СПОРТҚА ЖАНАШЫР АЗАМАТ

Мен онымен танысқалы біраз жылдың жүзі болды. Аты да ел деп өткен ер Махамбетке ырымдалған. Иә, Махамбет Сәтбаев мінезі ашық жігіт. Үнемі біреуге жақсылық жасағысы келіп тұрады. Ол ауданымыздағы М. Махажанов атындағы жалпы орта мектепте мұғалім.  Сөзге шешен, тойларда асабалық етеді. Осыдан 2 жыл бұрын ауданымызда  балаларға садақ ату өнерін қолға алған бұл азамат өз мақсатына жетіп отыр. Садақ ату жарысында  шәкірттерімен облыстық, республикалық додаларда топ жарып, талай белесті бағындырды. Ауданымыздың абыройын асырды. Кеше оның Түркия еліне баратынын естіп, қуанышын бөлісуге бардым. Ол өте көңілді екен. Әңгімеміз бірден арнаға түсе қойды.

  • Махамбет, жаңалық құтты болсын! Көңіл-күй қалай?
  • Өте жақсы, Нұреке. Білім іздеп, Түркияның Бурса қаласына жүргелі отырмын. Көрмеген жерге көңіл асығып сол.
  • Тамаша! Енді осы жөнінде таратып айтып берсең…
  • Түбіміз де дініміз де бір, Түрік еліндегі Қара теңіздің жағалауына жайғасқан, орманды Бурса қаласында  әлемнің ең озық  мергендері оқу дала жиыны арқылы тәжірибе алмасып, орман алқабында өтетін 3D нысанасын атуға жарысқа жиналмақ. Дәл  осы  жарысқа оқу дала жиынына ҚАЗАҚСТАННАН бес мергеннің бірі болып, САЙРАМ САДАҚ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ басшысы ретінде  шақырту қағазын алдым. Шақырту қағазы электронды нұсқа арқылы  келгенімен, ол елге барып келуім оңай шаруа емес. Бір жеңіс немесе бір  жетістікке жетуің үшін, жүз қиындықтан көз жұмып  өтуің керек.  Себебі,  қай жерде қашан қателеседі деп,  әр  қадамыңды қалт жібермей  қадағалап отырған адамдар көп болмаса да, аракідік бар екені өкінішті-ақ.  Бірақ қашанда ағысқа қарсы жүзіп,  тағдырыма  тәуекел етіп, егер жолың болып кетіп  жеңіске жетсең бақытты, ал жеңілген  жағдайда  ең болмағанда  біліміңді арттыратының айдан анық. Сондықтан алдымен өзім  үйреніп, сосын отыздан аса  шәкірттеріме  дәстүрлі садақ спортындағы озық  тәжірибелермен, жаңа техникаларымен толықтыруым  үшін   білім іздеп Бурса қаласына баруым керек деп шештім.
  • Өзіңе деген тілеулестер мұны зор қуаныш деп қабылдап, демеу болып жатқан шығар…
  • Әрине, қуанып жатқан замандастарым көп. Ауылдан шықпаған адамның ақылы ауласынан аспайтыны анық. Бір кітап оқығаннан  бір мемлекетке аяқ басып көргенің абзалырақ. Сондықтан «білім іздеп сапарға шығып тұрыңдар» дейді ғалымдарымыз. Ұлтымыздың  болашағына үлкен әсері бар, жүрегі ұлтым деп соғатын  нағыз ұлтжанды, патриоттарды тәрбиелейтін, ұлттық дәстүрлі садақ ату спортымыздың қарқынды  дамуы үшін  менің Стамбулдан ары асатын алыс сапарға белімді бекем буғанымды естіп, ауыл ағалары мен мешіт жамағаты жұма намазында қол жайып,  ақ батасын берді. Дұғаның ұшпайтын  тесігі~ашпайтын есігі жоқ. Бурса қаласына біліммен тәжірибе іздеп бара жатқанымды айтқанымда  аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы бірден қолдау білдірді. Ауданымыздағы  білікті, бір сөзді, осы бөлімнің басшысы Гүлнара Тынымбаева  ұлттық спортқа  қолдау білдіріп,  жол шығындарымның қаражатына, қиналмай барып келуіме  қамтамасыз  етілетінін айтып,  САЙРАМ оқтары Түркияда, білімімді БУРСА қаласындағы жарыста  жетілдіруіме мол  мүмкіндік беріп, сапарымның сәтті болуын тіледі.
  • Бұған дейін қалай болған еді?
  • Қиналдық деп өкінбеймін. Сайрам ауданының намысын облыстық турнирлер мен республикалық чемпионаттарда   талай өз қаржымызбен барып қарызға батып, тиынымыз таусылғанша табан тіресе қорғап жүрген еңбегіміздің еш кетпегеніне қуандық. Ә. Бөкейхан бабамыз «ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» десе,  Ы. Алтынсарин атамыз  «Алла өмірді береді, ал білімді әркім өзі ізденіп тереді» деді.   Яғни мінезбен,  біліммен ұлтқа, елге, туған жерге барынша   қызмет етуіміз керек.  Екі жылға жуықтаса да,  әлі толықтыра алмай, жинақтап жазып жатқан  ұстаздарға  арналған  педагогикалық оқу  әдістемелік кітабымды жалпы осы ұлттық спорттарға арнаудамын. Ауданымыздың білім саласында дәл осы ұлттық спортымыздың қарқынды дамуы үшін  қолдау білдіре алатын, қазақы қарапайымдылығы басым, білімді  басшысының  бары  қандай бақыт. Сайрамнан Стамбулға аман есен жетіп,  Стамбулда Мұстафа Өзтүрік ағамыздан бастап, өзімнің жаныма жақын түрік сериалындағы Осман империясының Хюрем сұлтанымен, Сұлтан Сүлеймен хандардың басына барып құран оқып, Түрік елінің астанасында бір күн қонақ болмақпыз. Ал одан соң бағытымыз  ежелден ертегі қала атанып кеткен БУРСА қаласына теңіз арқылы жол жүру. Ұлттық рухты жігерлендіретін, қазақтың қанына кіріп, сүйегіне сіңген, ұлттық дәстүрлі садақ  спортымыз  САЙРАМ  ауданында қарыштап қарқынды дамуы үшін барымды саламын.
  • Бәреклді, қашанда жолың ақ болсын. Жақсы барып келуіңе тілектеспін.

               Сұқбаттасқан Нұрғиса Төремұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған