Бүгінде 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға орай үгіт-насихат іс-шаралары қарқынды жүруде. Халықтық штаб Сайрам ауданындағы Ақсу ауылының базар жұмысшыларымен кездесіп, АЭС-тің маңыздылығын түсіндірді.
«Ғылым мен техниканы одан әрі әртараптандыру — маңызды қадам. Сондықтан елімізде АЭС салу қажет» деген халық қалаулылары тұрғындармен кездесуінде АЭС салу ел үшін аса қажет екенін атап айтты.
— Президент Жолдауында АЭС салу мәселесін дұрыс көтерді деп есептеймін. Өйткені біз болашағымызда ұрпағымызға не қалдырамыз? Біз елімізді одан әрі қалай дамытамыз? Қазірдің өзінде елдегі электр энергия тапшылығы бар. Жалпы, энергия станциялары тозуы осы мәселені көтеруге алып келді. 6 қазанда өтетін референдум халықтың таңдауын жасауға, ұсыныстарын айтып, пікірлерін білдіруге мемлекет тарапынан жасалған үлкен ұсыныс. Сол себепті, әр азамат өз ойын, пікірін білдіруге мүдделі,- деді «Ауыл» партиясы САФ төрағасы Есіркеп Жайлаубеков.