Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға…

 

Кейде Абайдың осы зейінінен соң мені мынадай ой мазалайды. Рас, әр дәуірдің өз артықшылықтары кездеседі.  Кеңестік идеология кезінде «Адам – адамға дос, жолдас» дегенге үндегенде бауырмалдық та, аңғалдық та болды. Ал осы ғасыр басында  дамудың нарықтық жолына түскенімізде  «барлық жерде дамудың кепілі — бәсекелестік» деп қуандық. Бұл енді экономикамен қоса адамдар арасындағы бәсекені тудырды. Алайда тұрмыс жақсарып, техника дамығанымен  адами қарым-қатынастар құлдырап, қоғам жаңа арнаға бұрылды. Ендігі жерде әр пенде бұрынғыдай достық пейілді қойып, бәсекелестік белесіне қадам басқан секілді. Мүдделер тартысқа түскенде  амал мен айла көмекке келетіні ақиқат. Мұныңыз жарық дүние есігін ашқаннан оны қайта жапқанға дейінгі аралықтағы жұмырбастылардың іс-әрекеті болып қала бермек. Сөйтіп жүріп сауапты, ойсыз жүріп обалды ұмытпайықшы. «…Жақсы ғой ұғынысу түбі біздер, Кетеміз жер астына, жырақтарға» деппін бір өлең дәптерімде.

Осыдан біраз жыл бұрын «Сәт» триосы  тыңдағанды елжіретіп, ғажап әнмен орындаған мұзарт Мұқағалидің мына сөздері қандай тамаша, шіркін!

 

Қайтер едік, өмірге келмегенде,

Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?!

Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде,

Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде.

 

Не де болса, тәуекел, тең көреміз,

Әкел бері қайғыны тең бөлеміз!

Бірімізге-біріміз дем берейік,

Бір арбаның астында дөңгелейік.

 

Қақ бөлейік қайғыны,

Келісеміз.

Алауын да, уын да тең ішеміз.

Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге,

Тепе-тең ғып біз үшке тең бөлеміз!

 

Тайқы маңдайдағы тағдырдан теперіш көрсе де, көнбістік қасиетті аударып тастайтын рухтылардың үні ғой бұл. Желкенді жырдың жолымен сеніммен бірге мақсатқа  қарай ұшқанға не жетсін! Елімізде өмірдегі қиындықтарға мойымай, алға ұмтылуға, өз өмірдерін жақсартуға мақсат қойған мүгедектігі бар қайратты жандар қаншама… Әрине, олар да өзекті жан болған соң өмірдің ләззатын татуға толық құқы бар. Көкірегінен итергеннің көрі бүлінбесін десек, пендешілік пиғылды ысырып, олардың жан сарайын жадыратқан да бір ғанибет қой. Ғасыр бұрын қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллиннің   «Жас қазақ марсельезасында»:
Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп  тізе қос.
Ту ұстап  дұшпанға  барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.-дегені азаматтық рухты оятатын серпін болды емес пе?! Осынау мәнді жырдың жөн-жосығы бөлек . Қазір  де  қоғамдық қатынастар барысында айтылатын, өреліні өрге сүйрейтін өлең. Ұшқыннан алау тұтанар. Қазақстанда биылғы мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 711 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады екен. « Қалауын тапсаң қар жанар» дейді қазақ. Демек, бұл мемлекет халқы ретінде  олардың кәсіби жолға бағытталуы тиіс әлеуетті мамандардың ортақтастығы. Оларды  да қоғамға тарту – адамгершіліктің анық айғағы. Былтыр «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңындағы терминдерге түзетулер енгізілді. «Мүгедек» деген сөз  «мүгедектігі бар адам» дегенге ауыстырылды. Міне, онда ең бастысы адамға мән беріліп тұр.

Тап осы ділгір мәселеге мемлекетпен бірге қолдау білдіріп, қажетіне қарай түрлі жоба, жоспарларымен халықтың берекелі өмір сүруіне үлес қосып келе жатқан құзырлы  кәсіпорын бар. Ол «Шеврон» деген атпен әйгілі. «Шеврон» —  әлемдегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Елімізде мұнай мен табиғи газды, көлік отынын, жанар-жағармай мен мұнай химиясын өндіреді, сонымен қатар бизнес пен саланы жақсартатын технологияларды дамытып келеді. Компания жаңа технологияларды, ғылымды қолдайды, жас ұрпақ үшін зияткерлік мүмкіндіктерді ашады, қалалық және ауылдық мектептердің мұғалімдерін және тренерлерін оқытады.  Жаңа  жобалардың барлығын ғылым, технология, инженерлік іс, өнер, математика деген бестікке әкеп, түйсінуге болады. Ірі компанияның іргелі һәм ізгі істерін жұртшылық тамсана айтады.  Мәселен, республикалық «Robocon Games!» робототехника чемпионаты, жастар арасында ғылым мен технологияны танытуға бағытталған «Astana Science Festival» фестивалі,   13 жас пен 18 жас аралығындағы «Girls in STEM Summer Camp»  қыздар лагері,  мансапта және қоғамда табысқа жеткізуге бағытталған «Заңғар» жобасы, жастарға  арналған «FabLab Atyrau» жобаларды дамыту және құру зертханасы бәрі-бәрі осы «Шевронның» шекпенінен шығып отыр. Қазір баяғы бесжылдық деген  ұзақсонар әрекет мақұрым қалып, жыл сайын заман ағымында түрлі технологиялар жарқ етуде.  Сондайлардың бірі  «Шеврон» шапағатымен  IteachMe  жобасы мүгедектігі бар азаматтарды қуантып келеді.  ITeachMe қоры заманауи цифрлық технологияларды қолдану кезінде мүгедектігі бар жастарды әлеуметтік оңалту нәтижелерін беретіндігін дәлелдей алды. Жобаның қажетті ететін бірден бір себеп, ол екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Жоба жұмысы көбінесе soft skills лагерінде офлайн оқытудан басталады. Әр азаматтың әлеуетін ашуға көмектеседі,  бағыт көрсетіп,қанаттарандырып, өз қабілеттеріне сенімділік сыйлайды. Тұйықтау келген жандарға командада қарым-қатынас жасауға және көшбасшылық дағдыларын көрсетуге үйретеді. Мүгедектігі болса да оның  жан-жақты дамуына кедергі келтірмейтін жеке тұлғаны, азаматты және кәсіпқойды тәрбиелейді. Бұл туралы IteachMe қоғамдық қорының жоба менеджері Ұлпан Мұратбекқызы былай дейді:

  • Негізінде ITeachMe инклюзивтік білім беру жобасы мүмкіндіктері шектеулі жастарды оқытуға бағытталған. Жақында ғана ITeachMe жобасының жетінші маусымын аяқтадық. Оған Қазақстанның барлық аймақтарынан келген азаматтар қатысты. 120 студенттің ішінен финалда 110-ы бақ сынады. Әрине, бұл бірегей жобаның мүмкіндігі шектеулі жастар мен дені сау балаларды біріктірді деуге толық негіз бар. Жоба басшысы Захира Бегалиеваның айтқанындай «бұл  додаға қатысу олардың көбісіне болашақ өмірге жол ашты. Бұл жерде олар бір-біріне көмектесуді, бәсекелесудің орнына қолдауды, топта жұмыс істеуді үйренді. Жастар  алдағы уақытта  ІТ технологиясы  шекараларды жоятынына сене бастады». Жақында Бас серіктес «Шеврон» компаниясының қолдауымен  елордамыз Астанада IT стартаптар технопаркінде жетінші қатысудың бітіруші студенттерін салтанатты түрде марапаттадық. Осы жылы бізде студенттерге геймификация форматында оқу болды. Әр студенттің көрсеткішіне байланысты, кімде жоғары балл және қаншалықты жақсы оқыды, тәлімгерлердің пікірлерімен ақылдасып, қатысушыларға 100 мың теңгеден 10 коммерциялық тапсырыс және 50мың теңгеден 10 коммерциялық тапсырыс салтанатты түрде табысталды. Жеңімпаздарымыз бес мамандық бойынша оқыды. Олар: графикалық дизайн, motion design, мобилография, смм және копирайтинг, UX/UI design.

Сондай-ақ, жоба менеджерінің айтуынша  қатысушылар басты мамандықтардан бөлек қосымша: техникалық ағылшын тілі, бастапқы компьютерлік сауаттылық және шешендік өнер тренингінен өтіпті. ITeachMe қоғамдық қорының мақсаты: мүгедектігі бар жастар мен шалғай ауыл-аймақтарда тұратын жұмыссыз жастарды digital мамандықтарына оқытып, әрқайсысының әлеуеттік мәртебесін көтеріп, қоғамдық ортаға белсенді араласуға ықпал ету. Жоба барысында қатысушылардың біразы жұмысқа орналасып та үлгерген. Жастардың бірі бағдарламашы болса, үшеуі ірі техникалық компанияға әкімші болып жұмысқа кірген. Сонымен қатар олар өздері Қазақстанда ІТ технологиясы бойынша 30 іс-шара жүргізуге жоспар жасапты. Қуаныштысы сол, ITeachMe жобасы студенттерінің 90 пайызы жұмыспен қамтылған.

«TeachMe» құзыреттерді дамыту орталығы – әркімнің тең мүмкіндіктерін құруға және әлеуетін ашуға бағытталған қоғамдық қор. Онда істейтін мейірімді, білікті жандар: «Біз үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-сектор және мемлекет өкілдерін тең мүмкіндіктері бар инклюзивті қоғам құру үшін біріктіреміз, заманауи кәсіптерді үйретеміз және өзіміздің мықты нұсқамыз болуға шабыттандырамыз.» дегенді алға тартады. Және осы жолда маңдай терін төгеді. «Жақсылық жалғаса берсін» дегенді біз де шынайы алғыспен айтамыз,

 

Бұл деректер шарайнада шағылысқан «Шеврондық» шуақтың жүздеген қайырымдылығынан бір-екі мысал ғана. Әлеуметтік желі мен отандық БАҚтарда мұндай іс-шаралардың сан түрі айшықталды да. Әңгіме мынада. «Берген үндемесін, алған айтсын» депті испан қаламгері Мигел де Сервантес. Бұл қанатты сөз қазаққа да жат емес. Өмірде біздің де біреуге ісіміз түседі. Біреулерге біз де көмек қолын созамыз. Алма-кезек дүние бұл. Ғұламалар «жүрген жерлеріңде қайырымдылықты елге айтып жүріңдер, сонда жақсылық көбейеді. Керісінше жамандықты айта берсеңдер оны көбейтіп аласыңдар» деп үйретеді екен.

Ертеде құм ішінде мал іздеген түйелі адам жалғыз өзі келе жатып, аш-жалаңаш жүрген бір мүсәпірге кездесіпті. Зарланып отырып мұңын шаққан әлгіге түйекеш қоржынындағы сусын, тамақтан беріпті. Әлденіп алған мүсәпір түйекешті лезде байлап тастап, түйесіне мініп кете беріпті. Қайырым жасаймын деп барынан айрылған түйекеш әлгі қудың артынан айғайлап:

  • Бір өтінішім бар,соны тыңдап кет,-депті. «Не айтар екен?» деген әлгі қу артына бұрылады.
  • Ал, не айтасың?
  • Жалғыз тілегім – осы маған істегеніңді ешкімге айтушы болма.
  • Айтсам не болады?
  • Айтсаң, адамдар шөлде адасқан жандарға қайырылып қарамайтын қатігез болады. Мен содан қорқамын,-деген екен түйекеш қамығып…

Солай… өмір мұғжизаға (таңғажайып) толы. Жалпақ әлемде қайырым-шапағаттың да зор орны бар. Осы тәмсілден ұғынғанымыздай, «Шеврон» әлеуметтік жақсылығы жайлы үндемейді, оны осы компаниядан шапағат көргендер сезінсе керек. Мүгедектігі бар азаматтар алақанын жүрегіне қойып  жылы лебізін айтса, біз сияқты журналистер жария етеді, халық оны зердесіне тоқиды.

 

Нұрғиса Төремұратов.

Түркістан облысы,

 Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінің редакторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған