Агроөнеркәсіп – ел экономикасының қозғаушы күші

Ауыл шаруашылығы – ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл туралы өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:
– Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына да тоқталып өтті. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін ерекше назарға алды. Бұл – ауыл шаруашылығын тек азық-түлік көзі ретінде емес, экономиканың тұрақты әрі табысты саласы ретінде дамыту қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, аграрлық салада еңбек ететін мамандардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, олардың кәсіби білімін жетілдіру де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Осы бағытта еліміздің әр өңірінде нақты жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сайрам ауданында іске асыру кезеңіне жақындаған ірі жоба – «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешені. Аталған кешенге аудан әкімі Арман Сабитов арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көріп, мердігерлер мен жобаны жүзеге асырушылардан егжей-тегжейлі ақпарат алды. Бұл нысан аграрлық саланы жаңа деңгейге көтеретін заманауи технологияларға негізделген кешен ретінде қарастырылады.

Кешен тек бордақылау алаңымен ғана шектелмейді. Мұнда мал сою пункті, етті терең өңдеу цехы, қан өңдеу кәсіпорны, сондай-ақ қалдықсыз өндіріске негізделген инфрақұрылым қарастырылған. Кәсіпкерлердің айтуынша, малдың ішек-қарны, сүйегі, сирағы секілді барлық бөлігі пайдаға жаратылады. Бұл – экологиялық тұрғыдан тиімді шешім. Тіпті, өндіріс кезінде қолданылған су арнайы сүзгіден өткізіліп, қайта өңделіп, қайта пайдалануға жарамды күйге келтіріледі. Бұл әдіс еліміздегі су тапшылығы мәселесін азайтуға өз үлесін қосатыны анық.

Жобаның толық іске қосылуы нәтижесінде 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарына табыс көзі ашылады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тоңазытқыш камераларды орнату жүріп жатыр. Құрылғылардың басым бөлігі Беларусь пен Қытайдан жеткізілген. Бұл жабдықтар халықаралық стандарттарға сай келеді және өнім сапасын жоғарғы деңгейде сақтау мүмкіндігін береді. Жергілікті мамандар да бұл құрал-жабдықтармен жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өтіп жатыр.

Аудан басшысы А.Сабитов бұл жобаның өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығының дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сайрам ауданы – шаруашылығы жүйелі жолға қойылған, еңбекқор халқы бар аймақ. Мұнда осындай ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы ауылдың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де ықпал етеді. Бұл – елдегі урбанизация үдерісін теңгерімді ұстап тұрудың бір жолы.

Бұл бастамалар Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің нақты іске асуын айқын көрсетеді. Ауыл шаруашылығын заманауи бағытта дамыту – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да зор ықпал етеді. Сонымен қатар, осындай жобалар арқылы Қазақстанның агроөнімдері шетелдік нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Экспорттық әлеуеттің артуы – ел экономикасына келетін табыстың еселенуіне жол ашады. Сондықтан мұндай жобалар болашақта көбейіп, өз тиімділігін дәлелдейтіні сөзсіз.

Нұрғиса Төремұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *