«ЖАС АҚЫННЫҢ ЖОЛЫ: ШАБЫТ, МАҚСАТ, БОЛАШАҚ»

Жас ақындар – ұлттың болашағын айшықтайтын, рухани әлемін байытатын ерекше жандар. Олардың жүрек тереңінен шыққан өлеңдері мен шынайы сезімдері қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігіне әсер етпей қоймайды. Әсіресе жастардың ішкі жан дүниесін, олардың өмірге деген көзқарасын, қоғамдағы орнын көркем тілмен жеткізу арқылы жас ақындар тыңдарманын ойға жетелейді. Бұл өлеңдер махаббат пен арманды, күрес пен үмітті, өмірдің қуаныштары мен қайшылықтарын қамтиды. Жас ақындар әр өлеңінде өздерінің ішкі әлемін, дүниетанымын аша отырып, оқырманды рухани ізденіске шақырады.
Бұдан бөлек, жас ақындар әлеуметтік және экологиялық мәселелерге үн қосып, өз өлеңдерінде қоғамдық проблемаларды қозғап, жастарды белсенді болуға шақырады. Олардың өлеңдері тек сезім мен махаббатты емес, заманауи тақырыптарды да қамтып, жастардың санасына ой салады.

Бүгінгі сұқбатымызда біз сондай Сайрам ауданының жас ақындардың бірімен әңгімелесеміз. Оның шығармашылық жолы, шабыт көзі, өлеңдерінің мазмұны мен мәні туралы тереңірек білу мақсатында сұрақтарымызды қойып, жас буын ақынының өнер жолындағы ой-толғауларын оқырманға ұсынатын боламыз.
Ол — Алмас Бағдатұлы. 2021 жылы ауданымызда өткен Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт?!» жыр мүшәйрасында 3-орын иегері атанған және университетте «Поэзияда» жыр мүшәйрасында да 3-орынмен марапатталған.
Өлеңдері «Жастар жырлайды» жыр жинағында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған аудандық жыр жинағында, «Түркі әлемі жазушылар одағы» жыр жинағында, сондай-ақ «Қуантқым келеді» жыр жинақтарында жарияланған.

– Алмас, өзіңмен сұхбат құрғалы жатқаныма қуаныштымын. Алдымен, өзің жайлы баяндап, оқырманға толыққанды таныстыра кетсең.

— Мен, Бағдатов Алмас Бағдатұлы, 1998 жылдың 2 шілдесінде Сайрам ауданының Ақсукент ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен бастап білімге, мәдениетке және шығармашылыққа қызығушылығым болды. 2006 жылдан 2014 жылға дейін №61 негізгі орта мектебінде оқып, оқу үдерісінде белсенділік танытып, түрлі іс-шараларға қатыстым. Содан кейін 2014-2016 жылдары №93 жалпы орта мектебінде білімімді жалғастырып, өзімді жан-жақты дамытуға тырыстым. 2020 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап, жоғары білім алдым.
Кәсіби жолымды Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бастап, қоғамдық жұмыстарға атсалыстым. Қазіргі уақытта аудандық «Жастар ресурстық орталығында» жұмыс істеймін. Жас буынның дамуына, олардың әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстар мен үшін үлкен қуаныш. Жастармен жұмыс істеп, олардың идеялары мен жобаларын қолдау мені ерекше қуантады.
Келешекте жастардың белсенділігін арттыру, қоғамдық мәселелерге қатысуын ынталандыру бағытында көптеген жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Әрбір жастың өз орнын табуына, қоғамда өзін көрсетуіне көмектесу менің мақсатым.

– «Жастар орталығында» жұмыс істеп жүріп, шығармашылықпен айналысудың артықшылықтары немесе кемшіліктері бар ма?

— Шығармашылық – менің өмірімнің маңызды бөлігі, ал жастар орталығында жұмыс істеп, өлең жазу – мені шабыттандыратын керемет тәжірибе. Біріншіден, шығармашылық арқылы мен өзімді білдіру, ішкі сезімдерімді жеткізу мүмкіндігіне ие боламын. Бұл мені тек өз ойларыммен ғана емес, сондай-ақ басқа адамдардың пікірлерімен де байытады.
Кездесулерде жастардың идеяларын тыңдағанда, олардың уайымдары мен қуаныштарын сезінгенде, мен де шабыттанып, жаңа өлеңдер жазуға талпынамын. Жастардың арасы – шығармашылық атмосфераның нағыз ошағы.
Жас адамдардың арман-мақсаттары мені ерекше шабыттандырады. Олардың өмірлік жолдары, мақсаттары, көңіл-күйі – барлығы менің шығармашылығыма әсер етеді. Көптеген эмоциялар мен сезімдер менің өлеңдеріме енеді. Мысалы, кейбір жастардың армандарының орындалмауы мен арманға жеткендегі ерекше қуаныштары, үміттері мен тыныс-тіршіліктері мені терең ойлануға мәжбүр етеді. Бұл сезімдер мені жазуға итермелейді, әрі шығармашылық жұмысыма жаңа қырлар қосады.
Жастардың идеяларымен бөлісу, олардың қиындықтарын талқылау – менің дамуыма үлкен ықпал етеді. Мұндай диалогтар мені жаңа көзқарастарға, жаңа тақырыптарға жетелейді.
Жастармен кездесуде, олармен сұөбаттасу мен пікір алмасулар кезінде шыққан өлеңдер де болды.
Мен үшін өлең таңғажайып тылсым күш. Қашан саған белгі берсе, сол кезде өзің қағазға түртіп аласың. Ал ізденіс жағынан – осы орталыққа жұмысқа кіргеннен бері жастар тақырыбы қатты ойландырып жүр. Жастарға айтар ойда көп. Сол жағына ішкі дайындығым бар. Бұйыртса, ол дүниелер де уақыт бұйрығымен жазылар… Сондықтан да «Жастар ресурстық орталығына» жұмысқа кіргелі менің шығармашылық әлемім тіпті де бір орнықтылыққа, жайлылыққа көшкен сияқты. Қашан демейсің, әйтеуір, қағазың алдыңда, қаламың қолыңда.

– Алмас Бағдатұлы келер шақта кім болуды қалайды және не істегісі келеді?

— «Жастар орталығында» жүріп, осы салада қызмет атқарғым келеді. Өзім сияқты жастарды белсенді болуға шақырамын. Біз тындыратын тірлік көп әлі. Сауатты ақын, салиқалы жазушы болғым келеді. Қазір көбігіміз көптеу, жастығымыз басымдау шығар. Жаратқан қуат берсе, әдебие әлеміне терең бойлағым келеді. Соның бәріне жетер күш-қуат, шабыт, өмір берсін деймін!

– Әңгімеңізге рахмет! Арман, мақсаттарыңызға жетуіңізге мен де тілектеспін!

Н.Нұрғисаұлы.

Құрметті оқырман, сондай-ақ назарларыңызға Алмас Бағдатұлының бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынмазы.

АЛМАС БАҒДАТОВ

 

Сен қазақсың, тəуелсізсің, азатсың!

 

Көкжиектен арайланып таңы атқан,

Бар əлемді тамсандырып қаратқан.

Көк байрағым желбіресін көгімде,

Ғұмырыңды мəңгі етсін Жаратқан!

 

Жаса елім, жасай берші мəңгілік,

Атың тұрсын бар ғаламға жаңғырып.

Қазақтайын қайсар халық тұрғанда,

Сенің орның биіктеуі заңдылық!

 

Тəуелсіздік бүгін біздің қолдағы,

Кеше болған бабалардың арманы.

Тұғырыңды қолдағы енді құлатпау,

Жас ұрпақтың аманаты алдағы.

 

Қиын күннен өтіп едік талай біз,

Болашаққа енді үмітпен қараймыз.

Рухы биік, озат жастар біз енді,

Мəңгілік ел іргетасын қалаймыз.

 

Рухты ұрпақ болашағы қазақтың,

Кеудеңдегі күмəнді ойды босатқын.

Мақтан етіп, кеуде керші бар маңға,

Сен қазақсың, тəуелсізсің, азатсың!

 

 

 

 

 

 

 

Біз білмейміз…

 

Біз білмейміз бөлек әлем қырларын,

Түсінбейміз өзге жанның сырларын.

Күліп жүрсе бақытты деп ойлаймыз,

Байқамаймыз көңілінде мұң барын.

 

Біз білмейміз бақыт қайсы өмірде,

Қарамаймыз, кір түсіріп көңілге.

Қара дақ қып жүректі де былғаймыз,

Сондықтан да желігеміз жеңілге.

 

Біз білмейміз бұл өмірдің жұмбағын,

Ашылмаған әлі талай сыр барын.

Сұрақ қойып өзімізге көрдік пе,

Біле алмаймыз неге өмір сырларын?

 

Біз білмейміз өмірге кім ұнайды,

Біз білмейміз тағдыр кімді сынайды.

Біз білеміз өмір реті қайталап,

Алмастырып отыратынын күн-айды!

 

 

 

 

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫ

 

Көз тартар болмысы əдемі,

Бойына жарасқан əдебі.

Қазақтың ибалы қыздары,

Ұлтымның мақтаныш, сəні еді.

 

Сұлу ғой шетінен өздері,

Жаныңа нəр берер сөздері.

Сүйкімді қазақтың қызының,

Ботадай мөп-мөлдір көздері.

 

Жарасар өзіне қылығы,

Жібектей өрілген бұрымы.

Қылықты қазақтың қызының,

Жаныңа жағымды бал үні.

 

Айтатын өз сөзін іркілмей,

Ешкімге тимейтін түрпідей.

Ақкөңіл қазақтың қызының,

Қулығы жоқ мүлде түлкідей.

 

Өз орнын білетін өмірде,

Қуаныш сыйлайтын көңілге.

Қазақтың сүйкімді аруы,

Мəн берер бес күндік өмірге.

 

Еріксіз ойлайсың сағына,

Мақтау көп теңесең тағы да.

Қазақтың қыздары байлығым,

Əр үйдің айналған бағына.

 

 

 

 

 

Жалған өмір

 

Кейде адамды жылатады тағдыры,

Кейде адамды қуантады әр күні.

Кейде бақыт, кейде мұң бар өмірде,

Құлшылық — шын, жалған қалған барлығы.

 

Өмір – жалған, бес күн ғұмыр қас-қағым,

Бірде күліп, бірде тамар жастарың.

Сынақ өмір өте шығар байқалмай,

Өкініш пен әттең қалар баста мың.

 

Байқалмайды жастық шағың, өскенің,

Босқа өткізген күндерің мен кештерің.

Байқалады өзіңді-өзің сынасаң,

Көрінеді жандың әлде өшкенің.

 

Өмір – күрес, тармағында тағдырдың,

Сенделтеді сынағында сан қырдың.

Кейде күліп қарағанмен күн нұры,

Тоңдырады ызғарымен салқынның.

 

Өмір – сынақ, мықтыларғы шыдамды,

Әлсіздерге үйретеді жылауды.

Үйретеді тағы үздік болуға,

Қолда бардан бақыт бағын құрауды.

 

Бұл өмірдің ақиқат қой жалғаны,

Талай адам түсіне алмай сорлады.

Нағыз өмір біз аңсаған Жұмақта,

Ал, бұл өмір соған жету жолдары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *