Сайрам ауданында Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының даналығы жас ұрпаққа ұлықталды.
Тамыздың 9-ы күні ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай даналығы» іс-шарасы өтті. Рухани шарада аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов алғаш сөз кезегін алып, аудан тұрғындарын айтулы мерекелік күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Хакім Абайдың, қазаққа мақтаныш болған ұлы ағартушының шығармашылық мұрасын шәкірттерге кеңінен дәріптеу және кемеңгерлік кеңестерін күнделікті қолдану керектігіне тоқталды. Себебі, дара һәм дана тұлғаның жастар бойындағы білімін арттыра отырып, толыққанды тұлға ретінде қалыптасуының бірден-бір баспалдағы саналатыны анық. Біздің Абайдан үйренеріміз көп.
Осынау жас буын үшін үлгі-өнегелік, мазмұны мен мәні бөлек мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әйгілі ақынның әндерін айтып, өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Осы орайда белгілі ақын Наурызбай Жарбосынұлының «Абай» өлеңін жария ету арқылы өскелең ұрпаққа өнерге деген құрметті арттыруға болады. Сонымен:
АБАЙ
Қараңғы түннің жұлдызы—Абай,
Орамды тілдің құндызы—Абай.
Соқпақсыз тұста адастырмайтын,
Өлең-ғұмырдың күндізі—Абай.
Кемел ақылдың тереңі—Абай,
Өлең, нақылдың ерені—Абай.
Тоң-ғасырларда шоң шығатұғын,
Кемеңгерліктің кенені—Абай.
Қара сөзімнің қаймағы—Абай,
Дана сезімнің байламы—Абай.
Ғаламның төрін ойға шомдырған,
Ғұлама-жырдың байрағы—Абай.
Данышпандықтың тұғыры—Абай,
Арыстан-жұрттың ұлығы—Абай.
Қазақы сөзге қанат бітірген,
Қазақы ойдың тұнығы—Абай.
Зерделі сөздің зергері—Абай,
Елдігіміздің өрнегі—Абай.
…Өркениеттің ең биігіне
Өлең боп тұнды,—
Өлмеді Абай.
…Қазақтың тілі—Абайдың тілі,
Қазақтың мұңы—Абайдың мұңы.
Мызғымас ғасыр керуендерінде
Мәңгі жаңғырсын Абайдың жыры.
Керемет, иә!?
Бұдан бөлек, рухани жиында ұйымдастырушылар тарапынан көрермендер назарына «Бала Абай», «Дара Абай» және «Дана Абай» атты сахналық көріністер ұсынылды.
Нұртілек Тұрдымұратов.