САДАҚШЫ СӘТБАЕВ СЕРПІНІ

Аудан көлемінде ұлттық спортты, соның ішінде садақ ату спортын дамыту мақсатында М. Махажанов атындағы мектептің мұғалімі Махамбет Сәтбаев мектепте «Садақ ату» үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Әлеуметтік желідегі оқырмандар оны танып та үлгерді. Жергілікті газеттерде біздің кейіпкеріміз туралы бірнеше мақала да шықты.

«Жігітке жеті өнер де аз»- деген. Аудан халқы Махамбетті ұлағатты ұстаз, журналист, ақын, елді аузына қаратқан асаба, «спорт шебері» ретінде жақсы таниды. Махамбет Тұрарбекұлы Сәтбаев 1977 жылы Сайрам ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 2000-2005 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын өзі оқыған Ынтымақ ауылындағы М.Махажанов атындағы жалпы орта мектепте бастауыш сынып оқушыларына дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастап, қазіргі уақытқа дейін жоғарғы санаттағы мұғалім, әрі біліктілігі жоғары деңгейдегі «дәстүрлі садақ» спортының жаттықтырушысы және 2-санатты спорт төрешісі. Ол бала кезінен ұлттық спортқа қызықты. Махамбет Тұрарбекұлы Қазақстан және халықаралық журналистер Одағының мүшесі. Еңбеқорлығының арқасында республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі Дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталған. Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының тілшісі. «Сайрам садақ ату» федерациясының президенті. Садақ ату өнерін 2019 жылы Балқаш қаласында Жұмағазы Мұхамеджанов атты ұстазынан үйренген екен. «Ұстазынан озбаған шәкірт оңбас», -дегендей бүгінде өзі де 100-ден аса шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Биыл Түркістан облысының атынан бақ сынап, Қазақстан чемпионатында 5 алтын, 4 күміс, 4 қола жеңіп облыстың абыройын асқақтатты. Сайыста «Ең үздік» облыс атанып, Қазақстан кубогын иеленді. «Садақ ату» ежелден бері қанымызда бар өнер. Ойлау қабілетін дамытады, денсаулыққа пайдалы, Адамға рух беріп, көздің көру қабілетін жақсартады. Дене бітімінің сымбатты болу үшін де пайдалы, сабырлы мінез қалыптастыруға, өзін-өзі тәрбиелеуге , бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі. Өзім бала кезден садақ ату өнеріне қатты қызығатынмын. Өкініштісі, бүгінде көп адам әсіресе жастар бұл өнерді ұмытыңқырап барады. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында 2019 жылы мектептен үйірме аштым. Оқушылардың садақ атуға қызығушылық танытқаны мені одан сайын жігерлендіріп жіберді» , — деді М. Сәтбаев. Үйірмеге қатысатындардың арасында қыздар да бар. Солардың бірі – 13 жастағы Ұлпан Асылбек. Ол садақ ату спортымен үш жылдан бері айналысады. 20 метр қашықтықтан нысанаға дөп тигізіп, республикалық жарыстарда жүлделі болып үлгерген. Махамбеттің маңызды істеріне әрқашан сәттілік тілейміз. Елдің даңқын арттыра берсін!
Н. Аяптегі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *