Облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының және Сайрам ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен
«М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі» ЖШС-інің базасында «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда функционалдық сауаттылықты дамыту: технология, дәстүр, әдістеме» тақырыбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық ІІ съезі өтті.
Мақсаты — оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, ұлттық тіліміз бен әдебиетімізді дамыту жолында педагогикалық қауымдастықты біріктіру.
Ауқымды шараға облыстық білім беруді дамыту орталығы директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Сейдалиева, осы орталықтың орта білім беру кафедрасының бөлім меңгерушісі Б.Өтеген, қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері А.Аблаева, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова, облыстағы жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті саласының белгілі ғалымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері, түрлі олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары, аудандық, қалалық бөлімдерінің қазақ тілі пәнінің әдіскерлері және пән мұғалімдері қатысты.
Съезд делегаттары мен құрметті қонақтары ұлт аспаптар оркестрінің өнерін тамашалап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, сонымен қатар облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің білім берудегі жетістіктеріне арналған көрмелерімен танысты.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық ІІ съезінде облыстық білім беруді дамыту орталығы директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақнұр Бақытқызы және аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнәр Бермахамбетқызы құттықтау сөз сөйледі.
Бағдарламаға сәйкес, Мақтарал ауданы педагогтерінің «Сахна саңлақтары» жылжымалы театрының «Тіл және Ұлт: Алаш ардақтыларының ізімен» қойылымы сахналанды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Смағұлова Гүлдархан Нұрғазықызы «Оқушылардың сөздік қорын арттырудағы фразеологизмдердің рөлі» тақырыбында баяндады.
А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторы Рамазанов Талғат Бекболатұлы «Оқулық терминдерінің бірізділігі: лингвистикалық және әдістемелік аспектілер» тақырыбында баяндама жасады.
Ұлы жазушылар мен ақындардың шығармаларына ерекше құрметпен қарайтын, «Махамбет оқулары» байқауының жеңімпаз
оқушының бірі Әбдіразақ Бақдәулет Махамбет жырларын жатқа айтты.
Көпшіліктің назарына облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің білім саласындағы тынысы туралы бейнеролик ұсынылды.
Жиынды Түлкібас ауданына қарасты Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қойлыбаева Гүлнұр «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда цифрлы құралдарды тиімді қолдану тәсілдері» тақырыбында құнды ақпараттарымен бөлісті.
Созақ ауданының Ы.Алтынсарин атындағы мектебінің мұғалімі Дәулеталиева Сымбат Әлібекқызы мен Төлеби ауданы №7ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Бекеева Балнұр Жүнісәліқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту әдістемесін жаңғырту: инновациялық тәсілдер мен жасанды интеллект» тақырыбында баяндама оқыды.
Съезд барысында Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» туындысы қазақ тілінде комикс форматының, «Алаш ардақтыларының ұлттық идеялары және педагогикалық шығармаларының қайта жаңғыруы» облыстық ғылыми-практикалық конференция материалдары жинағының, Сауран ауданындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанатаева Айгулдің «Тыйым сөздер — ұлттық құндылықтардың бастауы» тақырыбындағы авторлық бағдарламасының, Бәйдібек ауданындағы «Теректі» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Асанқызы Сәуленің «Оқу сауаттылығынан оқушылардың мәтіндерді түсіну, талдау және бағалау дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар жинағы» тақырыбындағы әдістемелік жинағының тұсаукесері өтті.
Кейінгі кезекте түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындап, облыстың білім деңгейін көтеруге бар күш-жігерін салған, сондай-ақ олардың еңбекқорлығы мен жоғары кәсібилігі өңірдегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту сапасын арттырған ұстаздарды марапаттады. Марапатталушылардың қатарында аудандық білім бөлімінің әдіскері Т. Садықов, №74 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Ділдан болды.
Облыстық деңгейде өткен ІІ съезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың қазіргі замандағы өзекті мәселелері, сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялардың ықпалы кеңінен талқыланды.
Педагогтер бас қосқан ортада айтылған ұсыныстар мен қарарлар білім саласының алдағы кезеңдерінде жемісті болуына, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жұмыстың одан әрі нығайта түсуіне өз септігін тигізетініне сенім білдірілді.
Съезд соңында тіл мамандары тілектерін айтып, еліміздің егемендігі мен ұлттар достығын дәріптейтін «Атамекен» әнімен аяқталды.
Съезге 400-ге жуық делегат қатысты.
Сайрам аудандық білім бөлімі.