САЙРАМ АУДАНЫНДА «ҒАЖАЙЫПҚА ТОЛЫ ЖАҢА ЖЫЛ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ.
Бүгін Сайрам ауданында балаларға арналған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Әдемі сән-салтанат №55 жалпы білім беретін мектепте өтті. Оған Сайрам ауданының әкімі М.Оразалиев, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Сыздықов, аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі А. Төлепбергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сағындықов және өзге де қонақтар қатысты.
Мерекелік кешке аудандық білім беру ұйымдарынан 129 бала шақырылып, барлығына аудан әкімі атынан тәтті сыйлықтар мен арнайы сөмкелер табысталды.
Іс-шара барысында аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев балаларды алда келе жатқан 2026 Жаңа жылмен құттықтады.
«Қымбатты балалар! Келе жатқан жаңа 2026 жыл құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Оқуларыңызда озат болып, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңызды әрдайым қуанта беріңіздер. Армандарыңыз орындалып, болашақта еліміздің дамуына үлес қосатын саналы азамат болып өсулеріңізге тілектеспін. Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін!» – деді аудан әкімі.
Мерекелік бағдарлама барысында жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдар көрсетті. Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.