта мектеп бар, әр ауылда көше бар. Ендеше, елеулі тұлғаның өткен жолына бір сәт сапарға шығайық. Өскелең ұрпаққа ұлағат бола берсін. Айта жүрсін.
Менімен әңгімелесу барысында «Құрманбек Жандарбеков ағамның мынадай әңгіме айтқаны бар.» дейді Әскер Құлданов ағамыз. Бірде айналасындағы жолдастарым мақтап-мадақтап:
-Құрманбек, сенің қолыңнан келеді! 101 ән айт. Біраз қаражат тауып алайық. Сен Ғани ағайды есіңе алып, сол кісінің алдында талай шырқап едің ғой, қорықпа?!-деп жел беріп арқамнан қағып қояды.
Мен ән айтуға келістім. Ақшаны панасыз балаларға берейік деген соң келісе кеттім. Ташкенттегі жетім балалар оқитын мектепкe ән орындағанымның арқасында оқуға түстім. Meктeптің бaсшысы Иса Тоқтыбаев ағай ән айтқызып болған соң:
— Тамаша даусың бар екен. Сандуғаштай сайрап тұрсың. Мына баланы киiндipiп, жатақ бөлмеден орын беріңдер,- дeгeнi cол eді көзім жайнап, көңілім шалқып әке-шешемнің айтқанын есіме түсіріп қуанып калдым.
— Ғани ағай маған екі ай сабақ берген соң, сол кісінің арқасында үлгерімім де жақсы болды. Өмірбақи Ғани Мұратбаевқа қарыздармын. Барлық үйірмеге қатыстым. Ол да болса менің өнерге деген ынтамды байқаған екен. Сол кезде ұйымдастырушылар әр концертке шақырып тәрбиеледі. Кейінірек мектебіміз «Қазақ-қырғыз мұғалімдер институты» деп аталды. Ән салғанда көкірегің көріктей жұмыс жасап, үнің күңгірлеп кең сарайдай естілуі керек.
«Ғани Мұратбаев ағам Мәскеуде қайтыс болды» дегенді естігенде төбемнен жай түскендей, есеңгipeп қалдым. «Ұзақ аурудан қайтыс болыпты» деп көңіл айтып жүрген шәкірттері, жылап көздерін сығып алып, бір-бірімен құшақтасып жүрді.
— Қайран, ұстазым жас кeтті,- деп eңipeп мен жүрмін. Сол кездегі белсенді, комсомол хатшысы, губерния комитетінің бюросында ұстазымыз Ғаниға қаланың қақ ортасынан ескерткіш орнатамыз деп шешім қабылдады.
— Құрманбек, сен үлкен концерт ұйымдастырасың. Түскен қаражатты ескерткішке жұмсаймыз,- деді. «Жаппарқұлда жан бар ма, ағайымнан аянарым жоқ» деп icкe кірістім. Комсомол мүшесі, сықақшы, әңгіменің майын тамызатын Әлішep Бeйceнов концерттік бағдарламасын жасай бастады, өзі жүргізуші. Басқа әншілер жоқ, шілде айында бәрі каникулда. Ауыртпалық бір өзіме түсетін болды. Орындайтын әндерімнің хабаpлау үшiн тізімін жасай бастады. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркімен әндерін қосқанда барлығы жүз бір ән болды. Комсомол комитеті «Құрманбек Жандарбеков 101 әнін орындaйды !»-деп көше-көшеге афиша іліп тастады. Концерт Шымкенттің ашық, жазғы кинотеатрында басталатын болды. Әлекең концертті бастап жіберді де мені шақырды. Сахнаға шығып алып, аспандағы жұлдыздай жымыңдасқан көздерді көріп жүрексініп қалдым. Ғани ағайды есіме алдым. Ол басымнан сипап тұрғандай көрініп еді. Мен «Сәулем-айды» бастап жібердім. Тыңдармандар қол соғумен мен әндерді бірінен соң бірін орындаумен болдым. Әлекең арасында сықақ айтумен болып жатқанда мен жүгіріп келіп, сахна сыртындағы шелектегі судан кружкамен ішіп жіберем де, қайта шығамын. Концерт үш сағаттай болды, мен 68 ән айттым, жүз бір емес.Концерт жақсы өтті, жұрт риза — деп тұрғанымызда: «Қалай сусындарың қанды ма, аз болып қалған жоқ па, шелектегі сыра әлі мұздай екен, алыңыз»,- деп Әлeкеңе ұсынды.
— Ой, мен сыра ішпеймін,- деп шегіншектеп кеткен соң өзім алдым да демалмастан әлгі сыраны тартып жібердім де, рахмет деп үйге беттедім. Үйге келіп ұйықтап тұрсам, үнім шықпайды, жұтынсам тамағым ауырады. Жуынып aлып дәрігерге бардым.
— Не болды, мұздай су іштіңіз бе?- деді. Мен кешегі болған жайды айттым.
Дәрігер:
-Енді ән сала алмайсың-дeді. Жүрегім зу ете қалды.
— Өзім жақсы көретін өнерімнен айырылғаным ба?- деп қамығып едім. Дәрігер: «Мүмкін емделіп κөр»- деді де, дəрі жазып берді. Біртіңдеп дауысым орнына келе берді. Бірақ жарқыншақ пайда болды.
Өнерді сүйген Құрекең жолда автобуспен кeле жатқанымызда біз «өміріңіз, өнеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңізші» деп өтінгенбіз.
— Жол қысқарсын, аға,-деп қолқалап қоймаған соң шаршады білем. Ал қалғанын ертең Нарынкөл ауданына жол-жөнекей айтармын деп тыныстап алуға кірісті. Біз де үнсіз келіскен болып автобусымыздың ырғағына қарай әркім өз ойымен әлек болып кете бердік.
«Өмір сахнасынан алған өнерлі ағам-ай…» деген ойда шомылдым. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әкесі Жандарбек болыстай біреуге жақсылық жасасам деп тұрғандай сезіндім. Құрманбек аға өте ақкөңіл ақ жарқын жан еді. Сахнада оттай жанған екі көзінен бар денесі музыкаға елітіп ор қояндай бір орнында тұра алмай, билеп кететіндей беріле жан-тәнімен орындайтын. Көрермендер аузын ашып, Құрағаммен бірге толқындай ырғалатын. Ағам екінші көріністе бір өзі 20-25 ән айтатын ол көрерменнің қабылдауына қарай орындаушы еді ғой. Үні қарлығыңқырай басталып 3-4 әннен соң даусы ашылып, күретамырлары көрініп тыпыршыған тұлпардай тағы қандай ән орындайын дeп тұрғандай еді. Ұйғыр ауданында ұйғырша ән орындағанда ұйғыр ағайындар орындарынан тұрып алып, Құрекеңе қосылып билеп кеткенін көріп таңғалғанымыз бар. Құрекеңнің концерттік бригадасы кулисаның сыртынан ағамыз ән орындағанда бойымызға қан жүгіріп күніге тыңдап не деген шаршамайтын талант дейтінбіз. Көрермен қол соққанда делебесі қозып ұзаққа шабатын аттай әнді орындай беретін. Мен арасында сахнаға шығып «Қыз Жібек» операсында Бекежан батыр, Қыз Жібекке ашық, қалайда Жібекті өзіне қарату үшін барлық жанын салып қызғаныштың отына күйген көбелектей шыр айналып Төлегенді өлтіріп, Қыз Жібекке келіп: «Төлеген өлді. Өлмектің артынан өлмек жоқ» деп «мендіксің» деп салтанатты Бекежан ариясын орындайды,- дейтінбіз. Сіздер Құрманбек ағаның Бекежан рөлін көрген боларсыздар. «Қыз Жібек» операсын қазір де Құрманбек ағаның жас буын шәкірттері сахнада ойнап жүр. Спектакль әлі де сахнадан түспей көрерменнен алғыс алуда. Сол дәуірде Қыз Жібек қойылымын қайтадан жаңартып Құрманбек аға режиссер ретінде қайталап қойып шықты. Сол спектакльдегі Бекежан әнін тыңдадыңыздар дегенім сол-ақ екен аккардионист Александр Краснов та құйқылжыта жөнелді. Операда ойнап жүргендей сезініп Құрманбек ағам жарқ етіп әнді орындағаны сол еді, көрермен Құрманбек ағамен бірге елітті. Бағанадан бері көрерменнің де арман-тілегі Бекежанның ариясын күткен еді. Ән аяқталғанда сартылдаған шапалақпен қоса «О… рахмет! Жаса, жаса, Құрманбек!» деген үлкен кісілер мен ауыл адамдарының даусы мәдениет үйін жаңғыртып жіберді. Не деген темперамент, не деген керемет құйқылжыған ән, жанымен жүректен шыққан үн тыңдарманды ұйытып баурап алды.
Мен ғажап ырғаққа, халықтың ықыласына бөленген ағама деген сүйінгеннен жылап жібердiм. Ән аяқталған соң сахнадан шығып кеткен Құрекеңді ыстық ықыласпен шапалақтағанда Құрекең де шыдай алмай ырғып, сахнаға қайта шықты. Ду қол шапалақ! Құрманбек Жандарбеков — біртуар өнердің құдыреті. Тұла бойына біте қайнасқан тума талант еді. Драмалық тенор даусымен небір ауыр әндерді айтқанда тыңдарманды сол әнге еліттіретін, баурап алатын.
Әттең-ай, жас кезіндегі тума даусы болғанда дүние жүзін аузына қаратар еді ғой деймін! Кеген ауданының орталығына концертімізді қойып портторгтің үйінен қолжүктерімізді алдық. Үй иелеріне алғыстарымызды айтып, Нарынқол ауданына автобусымызбен тартып отырдық.
— Кешегі концертті жұрт керемет қабылдады. Көрермен де көп жиналды, аға,-дедік Құрекеңе.
— Әй, администр,- деді Құрекең,- ақша түсіп жатыр, бізге берілген жоспарды орындай аламыз ба? -дегені сол еді.
-Ой, аға, орындап қойдық,- деді.
— Онда концертті жалғастырмай-ақ Алматыға қайтпаймыз ба?
-Аға, Нарынқолға афиша ілініп қойды, сонан соң ақылдасайық…
— Жарайды,-деп жайдарлы сөйледі Құрекең. 60-қа таяп қалған ағам әлі де ширақ көңілді отырғанын байқадым да, «жол қысқарсын» дегенім сoл eдi. Әнші қызымыз «ағаның кешегі әңгімесін әрі қарай тыңдαйық та» деді.
— Иә, aғa кeшeгi әңгімеңізді жалғастырсаңыз?
Ол үнсіз қалып, біраз ойланып қалды.
— Естуімше сіз, Шымкенттен Фрунзе қаласына барып театр ұйымдастырды дейді жұрт.
— Қайдағы театр, Ташкентте бірге оқыған жолдастарыма барып, солардың қолқалауымен комсомол жұмысында істедім. Әскер, «Көргендерім мен көңілдегілерім» aтты кітабымды оқыдың ба?-деді ағам.
-Оқыдым, аға,-дедім.
— Оқымасаң қалай режиссер боласың? Келесі жылы режиссер бөліміне жақсылап дайындал.
— Жарайды,аға. Сіздің де режиссерлік, актерлік жолыңыз туралы сұрап қалса, мен Құрағаның кітабымен өз аузынан естігендерім деп тақылдап тұрмаймын ба?
— Жақсы, онда Қызылорда астанамыз болған кезде 1925 жылы шақырту алдым да, жүрегім алқымыма сыймай Қызыл Орда қаласына бардым. Қарасам, барлығы «сен тұр, мен айтайын» деген мықты әншілер Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов пен Серке Қожамқұлов, Шаншар Пері, Қалыбек Қуанышбаев бастаған топтың ортасына түстім. Бәрі өнерпаз, халықтың еркелері мен серкелері жиналған екен. Әй, Әміреден соң маған не жорық!? деп ойланып қалдым. Жаңа ашылатын театрға небір таланттар жиналып жатыр. Театрға қабылдау үшін конкурста қатты қобалжысам да нар тәуекел дeп қазақша, өзбекше, татарша ән орындаумен бірге билеп те қойдым. Әр ұлттың әндерінің арқасында мен де құрамға іліктім-ау. Әр ауылға концерт беріп, барлық облыстағы тeатр өнерімен таныстық. Спектакліміз шағын ғана, көрермендер де «Ойпырмай, театр деген осындай болады» десті. Халық арасынан өнерпаздарды таңдап алып жүрген Жұмат Шанин ұжымы жаңарып, әр ауылдан талантты өнерпаздар жинады. Жазушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер де біркісідей атсалысып пьеса жазумен айналысты. Бізге демеу, қолтығымыздан алып ер-тоқымсыз отырғызды. Әлі де алдымыз да көп асулар мен тар жолдар бар еді. Мені алғаш рет Серке өзімен бірге режиссерлікке баулыды.
«Бәйбіше-тоқал» спектаклін 1926 жылы Серка ағам қойған еді. Мен Төлеужанның рөлін жасадым. Көп ізденуге, толғануға, күйінуге тура келді. Спектакль жақсы шықты. Режиссеріміз Жұмат Шаниннен үйреніп қана қоймай, ол кісінің талдауын, пьесаның қыр-сырын, кейіпкерді толықтыра ашып көрсетуін меңгеруіміз біртіңдеп ашыла түстік. Қойшы, сонымен Алматыға ауысатын болдық. 1929 жылы Алматыға бардым. Астанамыз Алматыға келген соң бір топ өнерлі жастар қосылды. 1931 жылы сол кездегі халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтың ұйымдастыруымен музыкалық драма театры ашыла бастады. Мені Ж.Шанин шақырып алып «музыкалық театрға режиссер болып барасың» деп бекітті.
— Ал әртicтepдi қайдан аламыз? деп едім.
-Драма театрдағы әнші, күйші, бишілерді аламыз,- дeп алдыма салып берді. «Жығылсаң нардан жығыл» деген қазекем. Мен жеңімді түріп іске кірістім. Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» қойылымына режиссерлік етуіммен қатар Көтібар рөлін де алып жүрдім. Ұмытпасам, бұл қойылым 1934 жылы бірінші рет «Айман-Шолпанмен» шымылдығын ашты. Театр құрылды. Шанин көмектесіп өз дәрежecіндe жоғарғы баға берді. Алдымен музыкалық театр дүниеге келді. Қазіргі «Қазақконцерт» орналасқан мекемені музыкалық театрға берген болатын.
— Аға, тағы қандай койылым койдыңыз?- деп сұрарын сұрап aлып, өзімнен өзім ыңғайсыздандым.
-Бейімбет Майлиннің «Шұға» шығармасын қойдым, өте ауыр болды. Бәрін халық әндерінен кұрастырдық қой.-деді көзі жарқ етіп.
-Құраға, «Қыз Жібек» операсында қазақтың халық әндерінен құрастырылған жоқ па?
— Иә, Күләш «Гәкку» әнін, Төлегенге Қаныбек, Бекежанға мен өз рөлдерімізге лайықты деген әндерді өңдeтіп Брусиловский жазды. Кейде бүкіл опера группасы болып мына кейіпкерге лайықты деп атсалысты.
-Халық ішінде «Гәкку» әнінің қайырмасы «Гәкку-гәкку» деп қайталанған жерін Күләш апамыз бен Евгений Брусиловский тарантас арбаны мініп келе жатып туған дейді. Күләш әнді орындап келе жатқанда арба секірген ғой, «Гәккуді» қайталағанда туған қайырма дегенді естіп едім. Бұл рас па, аға?
— Рас, ол жайлы кітапта да бар.
— Ал сіз 1936 жылғы Мәскеудегі декадада Бекежан рөлін ойнап жатып, қарқылдап күлгеніңіз туралы да алып -қашпа әңгімелер көп.Бұған не дейсіз?
— Сен, өзі журналистерше тергеуге алдың ғой-деп күліп алды. Айтайын. Ол былай болған. Мәскеуге «Қыз Жібекті» әбден дайындадық, Жұмат ағамен режиссерлік жұмысымызда барынша тер төктік деп ойлаймын. Тұңғыш операмыз. Оркестрге бірінші рет қосылып ән орындаумен қимыл-қозғалысымыз мизансценамыз өз театрымызды жақсы білеміз. Ол Мәскеудегі арнайы операға лайықталған. Ондағы сахна ортасында «круг», жоғарыдан түсетін штанкет дегендер, бізде мүлдем жоқ. Осының бәрін есепке алмаппын. Мен әннің алдында «Шоқпар биін» немесе «Жамбы ату» деп аталатын қарақшылар тобын бастап билеп кеттім. Би музыкасы ойналып біткені сол еді, сахна «кругі» айналып тұра қалды. Мен де биден кейін алқынып тұрмын. Аузын ашқан балықтай демімді алып үлгере алмадым, музыка көтеретін жеріне келіп қалды, не істеу керек, тоқтап қалсам онда ісім бітті, қарабеттің өзі болам. Актёр қандай қиын жағдай болмасын жол тауып кетуі керек. Музыка дәл келді, мен қарқылдап күліп жібердім. Бары осы қарақтарым,- деп бізге қарады.
— Ал Нарынқолға келіп қалдық, аға,-деді администраторымыз.
Бәріміз алға қарадық. Бекежан бейнесі көз алдымда тұрып қалды. Құрманбек пен Бекежан бір адам болып көрініп көлбеңдеді. Қалай қабысып қалған. 910 шақырым жерден аудан хатшылары қарсы алды. Қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дегендей дастархан жайып жіберіп, қара қазандағы қуырдақты түсіріп жатыр. Көпшілік автобустан Құрмаш ағаны көтеріп алғандай, құрмет көрсетіліп, аман-саулық сұрасып, көрісіп жатырмыз. Бәрі ұрлана Құрманбекке қарайды. «Атақты ҚР халық әртісі осы кісі ме? Бекежанды ойнan eлге аңыз болған, әдемі, көрікті кісі ғой» деп сұқтанып жүрген қыз-келіншектер. Бірқыдыру отырып, дастарханнан дәм татқаннан кейін.
— Біз біраз демалайық. Алыс жер екен. Кеген мен Нарынқолдың арасы жол соқты, болыңқырап қалыппыз,- деп Құрмаш аға аудан орталығына біp үйге түсірді. Көрпе төселіп, жастық қойылған соң Құрмаш аға төрге жaнтайды.
-Келін шырақ, шай-пайға әуре болмай-ақ қой, жолда сары қымыз ішіп, бұйырған астан дәм таттық. Рұқсат болса, демалайық. Кеше де кеш жатып, ұйықтай алмадым,- деп өтініш айтты.
— Ішкі бөлмеге төсек салып бер,- деді үй иесі.
Мен де мәдениет үйіне барып келейін,- деген соң.
-Мен де барайын,- деп орнымнан тұрдым. Тәп-тәуір салынған мәдениет үйіне келдік. Сахна жағып көріп бізді күтіп жүрген мәдениет үйінің меңгерушісі:
— Мынау залымыз, анау сахна,- деп таныстырды. Әдетімше «әртістер киінетін бөлмесі ше?» дегенімше,
-Міне, мына екі бөлме, бір жағында қыздар, бір жағына ер адамдар киініп шешінеді,- деді. Өзі орта бойлы жалпақ танау, басында қара шляпа, шашын ұстарамен қырдырғаны көрініп тұр. Маған:
-Танысып қояйық, Қойлыбай,- деп қолын созды.
-Менің eciмім — Әскep.
-Құрманбек Жандарбеков баяғы Бекежанды ойнаған атақты әртіс те келді ме?- дегені.
— Иә, келді ,-деп қарадым.
Ауыл адамы ғой, арақтың иісі кішкене мүңк ете қалды. Қонақ болған үйде Құрекең арақ жолатпайды. «Аталармыз арақсыз да күнелткен, одан да қымыз ішейік» деп отырғандардың аузын байлап қоятын. Әңгіме- дүкен, ән орындап әнші қызымызға домбырадан ән салдыртып, күй тарттыратын. Ауылдың алты аузын бастаңыздар, — деп күлімдеп, отырғандарға ізет білдіретін.
Ауылдағылар да күні бұрын дайындаған әнші, күйшілері өнер көрсетіп, отырыстың сәнін келтіретін. Небір талантты өнер иелері ауылдан шыққандар ғой, оларға музыканы мектептердегідей институт пен консерваториялардағыдай бағыт-бағдар берсе кем түспейтін өнерлілер көп қой. Бірі әке-шешесіне қарайтын ешкім жоқ болған соң қолы байлаyлы болса, енді бірі ерте күйеуге шығып кеткен балалы ана. Әртүрлі себеппен музыка, ән, би өнеріне бармай қалғандарды көріп өстік. Әттең-ай!- дейсің де қоясың..
Кешкі сағат 21.00-ден аса мәдениет үйiне жиналған көрермендер тайлы-тұяғымен, емізулі баласымен шұбырып келіп жатады. Ойын-сауыққа құмар қазақтар көп мұндайда. Бәрі Құрманбектің даңқына келеді. «Көріп қалайық, даусына, ойнаған рөлін тамашалайық», елден Құрекең жайлы естігендері бір көрейік».- десіп жайғасып жатты. Мен шымылдықтың шетінен сығалап, лық толғaн залға қарап : «Қашан администратор? Баста» дегенше тыпыршып өзімен- өзі сөйлесіп, даусымды қырнап қойып өзімізді өзіміз дайындап жүрміз. Бірде мен: «Құраға, сахнаға шығар алдында жүрексінесіз бе?» дегенімде: «Көрерменнің мысы қалайда толқытады. Қобалжымаған әртіс өнерге мән бермейтін бедірейген біреу, болмаса өнерді сүймейтін жан. Сахнаға шығар алдында қобыздың, домбыраның құлақ күйін, өз үніне лайықтайтын болса әнші, актер да сөзін қайталап, даусын, ішкі үнін келтіруі тиіс» деген еді. Меніңше, әртіс сахнаға шығар алдында өзі орындайтын рөлін, әнін, күйін дайындауы тиіс. Шын өнерін сыйлаған, талант иесі болуы үшін еңбек етуге мүдделі. Мен Құрмаш ағама қарап бой түзеген жанмын. Жас кезінде өте жылдам қимылдайтын сезімтал адам болған. Алла тағала керемет көрікті талантпен қоса драмалық тенор дауыс берген. Әнді шырқап салып «Бозжорғаны» айтқанда темпераментпен қоса музыкалық қабілеті күшті, тез үйреніп, бірден әнді қағып алатын қабілеті зор болған. Ән салғанда жан-тәнімен беріле шырқайтын. Актерлік қабілеті театрда рөл ойнағанда ізденімпаздығы кейіпкердің жан-дүниесіне еніп, көкірек көзімен сезініп беріліп кететін еді. Мұнымен қатар режиссурада қойылымды көріп тұратын қабілеті болды. Әртістерге түсіндіре жүріп кейіпкержандылықты талап еткен. «Біржан -Сара» операсын қойып жатқанда қолынан қамшы түспей, актерларға сес болсын деп кейде қамшыны иіріп қойып актердан образ талап еткен. Режиссер болу спектакльге жанымен беріліп, әр кейіпкердің мінез-құлқын жіктеп, жілік-жілікке бөліп, актердің сол кейіпкерді түсініп, әрекет жасап жатыр ма, жоқ па әлде сыртқы актерлік техникаға салып жүр ме, соның бәрін сезе білетін, көре білетін режиссер болған адам. Әншілердің хорды орындағандағы дыбысты есту қабілеті де Құрекеңнің бойынан табылған. Өзі сомдаған алғашқы атақты батыр Көтібардың үстіндегі киімі мен сақал мұрты, жүрісі, қозғалғанда Көтібарды көрерменге сендіру әсіресе жасы келген кісінің ән орындағандағы Құрмаш аға даусын құбылта әрекетке кіруі таңқаларлық деп жазған сол кездегі газеттерде. Оның алдында 1929 жылы өзі қойып Сырым серінің бейнесін жасауда («Қаракөз» қойылымында) жас кезіндегі Құрекең сүйген жанын жадына түсірген. Іштей тебірене, күңіреніп өлген Қарагөздің моласының басында зар илеуі көрерменді бей-жай қалдырмаған. Басқа да бас кейіпкерлерді сомдаған. «Жалбыр» қойылымында Жалбыр, «Ер Тарғында» Ер Тарғын, т.б. көптеген кейіпкерді ойнаумен қатар өзі қойып режиссерлік мамандықты қоса меңгеру кімге де болса қиын. Ал, кинодағы рольдерді бір-біріне ұқсамай көрерменнің көңіліне ұялаған бейнелер. Сыртқы келбеті, киім үлгісі, 60-қа келіп қалғанда қолындағы кавказ таяғымен консерваторияға маң-маң басып, басында жазда қара шляпа мен қара плащ өзіне жарасып тұратын. Ажары ашық, қою қара қасы, қыр мұрны, ботадай көзі күлімдеп, оқу залына кіріп келгенде қызықпайтындар мен жатып қарайтындар таңдай қағушы еді. Өмірде биязы үнімен баурап үлкенге де, кішіге де бірдей көңіл бөлуші еді. Күз, қыс айларында қара пальто мен дөңгелек сусары бөркін киіп шыққанда одан да бетер көріктене түсуші еді. Бірде консерваторияда кездесiп қалдық
-Сay-сәлеметсіз бе, аға! дегенімде қолымды ұстап тұрып
-Режиссер мырза, оқу қалай?- деді.
-Жақсы, аға, сіздің маған айтқандарыңыздың бәрі жүрегімде.
— Режиссурада кім сабақ береді?
— Казмировский Владимир Алексеевич орыстардың бас режиссері.
-О…ол жақсы режиссер. Қойылған қойылымдардан қалма, қай жері нашар, қай жері жақсы режиссер бұл қойылыммен не айтқысы келеді соның бәрін көріп, талда,- деді де,- Сау бол, балам,- деп жүріп кетті.
Ет -жүрегім елжіреп соңынан қарап қалдым. Дәл алдына Шара апам кездесе қалды. Құрмаш ағам қолынан ұстап тұрды. Шара апам екеуі біраз әңгімелесті. Сол кездесуде ойлағаным жастық шақта нендей қателік жасамайды, бір-бірін қимай тұрады, қос қарлығаш деп ойладым. Есімнен шығып барады екен. Құрмаш аға 60-қа толғанға дейін екі-үш ән тудырған жан. Алматы облысының аудандарына гастрольмен барғанымызда, концерттің соңында мен сахнаға шығып:
-Құрманбек Жандарбековтың өзінің тұла бойын жарып шыққан әні «Туған елім» . Бұл ән Қазақстандағы барша тыңдарманға арналған ән. Құрекең қазақ елінің қай түкпірінде болмасын, бұл кісі үшін қазақ жерінің әр түкпірі осы кісінің туған елі. Сіздер ойлап қалмаңыздар, Шымкентке, бұрынғы Оңтүстік облысына арналған деп. Олай емес. Бұл кісі бүкіл Қазақстан үшін өмірін, талантын арнаған режиссер, әнші, актер, бір сырлы сегіз қырлы өнер адамы. Олай болса сол, «Туған елім» әнін қарсы алыңыздар!- деп сахнаға ағамды шақырдым..
Қайран, сол күндер-ай!..»
… Ұзақ әңгімеден кейін ағамыз екеуміз Ақсукентттің орталығындағы «Мәртөбе» дәмханасына қарай аяңдадық. Ол жерде де біраз пікірлесудің тығыны ашылары анық. Шәй-пәй ішіп, маңдай жіпсіп дегендей, сөз қызады енді… Айтпақшы, бұрын Сайрам ауданына қараған Мәртөбе деген тарихи орын бар. Ол туралы да шежіре мен айғақтар жетерлік. Мұны енді келесі кездесудің еншісіне қалдырдық.
Әңгімелескен Нұрғиса Төремұратов.
Керемет жазылған екен!!!!
Сан тарихқа куәгер саялы Сайрам жері.