Тараклы /Tarakli/ — Түркияның Сакарья қаласында орналасқан ерекше қалашық. Оның басқа елді мекендерден өзгешелігі — тарихында, 13 ғасырда түрік-селжуктер осы жерді басып алғаннан кейін әсем табиғатына қызығып, қоныстанып қалған екен. Мұнда Харк каньоны мен үңгірі (Hark Kanyonu ve Mağarası), Гюнгормез сарқырамасы (Güngörmez Şelalaesi), Кемер көпірі (Kemer Köprüsü), Гюрлейк (Gürleyik Deresi) және Аджису өзендері (Acısu Deresi), сондай-ақ Хамзапынар (Hamzapınar Yaylası) және Беленгермеси үстірті (Belengermezi Yaylası) орналасқан. Сондай-ақ ат басын бұрған шетелдік туристер Осман кезеңіне жататын сәулет өнерімен, тарихи құрылыстармен, қолөнермен таныса алады. Өйткені тұрғындар негізінен қасық және тарақ жасайды, Тараклы атауы да осыдан пайда болған екен. Тоғыз жолдың торабында жатқан тарихқа бай елді мекен өте жақсы сақталған. Мұнда 100-ден астам нысан мәдени құндылық ретінде тіркелген.
Тараклыдағы ең үлкен ғимарат – 1517 жылы салынған Юнус-паша мешіті орналасқан. Оны Осман империясының танымал сәулетшісі Мимар Синан тұрғызған екен. Сол кездің өзінде ғимараттың өзгеше жылыту жүйесі болған.
Сакарьяның қалың орманының арасында орналасқан, жасыл желекке малынған шағын ғана қалашықтың тағы бір ерекшелігі, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыс мұнда ерте, қараша айында түседі де наурызға дейін созылады, алайда басқа провинцияларға қарағанда қар тез еріп, сәуірде көктем келеді.
Түріктер үшін Платан ағашының орны бөлек. Ол жайында әдемі аңыз да бар. Оны бізге жол көрсетіп жүрген гид Беркан Ташан айтып берді:
«Осман түсінде жүрегінде үлкен платан ағашының өсіп шыққанын көреді. Оны айналасындағы діндарлар жақсылыққа жорып, жақында үлкен империяға иелік ететінін және оны ұзақ уақыт бойы басқаратынын айтады. Айтқанындай, түрік сұлтандары Осман империясын 600 жыл бойы басқарған екен. Ал қай жерді басып алады, сол жерге осы платан ағашын отырғызған. Сондықтан платан – Осман империясының басты символы. Бұл ағаш ұзақ уақыт өседі, мысалы, осы Тараклыда 700 жылдық платан ағашы өсіп тұр».
Тараклы елді мекені ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне алынған. Сондай-ақ 5 жыл бұрын Түркиядағы ең үздік елді мекен атағын жеңіп алған. Оны «тыныш қала» деп те атап кеткен.
Ерлан Тоқшылық.
Суреттер: Орал Амреновтікі.