Өз елімізді былай қойғанда, әлемдік дегейде ел намысын лайықты қорғап, мерейімізді асырып жүрген жастар Сайрам ауданында жетіп артылады

 

 

Жастар – ұлт үмітін арқа­лаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде елі­міз­дің дамуы үшін жа­уапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.

Жастар  – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, спорт саласында беткеұстар қабілетті де қарымды Сәкен Бибосынов пен Абзал Құттыбаевтардың өзі төбе емес пе?! Таяуда бокстан «Elorda Cup» халықаралық турнирінде Сәкен Бибосынов 51 келі салмақта, ал Абзал Құттыбаев 86 келі салмақта чемпион атанып, мерейімізді асырды. Өз елімізді былай қойғанда, әлемдік дегейде ел намысын лайықты қорғап, мерейімізді асырып жүрген осындай жастар Сайрам ауданында жетіп артылады. Солардың бірнешеуімен таныстырып өтейік.

 

Бекбулатов Атабек Әлібекұлы

Таланытмен талайды таң қалдырып жүрген Атабек 1995 жылы дүниеге келген. Талантты суретші. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. 2018 жылы 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» атты облыстық жастар шығармашылық байқауының II орын иегері. Түркістан облысының талантты жастарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған «ONStandAP» телевизиялық байқауына қатысып жүлделі III орынды, «Ұлы Даланың жеті қыры: мәдениет, өнер және білім салаларындағы студенттердің ғылыми ізденістері» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда I орын алған. 2019 жылы Жастар жылы аясында өткен «Жастық шақ бояуы» атты республикалық жас суретшілер байқауының дипломанты.

— Атабектің бейнелеуден бөлек, зергерлік те қасиеті бар. Ағаштан ою ою да оған таңсық емес екен. Жан-жақты жігіт бүгінде түске дейін білім алып, осыдан соң қосымша жеке жұмыстарын қатар алып жүр.  Әлемі бөлек Атабектің болашағынан ұстаздары да зор үміт күтеді, — дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Дәулет Болысбаев.

Сондай-ақ, Атабек 2021 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясының иегері.

 

Әшім Маржан Бауыржанқызы

2003 жылы Ақсукент ауылында өмірге келген. Каратэ-до бойынша 2013-2016 жылдары №1 «Қайрат» спорт кешенінде тәлім алған. Қазақстан Республикасының 3 дүркін чемпионы. Бішкек қаласында өткен «Bishkek open — 2019» турнирінде 2-орын, 2015 жыл Каратэ-додан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында (Байқоңыр қаласы) «КУМИТЭ» бағдарламасы бойынша 3-орын, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жасөспірімдер және жастар арасындағы «Каратэ-до Шотаканнан» Қ.Р. чемпионатында 1-орын, «Шито-рю каратэ-додан» ҚР чемпионатында 2-орын алған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына арналған жасөспірімдер мен кадеттер арасында «Каратэ-до Шотаканнан» ел чемпионатында 3-орын, «Вадо рю Каратэ- додан» 2- орынды иеленген.

2021 жылдың 2-8 қараша аралығында Түркияның Стамбул қаласында өткен каратэ шотаканнан ересектер арасында әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген.

Аталған жарыста Маржан 5 қарсыласынан, яғни Түркия, Германия, Россия, Қырғызстан, Украина каратэшілерінен басым түсіп, ауданымыздың абыройын аспандатқан.

 

Қалымбетов Ермек

Ермек Тәуелсіздіктің құрдасы. Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылдық округіндегі Сиқым ауылының тумасы. Алдында ағасы, әпкесі бар. Әкесі Жорабек – Ауған соғысының ардагері. Анасы Шолпан мектепте мұғалім. 1991 жылы Қалымбетовтер отбасында дүниеге келген шаранаға дәрігерлер «Жүйке жұлын жарақаты» деген диагноз қойған. «Жүре алмайды. Сөйлеп кетуі екіталай» деген қауіптерін де айтқан. Алайда, перзентін құшағына алған анасы үмітін үзбеді. Жат жерде соғыс сұмдығын көріп қайтқан әкесі де тағдырдың дегеніне бой ұсынды. Сәбиін емдету үшін ата-анасының бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Осылайша Ермек жастайынан қоларбаға таңылды…

Дегенмен, оның  мүмкіндігі шектеулі деп айтуға келмес, шексіз мүмкіндігі мен қабілетін, өмір сүруге деген құлшынысын көріп, таң қалуға болады.

«Қиындықты өмірге деген құштарлық жеңеді. Бұл менің өсе келе көкейге түйген пәлсапам. Адамдардың сені аяй қарағанынан сақтасын! Шүкір, басым аман, бауырым бүтін. Тілім ерте шықты, ми істеп тұр. Қос аяғым семіп қалғанымен, Құдай қолдарыма қуат берді».

Ермек Қалымбетов 2008 жылдан бастап жеңіл атлетикамен айналысты. Алғашқы бапкері Асқар Орынбаев еді. Былайша айтқанда, қоларбадағы жарыс. 100, 200 және 400 метр қашықтыққа жарысудан ол алдына жан салмайтын. Әлі есінде, 2009 жылы Талдықорған қаласына жарысқа барды. Қазақстанда ұйымдастырылған байрақты бәсекелерде жігерлі жас жүлделі І және ІІ орынды иемденіп жүрді.

Өз жолын іздеумен жүрген Ермек қалауын биден тапты. Биші боламын деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген ол қоларбада отырып, өзін икемге келтіріп, биді кәсіби түрде меңгеруді мақсат етті. Бірнеше рет өзін сынап та көрді. Сағы да сынды. Көңілі де қалды. Алайда оның қайтпас қайсарлығы мен жігері, мақсатқа жетем деген алға талпынысы бар қиындықты еңсеруге көмектесті. Өйткені, ол қоларбада отырып-ақ, талай жарыстарда топ жарып жүр. 2016 жылы Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Одан кейін Азияның ашық чемпионатында 2-орынды жеңіп алды. Бұл жеңістер оның талабын шыңдай түсті, алға қарай талпындырды. Қытайда өткен додада бас жүлдені қанжығалады. Ол Айжан Жакулаевамен жұп болып, бір жылдан аса уақыт бойы би биледі. «Кейде биге берілгенім сонша қоларбада отырғанымды ұмытып кетемін. Тіпті ұшып жүргендей сезінемін өзімді» дейді ол. Ермек бүгінде №8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы. 2017 жылы Белгияда өткен Әлем чемпионатында 22 мемлекет арасында 5-орын, 2019 жылы Голандиядағы халықаралық турнирде 1-орын, Ресейдегі Әлем кубогында 2-орын алған.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің жетістіктері мен алға қойған мақсаттарынан еліміздің болашағы жарқын екенін аңғардық. Осынау мақтан тұтар жастарымыздың саны арта берсін дегіміз келеді!

 

 

Әділхан Маратұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *