ШАБЫТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ: АҚЫНДАРМЕН ЕРЕКШЕ КЕЗДЕСУ

 

Ақындардың өмір жолы мен шығармашылық табыстары әрдайым қызығушылық тудырып, жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Олар өздерінің жырлары арқылы тек сезім мен ойды жеткізіп қана қоймай, қоғамның өзекті мәселелерін де көтеріп, рухани жаңаруға үндейді. Осындай кездесулер арқылы жастар ақындардың шығармашылық көзқарастарымен танысып, әдебиеттің құндылықтарын тереңірек түсінеді. Бұл шаралар жас таланттардың қанаттануына, өнерге деген сүйіспеншіліктің артуына ықпал етіп, болашақ ақындар мен жазушылардың қалыптасуына негіз болмақ.

А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжде ардагер ұстаз, ақын Зияда Исатайқызы, “Мәртөбе” газетінің редакторы, ақын Нұрғиса Төремұратов және “Сайрам-тв” телеарнасының тілшісі, ақын Амалхан Төлебек жастармен жүздесті.

Бұл шара жастарға ақындардың шығармашылық әлемімен танысуға, олардың шабыт көздері мен өмір жолын жақынырақ білуге мүмкіндік берді. Сол арқылы өздеріне рухани азық алды.

Кездесу барысында ақындар өз жетістіктері жайында әңгімелеп, шығармашылық сапарларын қалай бастағандарын баяндады. Олар өз өлеңдерін оқып, студенттерге нағыз әдеби сыйлық ұсынды.

Студенттер де бұл кездесуден шабыт алып, ақындардың шығармашылығы мен өмір жолдары туралы қызықты сұрақтар қойды. Өзара түсіністік пен шығармашылық рухта өткен жиында барлығы жаңа әрі пайдалы ақпарат алды деп сенеміз.

Ә.Маратұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған