САУАТТЫЛЫҚТА  ЫРЫС  БАР

 

   Сенімді деректерге қарасақ, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың мерзімі өткен қарызы 1,1 трлн теңгеден асады екен. Қиын ғой, бұл жағдай. Күнделікті өмір дағдылы харекет, қайталанып келе береді. Қарыздың «күліп» келіп, сосын күңірентіп кететінін ел білді. Несиенің несібені жұтатыны анық болды. Сонда адам баласы қайтпек керек? Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков 21 жасқа толмағандарға кредит беруге тыйым салуды ұсынды  Ол кредитті азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейіне қарай беру керек дегенді алға тартады. Білім беру ұйымдарында жастардың қаржылық және құқықтық сауатын ашу және алған білімді бағалау жүйесін енгізуді айтқан еді. Бұл енді көпшілік тарапынан қолдау тапса, елдегі игі істің алды болар еді.

Қазіргі біздің қоғамда  прагматизм  деген термин сөз санаға біртіндеп сіңіп келеді. Бұл  ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, келешекті жоспарлау, ысырапшылдыққа, даңғойлыққа жол бермеу деген сөз.  Бүгінде орынсыз сән-салтанат қалып барады.  Нарыққа халық үйренді. Ұстамдылық, қанағатшылдық пен үнемшілдік бар жерде тұрмыс арбасы әдемі жөңкіледі.  Жұрт қарызға батып, қайғы жұтқанды, қамсыз жүріп, қаңғып кеткенді білді. Өмірде уақытпен  бірге мақсаттар да өзгеріп отырады екен. Мүмкін қазір қолыңыз жетпеген нәрсе  сізге керек те емес шығар. Адамның жетістігі де, қаржылық сауаттылығы да – өз қолында.

3 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 338 қаулысымен  «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 — 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді.  5 тараудан тұратын тұжырымдаманың заман ағымына лайықталып жасалғаны анық.  Онда қаржылық сауаттылық және қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тиімді әрі қолжетімді ақпараттық ресурстарды, оның ішінде цифрлық ресурстарды құру туралы, қаржы ұйымдары туралы бірыңғай ақпараттық базаны, қаржылық оқыту саласындағы практикалық қолданбалы құралдарды және өзге де материалдарды қалыптастыру, бұл ақпараттың шашыраңқылығын болдырмауға көмектесетіні бәрі-бәрі  көрсетілген. Қаулының орындалуын  Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тікелей жүзеге асыратын болды.

Негізінде  мынау дүбірлі ХХІ ғасырдың адамына өз қаржысына қожайындық ету үшін адамға 3 қажеттілік керек. Олар: техникалық сауаттылық, құқықтық сауаттылық және қаржылық жоспарлау. Ол үшін сіз не істеуіңіз керек? «Жылдам хабар алғызған» интернеттегі  күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Интернеттегі домендердің дүдәмалдығына  да бақылау керек.  Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге айтуға болмайды. Аккаунттарыңызда  күрделі паролдеріңіз болғаны дұрыс. Мұны бірінші қажеттілік деңіз. Екінші, кеңседегі немесе банктегі кез келген құжатқа сақтықпен қараңыз. Асықпай әрі мұқият оқып шыққан жөн. Түсінбеген жеріңіз болса сұрауға арланбаңыз. Есіңізде болсын, сіздің  қаржылық қызметте тұтынушы ретінде құқықтарыңыз заңмен қорғалған. Сосын қаржыға байланысты соңғы жаңалықтарды оқып тұрыңыз. Ал ең соңғысы алға жоспар құру. Мәселен келешекте үй, автокөлік аламын десеңіз ұсақ-түйек шығындар сізге неге керек? Артық ақша  келіп жатса, жинай беріңіз. Тіпті  ақшадан ақша тудыру үшін оны ретін тауып айналымға салуға да болады. Біз жақта бір іскер азамат бар. Аудан орталығынан  өз шаңырағынан бөлек 4 үй алып қойған кезінде. Қазір соны отбасыларға жалға беріп қойып, ай сайын төртеуінен 300 мың теңге тауып отыр. Демек, жылжымайтын мүлік арқылы да басты істету —  қазіргі заманның белсенді әрекеті…

Ford motor Company негізін салған Генри Форд биік белеске бірден және оңай көтерілген жоқ.Механик болып мимен жұмыс істеді. Бастығының қолына қарап, тапқан аз ақшасын қанағат тұтты. Тынымсыз еңбекпен кеш жатты. Кішкене гаражында жаңа үлгідегі қозғалтқышты «тірілту» үшін тынбады. Өмірлік жұбайы Клара Брайнт та ерекше қолғабысын тигізді. Ең бастысы, онда қаржылық қуатты сезу қасиеті болды, сенім күші алға жетеледі. Жылдар жылжып, көшеге өзі жасаған көлігімен шыққанда замандастары аузын ашып, көзін жұмғаны тарихтан белгілі. Міне, қаржыға қожайындық, қаржыны қуаттау дегеніңіз осындай-ақ болар.

Қаржылық сауаттылығы бар әрбір адам отбасылық бюджетті бақылайды, қаржылық өнімдер мен қызметтерді сауатты пайдаланады.Заманауи кәсіпкер банктік карточкаларымен жұмыс істейді. Салымдар бойынша табысты есептеп, кредиттегі борышкерлік жүктелімді ұмытпайды.  Олардың дағдысына ақшалай аударымдарды сенімді жерден жіберу, коммуналдық қызметтерді уақтылы төлеу кіреді. «Теңге тиыннан құралады»-деген сөз бар. Әр тиыныңызға дейін санап, шығыс пен кірісіңізді есептеп, қарапайым шығысқа дейін ескерсек, ақшаны басқару оңай болатыны анық. Былтыр AMANAT партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында  проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.Халық арасында да жобаға деген сұраныс үлкен. Бүгінде елдегі мыңдаған азамат  осы бағытта  тәлім алып жатыр. Мұныңыз да өрлеу қарай жол деуге болады. Қаржылық сауаттылық – халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудің негізгі тетіктерінің бірі. Аталған жоба отандастарымыздың есеп-қисаптағы танымын жаңа сатыға көтереріне сеніміміз мол. Қаржылық сауаттылық пен қаржылық қауіпсіздік туралы білімнің төмен болуы қаржылық алаяқтыққа, шамадан тыс қарыздар мен әлеуметтік проблемаларға, соның ішінде депрессияға және басқа да жеке мәселелерге әкелуі мүмкін.

Жегі құрттай қоғамды кемірген сыбайлас жемқорлық та  елді қаржылық дағдарысқа әкеледі.  Ел ішінде әрбір адамның қаржылық қуатына айрықша әсер етеді. Қазақстан — дамушы ел. Сырттан, өнегеліден үйренеріміз көп. Мәселен, соғыстан кейін құлдыраған  Германия аз ғана уакытта «Маршал жоспарының» ықпалымен өркениет көшіне ілесті. Сингапурде алдымен заңдар катайтылып, сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес бюро құрылды. Шағын және орта бизнестің дамуында кездесетін түрлі әкімшілік кедергілер жойылды. Қазір олар ең дамыған мемлекеттердін үздік ондығына кіреді. Мына қызықты қараңыз. Талай жыл мемлекеттік  қызметте болған Токио губернаторы  И. Масудзоэ  өз халқының  алдында басы бәлеге калды. Жұрт оны қызметтік көлігін саяжайына бір рет мініп барғаны үшін «жемқор» деп айыптаған. Ол қызметімен қоштасарда жұмыс күнін толық аяқтап, кабинетінен шығып кетіпті…

Қазір психологтар мен модераторлар Бодо Шефердің «Қаржылық еркіндікке апарар жол», Владимир Авдениннің  «Қаржылық сауат әліппесі»  немесе Харв Экердің «Миллионер секілді ойла» т,б кітаптарды оқуға кеңес береді. Рас, бұл туындылардың қаржылық сауаттылықты арттыруға себі тиетіні анық. Ізденгеннің мұратқа жетері де белгілі. Алайда қазақ мұны әу бастан «тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады» деп бір-ақ түйіндеген. Ақша деген қан сияқты. Біздің ағзамызға қан қаншалықты керек болса, қаржы да барлық тірліктің қозғаушы күшіне айналғаны қашан. Байқайсыз ба, кез-келген өркениет, тіпті мәдениет те бизнеспен байланысты. Бизнес — есеп және табыс табу. Қажетінше бәсекелестікке төтеп беру де осыдан басталады. Сол бизнес әлеміндегі әйгілі тұлғаларға қарасаңыз, олардың көбісі көршілерінің де тәуір тұрмыс кешкенін қалаған. Мұнысы енді түсінікті. Өйткені, төңірегіңдегілер аш-жалаңаш отырғанда бір өзіңнің байығаның үнемі қауіпті.

  Қазақтың даңқты тұлғаларының бірі  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  «Жігітті кедейлікке апаратын үш тамыр: Желкедегі қырсықтық, шынтақтағы маубастық, құйрықтағы жалқаулық  тамырлары» деп атап көрсеткенінің өзі ғибрат. Осыны ұғынған мықтылық даңғылында жүрмек. Әрине, отбасы құндылықтарын көріп, имандылық иірімдерін зерделеген, әрекетте береке барын естіп өскен ұлттың ұрпағымыз. Маңдай тер, қадір мен құн қасиеттерін бойға сіңірдік. Атаның оқ жонып, ананың тон пішкенін бағамдадық. Ішер асты адал еңбекпен тапқан тамаша бір ғанибет. Ал жұмыс істеу, еңбек ету барысында адам алдында ең алдымен қаржылық сауаттылық тұрғанда ғана берекелі өмір қарсы алады.

Нұрғиса Төремұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *