Ақсукент ауылдық округі – тарихы терең, әлеуеті жоғары өңір. Іргесі 1889 жылы қаланған Ақсу ауылы (бұрынғы Белые Воды) 1990 жылы тарихи атауын қайта иеленіп, бүгінгі Ақсу атауына ие болды. Бүгінде бұл өңір тек атауымен емес, нақты көрсеткіштерімен де алға шығып отыр. Округтегі халық саны 47 482 адамды құрайды. Бірлік қалыптасқан бұл аймақта 42 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әлеуметтік тұрақтылық пен демографиялық өсім – өңірдің даму әлеуетінің айқын көрінісі.
Ақсукент ауылдық округі үш елді мекеннен тұрады: Ақсу, Бәйтерек және Алаш. Жалпы аумағы 3065,8 гектарды құрайды. Оның ішінде 2785,72 гектары – тұрғындар орналасқан жер телімдері, 242,66 гектары – ауыл шаруашылығына арналған аумақ, ал 189,24 гектары – егістік жерлер. Бұл көрсеткіштер округ экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы екенін аңғартады.
Экономикалық белсенділік те жақсы деңгейде тұр. Бүгінде округте 2597 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 400 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 38 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 1 акционерлік қоғам және 2157 жеке кәсіпкер бар. Бұл шағын және орта бизнестің жүйелі дамып келе жатқанын білдіреді. Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалмаған. Округ тұрғындарына 8 жалпы білім беретін мектеп, 2 негізгі орта мектеп, 5 жекеменшік мектеп қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласында 2 дәрігерлік емхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекеттік 3 және жекеменшік 26 балабақша бүлдіршіндер тәрбиесіне үлес қосуда. 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек 375 отбасыға немесе 1874 адамға жоспарланып, оның орындалуы нәтижесінде 222 отбасыға көмек көрсетілген. Бұл – әлеуметтік саясаттың нақты адресаттарға бағытталғанының дәлелі. Ал 2026 жылға бекітілген жоспар бойынша 211 отбасы немесе 1062 адам қамтылуы тиіс. Жылдың алғашқы тоқсанында жоспарланған 179 отбасының 106-сына немесе 509 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, нақты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Жыл басынан бері қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған мерекелік және әлеуметтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, 8 Наурыз – «Халықаралық әйелдер күні», «22 Наурыз мерекесі», 9 Мамыр – «Жеңіс күні», 1 Маусым – «Балаларды қорғау күні», «Мектепке жол» акциясы, Еңбек күні, Қарттар күні, Мүгедектер күні, Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекелері кең көлемде аталады. Бұл іс-шаралар тек мәдени мазмұнмен шектелмей, нақты әлеуметтік қолдаумен ұштасып отыр. «Қайырымдылық» акциясы аясында демеушілер тарапынан аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлікпен көмек көрсетілді. 2025 жылы осындай қайырымдылық көмектің жалпы көлемі 6 024,5 мың теңгені құрады.
Жұмыспен қамту бағытында да нәтижелі жұмыстар бар. 2025 жылы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 45 адамды қамту жоспарланса, іс жүзінде 64 адам жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылы 70 адамды қамту көзделіп, алғашқы тоқсанда 27 азамат жұмысқа орналастырылды. Былтыр 246 түлекті «Жастар практикасы» арқылы жұмыспен қамту жоспарланса, нақты 300 жас осы бағдарламаға тартылды. 2026 жылы 150 жасты қамту жоспарланып, бірінші тоқсанда 27 түлек практикаға жолданған. Қоғамдық жұмыстар ауылды көркейту мен уақытша жұмыспен қамтудың тиімді тетігі екені анық. 2025 жылы 255 адамды қамту жоспарланып, нәтижесінде 318 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Ал биылға 158 адам жоспарланса, бірінші тоқсанда 159 азамат жұмысқа орналасты. Округте елу жастан асқан азаматтарды қолдауға бағытталған «Күміс жас» жобасы да өз нәтижесін беруде. 2025 жылы 63 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 64 азамат еңбекке тартылды. 2026 жылы 22 адам жоспарланып, алғашқы тоқсанда 16 адам жұмысқа орналасқан. Өткен жылы 884 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланса, нақты 1020 адам жұмыспен қамтылды. 2026 жылы бұл көрсеткіш 2380 адамға жеткізілмек. Жылдың алғашқы тоқсанында 166 азамат тұрақты жұмысқа барды.
Ақсукент ауылдық округінде экономиканы әртараптандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында нақты жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі – бастапқы бизнес бастамаларды қолдауға арналған мемлекеттік гранттар. 2025 жылға жоспар бойынша 31 азаматты қамту көзделсе, түрлі салаларда – егін шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тігін, дәнекерлеу, тағам өндірісі мен қызмет көрсету бағыттарында өз ісін бастауға ниет білдірген 25 азаматқа 1 572 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Биыл бұл көрсеткішті 30 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» тапсырмасы аясында да жүйелі жұмыс бар. Былтыр нақты 734 жұмыс орны құрылды. Осы төрт айда 206 жаңа жұмыс орнын ашу межеленіп, алғашқы тоқсанда 20 жаңа жұмыс орны іске қосылды. Ұлттық жобалар шеңберінде де нәтижелі көрсеткіштер байқалады. 2025 жылы 4 жоба аясында 51 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, толық орындалды. Ал биылға 22 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бүгінде Ақсукентте шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Өңірде түрлі өндіріс орындары жұмыс істейді: жөргектің жаңа өнімін шығаратын ұйым, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар, мұнай өнімдерін өңдеу, консервіленген тағамдар мен сусындар шығару, май, ұн және сүт өнімдерін өндіру бағыттары жолға қойылған. Сонымен қатар, ет өнімдерін өңдеу саласы мен мал шаруашылығында жеке кәсіпкерлер белсенді еңбек етеді. Қазіргі таңда жалпы құны 9347,0 млн теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 268 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуеті артып келе жатқанын көрсететін нақты дерек, әрине.

Өткен жылы аудандық және ауылдық бюджет есебінен 9 көшеге жарықтандыру жүйесі тартылды. Атап айтқанда, Саяжай, О.Жандосов, А.Яссауи, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, А.Жангелдин, Желтоқсан, «Бәйшешек» және Асқаров көшелері жарықтандырылды. Сонымен қатар, Құрылысшы, Асқаров, Шахабиддин, Сұраншы батыр және Рудаки көшелерінде балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары орнатылды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Соңғы уақытта инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауыл көшелерін жөндеу, қоғамдық орындарды жаңарту және тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары жүйелі жолға түсті. Атап айтқанда, Сұраншы батыр және Балуан шолақ көшелерінің бойында жаяу жүргіншілер жолы жүргізілді. Сонымен қатар, «Мемлекеттік рәміздер» алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып, Сұраншы батыр көшесінің оң жақ қабырғасы жаңартылды. Атауы жаңадан берілген көшелерге арнайы аншлагтар орнатылып, елді мекендердегі көше белгілеріне QR-кодтар енгізілді. Сұраншы батыр көшесіндегі демалыс аймағына жақын орналасқан үйлердің жекелеген элементтері жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жібек жолы және Сұраншы батыр көшелеріндегі аркалар да ағымдағы жөндеуден өтті. Ал Балуан шолақ көшесіндегі темір қоршаулар ретке келтірілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің арасындағы тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер жаңартылып, бұл жұмыстар ауылдық бюджет есебінен жүзеге асырылды.
Аудандық бюджет аясында да бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, екінші Аксу ауылындағы «Сұраншы батыр» саябағында суару жүйесі жөнделіп, ұңғыма бұрғыланды. Сонымен қатар, саябақ аумағында шағын сәулет пішіндері (ШСП), балалар ойын және спорт алаңшалары жаңартылды. Бұдан бөлек, Ақсу ауылындағы Төле би көшесі бойындағы «Манкент» темір жол станциясының ауласында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл да нақты жоспарлар түзілген. Ауылдық бюджет есебінен бірқатар нысандарды жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Ералиев көшесіндегі балалар ойын алаңшасы жөнделсе, Сұраншы батыр көшесіндегі №25, 27, 32, 10 және 34 -көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын және спорт алаңшалары, сондай-ақ автокөлік тұрақтары жаңартылатын болады. Сонымен қатар, Құрылысшы көшесіндегі №6 және 8- үйлердің аулалары, Астана көшесіндегі №2, 4, 6-үйлердің аумақтары абаттандырылады. Рудаки көшесіндегі демалыс аймағы мен автокөлік тұрағы да жөндеуден өткізу жоспарланған. Инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру мен қоғамдық нысандарды жаңарту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Ақсукент ауылындағы бірқатар көшелерде көше жарықшамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, Абдуллаев, Бейбітшілік, Тілендиев , Рысқұлбеков , Теміржолшылар және Ғ. Мұратбаев көшелеріндегі жарық шамдары қалпына келтіріліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Жол құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Сұраншы батыр, Рудаки және Ш.Уәлиханов көшелерінің аралығында жалпы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын жолға асфальт төсеу жұмыстары жоспарланды . Бұл жұмыстар арнайы меморандум негізінде «Шымкентдорстрой» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 2025 жылы 46 рет сенбілік өткізілсе, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 7 рет тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шараларға ауыл тұрғындары, аудандық мәслихаттың депутаттары, көше комитеттері, қоғам белсенділері, сондай-ақ мектеп, балабақша, медицина, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері белсенді қатысты. Экологиялық акцияны насихаттау мақсатында ауыл аумағында арнайы баннерлер орнатылып, LED экрандар арқылы бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар, екі мурал салу жұмыстары жүргізілді.
Жақында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара Аксукент ауылдық округі әкімдігі мен Сайрам аудандық полиция басқармасының бірлесуімен өткізілді. Рейд барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, мейрамханаларда және басқа да қоғамдық орындарда жүру фактілерінің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Мұрат ОРАЗБАЕВ, Ақсукент ауылдық округінің әкімі.
ТАМАША! Тек сәттілік тілейміз.