АҚЫНДАР МЕКТЕПКЕ БАРДЫ

 

Ақын – елдің ардағы. Осынау сөзді біраздан бері естімедік деп жүргенде әдемі бір іс-шараның куәсі болдық. Ұлттық мереке – Республика күніне орай Сайрам ауданы Ақсу аылындағы Сұраншы батыр атындағы N97 жалпы орта мектепте қазақ тілі пәні әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен «Топырақ жыр—торқа жыр» атты оқушылардың жергілікті ақындармен кездесу кеші өтті. Поэзиялық жүздесуге аға буын өкілі, ақын, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Әлібек Байназар, орта буыннан «Мәртөбе» газетінің редакторы, ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Нұрғиса Төремұратов,  жас буыннан «ELNUR TV» телеарнасының тілшісі,ақын Амалхан  Төлебек арнайы шақырылды. Әдемі ұйымдастырылған кездесуде осы мектептің оқушылары ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, ән мен биден шашу шашты. Бастысы, оларды отансүйгіштік ,туған жер, адамгершілік тақырыбындағы өлеңдер тебірентті. Әрине, кездесу кеші ақындарға сұрақ қойып, одан тұшымды жауап алумен де әрленді. Әр баланың білгісі келетіні көп. Олар ақындардан «кімді кумир тұтасыз, кезінде кімге еліктеп өлең жаздыңыз, жылдың қай мезгілі ұнайды?» деген сияқты сұрақтарын қойды.  «Сайрам ауданында ақын көп емес, олардың жырын жатқа оқу өскелең ұрпақтың міндеттерінің біріне айналса, жақсы болар еді» деген Әлібек Байназар ақсақалдың пікірі көпшілікті біраз ойға жетеледі. Қазақтың қара өлеңі жаңғырған кеште мектеп директоры  Айымторы Жүсеева осынау кештің тәрбиелік мәні мен жерлес ақындардың беделін тереңдете айтты. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Бақыт Сазабай мен Азизбек Қайназаров іс-шараның көркін жылы лебіздерімен қыздырды. Ұлттық ұстаным, өлең құдыреті жайлы айтылған кездесу еркін форматта жүрді.

Жалпы, поэзияның адамзатты рухани тәрбиелеуде орны ерекше. Өлең мен өнер сүйген жаннан жамандық шықпайды. Қазіргі қоғамда жас ұрпақ технологиямен бірге ізгілік иірімдерін де ұғына түсуі керек. Дидарласу барысында оқушылармен қоса мұғалімдердің де өлең-жырға сусындап қалғаны олардың қол шапалақтап, демеу беріп отырғандарынан сезілді.  Сондай-ақ, бұл мектептен байқағанымыздай апталық барысында әлем таныған Әуезовке арнайы бұрыш ұйымдастырып, эстетикалық һәм  жазушылық өнерді барынша насихаттапты. Рас, смартфонды көп ұстайтын оқушыға бір сәт кітап парақтап, іздегенін әдебиеттен тапса, одан артық білім мен тәрбие табылар ма екен?! Қорыта айтқанда Сұраншы батыр атындағы N97 жалпы орта мектеп ұжымы бұл кешке тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Ал ұялыңқырап, балалық көрсеткен жеткіншектер әлі-ақ талай топта, талай басқосуларда жарқырайтынына сенеміз.

Нұртілек Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған